Quantcast
Channel: Зерттеу | National Geographic Qazaqstan
Viewing all 593 articles
Browse latest View live

Ауыр сын түскен қауырсын

$
0
0

Бұл колибриді, бәлкім, айырсадақпен атып алған да шығар, ол енді махаббаттың бойтұмары ретінде базарда тұр.

«Егер құсқа қандай да бір залалын тигізер болса, ол күллі тұмса табиғатқа жасалған қылмыс деп есептеймін». Тергеуші-орнитолог Пеппер Трайлдың (жоғарыда, Орегон штатындағы Ашланд зертханасында) көзқарасы осындай. АҚШ-та бұл пікірдегі екі адам болса, ол – соның бірі.

Трайлдың жұмысы өте қиын. Ол табиғат қорғау саласында құзыретті органдар жіберген өлекседен сынама алады. Содан кейін оған сараптама жүргізеді. Кейде ол құсты бірден тани алмаса, қауырсынның сынамасы мен көлемінен бастап, оған ұзақ уақыт зерттеу жүргізеді. Құстың дерегі анықталған сәтте Трайлдың жұмысы да тәмам. Ол АҚШ Балық және жабайы жануарларды қорғау қызметінің өкілдері сияқты қажет жағдайда ДНҚ сараптамасын алып, өлім себебін анықтау үшін қосымша зерттеу жүргізеді.

Әдетте құстарға оқ тиеді немесе тұзаққа түседі. Бірқатары жасырын сауда барысында опат болады. Енді бірінің өлексесі аксессуар мен тұмарға айналып кетеді. Мысалы, кептірілген колибри Мексикада махаббат бойтұмары ретінде (chuparosas) сатылатынын Трайл көптен байқап жүр.

Ол жылына шамамен 100 құсқа қатысты қылмыстық істі тергейді және олар объективті болуы қажет, алайда арасында эмоцияға ерік беретін кездері де болып тұрады. «Құстың өлгенін білу қандай қиын, – дейді ол, – алайда бұл мәселеге жұрт назарын аударта алсам, бақытты болғаным».

Авторы: Кэтрин Цукерман, фото: Том Фоулкс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Арамза құстар арамызда жүр

$
0
0

Америкалық ақбас бүркіттер мен құзғындар Аляска, Алеут аралдары, Уналяска қаласы маңында – қоқыс қалдықтарымен қоректенуде.

Өткен жылы қаңтарда Уналяска аралында Суизи Голодов ыдысына ыстық кофесін құйып алып, аяғына бәтіңкесін іле сала сыртқа шықты. Cөйтті де шабуылға тап болды. «Олар менің үйден шыққанымды бақылап, қолымда бірдеңенің барын көріп, күтіп тұрғанына күмәнім жоқ, – дейді ол, – саусағымнан айырылып қала жаздадым».

Оған шабуылдаған ақбас бүркіттер еді. «Датч-Харбор көгершіндері» (Haliae etusleucocephalus) деп аталатын бүркіттің осы түрі Беринг теңізіндегі Алеут аралдарында, балық айлағы маңында танымал.

Әсіресе, балық аулау маусымы кезінде, шамамен 4400 адам мекендейтін осы ауданға жүздеген бүркіт «қалдық тазалау» үшін ұшып келіп, ұя салады. Олар биік телефон бағаналары мен бағдаршамдарға қонып, өздерінің келгендерінен хабар береді. Көбею маусымы кезінде тым жақын жерде жүрген адамдарға шабуыл жасап, кейбірі адамдарды тіпті жаралап та кетеді.

Бүркіт дегенде біз, ең алдымен, мөлдір судан көксерке іліп алатын Американың айбынды құсын елестетеміз. Бірақ мұнда сіз бұзақы, жүгенсіз, қияңқы бүркітті көресіз. Олар аулап жейтін балық болмаса, шағала, үйрек, тиін, тышқан, қоқыстағы шіріген ет немесе баланың қолынан жұлып алған бір тілім пепперони пиццасымен де қоректене береді. Біз секілді бүркіттер де қоршаған ортаға бейімделеді.

Авторы: Лаурель Врайтман, фото: Корей Арнольд


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Құрдымға ұшқан құстар

$
0
0

Жеті құрлықты тегіс жайлаған құстар әлемі экожүйенің тепе-теңдігі үшін аса маңызды. 1500 жылдан бері тіркеуге алына бастаған құстардың кейбірі тіпті жойылып кетіп те жатты. Отарлау кезеңінде – әлемдік сауда-саттық қыза бастаған шақта тропикалық аймақтың биоалуантүрлі құстары мекенінен айырылып, үлкен қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) мен Bird Life International ұйымы бірігіп әзірлеген мәліметке сенсек, бүгінге дейін жер бетінен 200-ге тарта құс түрі мәңгіге жо­йылып кеткен және одан да көп түріне жойылып кету қаупі төніп тұр. Ал қалған құстардың көпшілігі бүгінгі «қатаң шарттарға» көнген.

АЛБЕРТО ЛУКАС ЛОПЕС ЖӘНЕ РАЙАН Т.УИЛЛЬЯМС, NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕРЕККӨЗ: BIRDLIFE INTERNATIONAL. БҰЛ САНАТТА ЖОЙЫЛУ АЛДЫНДАҒЫЛАР МЕН ТАБИҒАТТА ЖОЙЫЛҒАНДАР ДА БАР.

Авторы: Ив Конант


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қанат ізі

$
0
0

Скогафосс сарқырамасынан жоғары ұшып бара жатқан солтүстік шағаласы найзағайға ұқсас із қалдырады.

Құстардың әуедегі көзге көрінбес іздерін суретке түсірумен айналысатын фотографпен танысыңыз.

Eгер құстар аспанда із қалдырар болса, ол қалай көрінер еді? Бұл сұрақ барселоналық фотограф Ксави Боуды жылдар бойы толғандырды. «Жыланның құм үстімен сыр­ғыған кезде қалатын ирелеңдеген ізі тәрізді аспан әлемінде самғап жүрген құстардың да өзіндік белгісі болуы тиіс», – деп пайымдайды ол. Бірақ арнайы құралдардың көмегінсіз көкке қанша көз тіккенімізбен ұшып жүрген құстардың ізін көре алмайтынымыз анық. 38 жастағы Боу соңғы бес жылын құстар соңындағы түсініксіз бейнені суретке түсіруге арнапты. Өз сөзімен айтқанда, ол белгісізді белгілі ету жолында күшін сарп етіп жүр.

Кезқұйрық ізі әуедегі жыландай көрінеді. Испаниядағы жабайы өмірге бай Естани Д’Иварыс-и-Вилла Сана елді мекеніндегі сазды жер 1950 жылдары ауыл шаруа­шылығы кең етек жайған кезде тозып кетсе, ал 2005 жылы қайта қалпына келді.

Ол бейнекамерамен жұмыс істеуді құп көреді. Құстардың қозғалыс кезіндегі әрекетін таспаға түсірген соң Боу видеоэпизодтың бір бөлігін таңдап алып, жеке кадрларды бір суретке топтастырады. Бұл процесті ол фильм жасау деп есептейді. Боу соңғы нәтиженің қалай болатынын алдын ала айта алмайды.

Бізтұмсық шағаладан бастап, торғайға дейін фотограф Ксави Боудың нысанасына ілінді. Ол суреттерді ойдағыдай шығару үшін жоғары сапалы бейнекамера қолданады. Боу бала кезінде Барселонаға жақын Лобрегат-Ривер-Делта ауылында тұратын атасымен бірге серуенге шығып, ұзақ уақыт жүретін. Оның құс ізіне құмарлығы сол кезден басталды.

Ол «орнитография» деп аталатын бұл жобаны бастамас бұрын Барселонада геология және фотосурет саласында ғылыми атаққа ие болған. Кейін ол сән әлемінде жарық түсіруші маман ретінде жұмыс істеп, кино түсіретін «Пост­продакшн» студиясының серіктесі болды. Оның қазіргі жұмысы әуес ісі мен мамандығын ұштастырып тұр. «Бұл – техникалық қиын әрі қызықты кәсіп. Бұл – өз қалауымдағыдай табиғат пен суреттің байланысы», – дейді.

Испания. Роза қалашығының маңындағы шағалалар жасаған таңғажайып бейне.

Автор: Катрин Цукерман, фото-иллюстрациялар: Ксави Боу


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жасанды қанат

$
0
0

Festo компаниясы өндірген SmartBird орнитоптері өте жақсы ұшады, өйткені ол нағыз құстар секілді «қанаттарын» қаққан сайын бүге алады.

Қашықтықтан басқарылатын дрондар мемлекеттік органдар, ғалымдар мен кинематогрофтар – жалпы әлемге құс көзімен қарағысы келгендер үшін аса бағалы құралға айналды.

Айналма қанатты «орнитоптер» деп аталатын бұл құралдың екі артықшылығы бар. Мына фотодағы құрылғы SmartBird деп аталады, оның «қанаттарының» құлашы – екі метрге дейін жетеді және ол боз шағала үлгісінде жасалған. Ол аспанда дыбыссыз әрі ширақ қимылдайды. Тар қуысты жерлерді де түсіре алады.

Дрон жасаушылардың айтуынша, оның артықшылығы сол, бұл құрылғылар қауырсындары бірінің үстін бірі жауып, қанаттарының көлемін өзгерте алатын құстарға ұқсас жасалған. Мәселен, ителгі-лашын осы әдіспен сағатына 350 шақырым жылдамдықпен әуеден төмен құлдилай алады. «Бұлай істей алатын әуе роботын білмеймін», – дейді биологиялық ұшуды зерттеуші Стэндфорд университетінің инженер-механигі Дэйвид Лентинк.

Авторы: Брэндан Борелл, фото: Макс Пинкерс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Құстар – біздің достар

$
0
0

Баррабанда тотықұсы Polytelis swainsonii. Аустралияның оңтүстік-шығысында мекендейтін баррабанда – ғаламшардағы 10 000 құстың бірі ғана. «Құстарға қамқор болу – жауапкершілік жүгі аса ауыр мәселелердің бірі», – дейді табиғат жанашыры Т. Лавджой.

 

Олардың табиғатқа пайдасынан бөлек, адам жанына да әсері бар. Биылғы жылды біз құстарды зерттеуге, неліктен оларсыз өмір сүре алмайтынымызды саралауға арнамақпыз.

Өмірімде құстарға жіті мән бермеппін. Қырықтың қыр­қасына шыққан шағымда сайраған ементұмсық не тауи дауысын естігенде жүрегі дір ететін адамға айналдым. Америкалық татрең жақын маңайда жүрсе, шаба жөнелетін болдым. Өйткені ол – сонау Аляскадан ұшып келген, қауырсыны алтын түстес әдемі құс. Әлдекімдер құстардың мен үшін неліктен маңыз­ды екенін сұрағанда күрсініп, бас шайқаудан басқа амал таппадым. Дегенмен ол – орынды қойылатын сұрақ. Американың Құстарды қорғау заңының жүзінші жылында ойланарлық сұрақ: Құстар бізге не үшін керек осы?

Жауабымды қанаттылар патшалығынан бастау­ға болады. Егер әлемдегі әр құсты жеке-жеке көрген болсаңыз, әлемді түгел көргендей болар едіңіз және ондай жерлерде құстардан басқа жан-жануар тіршілік етпейтіндей көрінеді.

Қызыл қоқиқаз, Phoenicopterus ruber. Қоқиқаз дүниеге ақ қауырсындарымен келеді, оның көрікті түсі ұлу, шаян тәрізділер және балдыр құрамындағы «каротиноидтер» деп аталатын органикалық пигменттерден түзіледі. Ал оның тұмсығы жемін сүзгіден өткізуге көмектеседі.

ФОТО НЕБРАСКА ШТАТЫНДА ЛИНКОЛЬН БАЛАЛАР ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Осындай сан алуан мекендерде тіршілік ету үшін әлемдегі он мыңнан асатын құс түрі эволюция нәтижесінде таңғажайып алуан түрлер пайда болды. Олардың дене көлемдері де түрліше: ең алыбы – түйеқұстың бойы екі жарым метрден асады және ол Африкада кең таралған. Ал ең кішкентай құс – ара-колибри. Атауы дәл қойылған бұл құс тек Кубада кездеседі. Құстардың ішінде тұмсығы үлкендері де (бірқазандар, шоттұмсықтар), титімдейі де (қысқа тұмсық құс), тұмсығы денесімен бірдей (қылыш тұмсық колибри) түрлері де кездеседі. Кей құстар, мәселен, Техастың боялған кардиналы, Оңтүстік Азиядағы сарыбауыр шірнеші құс, Австралиядағы түрлі-түсті тотықұстардың түстері кез келген гүлдердей әдемі. Кей құстардан қоңыр түстің түрлі реңін байқауға болады.

Мінез-құлқы бойынша да құстар сан алуан. Кейбірі – тым топшыл, кейбірі – «даралықты сүйеді». Африканың қызылтұмсық тоқымашылары мен қоқиқаздар миллиондаған үйірімен тіршілік етсе, ұзынқұйрық тотықұстар шыбықтардан тұтастай тотықұс қалашығын соғады. Сушылқаралар су астында жалғыз жүзеді және кез келген альбатрос құлашы үш метрлік қанаттарымен басқа альбатростардан 800 шақырым қашықтыққа ұзап кете алады. Артымнан қалмай ілескен Жаңа Зеландияның желпуіш құйрықты торғайы тәріздес доспейіл құстарды да көрдім. Тым ұзақ қадала қараған кезде төменге құлдилай келіп, басымды шұқымақ болған Чилидің қарқарасы сияқты ашушаң құстарды да көрдім. Жол бойы көкектер тобымен жүріп ысылдағыш улы жыланды өлтіріп, азық етеді. Ара зиянкестері аралармен қоректенеді. Жапырақ лақтырғыштар (Sclerurusmexicanus) жапырақтарды шашады. Қалың тұмсықты қайралар су астына 200 метр­ге дейін сүңги алады, лашындар жоғарыдан төмен қарай сағатына 385 шақырым жылдамдықпен құлдилай алады. Ротакоа бар өмірін бір тоғанды айналсоқтап сарп етсе, көк бұлбұл Перуге ұшып барып, бір жыл бұрын ұя салған Нью-Джерсидегі ағашын қайта тауып келе алады.

Қосмүйіз калао, Buceros bicornis. Тұмсығы қолағаштай, қанаттарының құлашы екі метрге жететін қосмүйіз калао – оңтүстік-шығыс Азия ормандарының әуе патшасы. Ол ақ-қара қауырсыны және сарғыштау реңімен ерекшеленеді.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАЯҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құстар мамық жүнді және сүйкімді келе бермейді, бір жағынан, олар бізге басқа сүтқоректілерге қарағанда көбірек ұқсайды. Олар күрделі құрылымды үй салып, оның ішінде балапандарын өрбітеді. Қыста жылы жаққа ұшып барып ұзаққа «демалысқа кетеді». Какаду – данышпан құс, олар шимпанзелерге қиын «жұмбақтарды» шеше алады, ал қарғалар болса ойнағанды ұнатады. Бұларды былай қойғанда, құстар адамдар сияқты әлемді әуенмен тербетеді. Бұлбұлдар – Еуропа төңірегінде, барылдақ торғайлар – Кито қаласының орталығында, хвамейлер Чэнду қаласында сайрайды. Сарышымшықтардың жыртқыштардан қауіпті немесе қауіпсіз екенін білдіретін «тілі» күрделі, олар бір-бірін түсінеді, жақын маңайдағы басқа да құстар оларды түсінеді. Австралия­ның шығысында тіршілік ететін лирақұйрық торғайлар шамамен бір ғасыр бұрын «бабалары» осында қоныстанғандардың сыбыз­ғысынан үйренген әуенде дыбыс шығарады. Егер лирақұйрықты тым көп суретке түсірсеңіз, ол фотоаппаратыңыздың дыбысын өз «репертуарына» қосып алады.

Сары иекті розелла, Platycercus icterotis. Австралияда мекендейтін жанасқыш құс – сары иекті розелланың жұптасып жем іздеп жүргенін байқауға болады. Қазір бұл құс заңмен қорғалады, алайда олардың тіршілік ететін ортасы тарылып барады.

ФОТО АЙОВА ШТАТЫ, ДЕ-МОИН ҚАЛАСЫНДАҒЫ BLANK PARK ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Бірақ құстар біздің жанымыз қалайтын, түсімізде болмаса өңімізде қолымыздан келмейтін бір нәрсені істей алады: олар ұшады. Бүркіттер күш жұмсамастан жылы ауа ағынымен көкке самғаса, колибрилер ауада қалқып тұра алады. Калифорния бөденелері лезде пыр ете түседі. Бәрін қоса алғанда, құстардың ұшатын жолдары ғаламшарды 100 миллиард рет орайды: бір ағаштан – екіншісіне, бір континенттен – келесісіне. Көбейгеннен кейін сұр қарлығаш бір жылдай әуеде ұшып жүреді. Ол Африканың Сахарадан төменгі бөлігіне барып-қайту «әуе саяхатында» жерге түспей қоректенеді, түлейді және ұйықтайды. Жас альбатростар ашық мұхитты 10 жылға дейін шарлап жүре береді. Жағалау құстарына жататын құмдауықтар Отты жер аралы мен канадалық Арктика арасында жылда әрлі-берлі ұшып жүреді. Аяғына В95 деп белгі салынған құмдауық Жер мен Ай арасындағы қашықтықтан да ұзақ ұшқан.

Сақиналы үйрек, Callonetta leucophrys. Көкіректері түйіскен мына сақиналы үйректер (аталығы сол жақта) Оңтүстік Американы мекендейді. Көбею маусымында бірқатар құс ажырамайтын жұп құрады. Қазіргі уақытта генетикалық сынақтардан аталықтар да, аналықтар да өз әлеуметтік жұптарынан басқа серіктес іздейтінін білеміз.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОЛЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Алайда адам баласы құстарда жоқ аса маңызды бір қабілетке ие: өз қоршаған ортасын басқару. Құстар өз жерлерін қорғай алмайды, ұяларындағы ауаны да салқындата алмайды. Олардың бойында тек инстинкт пен эволюция мұраға қалдырған физикалық қабілеттер ғана бар. Ал сол қабілеттер олардың 150 миллион жылдан бері үздіксіз тіршілік етуіне оң әсер етуде.

Соңғы антропоценде құндылық ұғымы толықтай дерлік экономикалық құндылықты, тек адамға ғана келтірер пайданы білдіретін болғандықтан шығар көптеген жабайы құс адамның азығына айналды. Ал ондай құстардың кейбірі зиянкес жәндіктер мен кеміргіштерді жейтінін ескерсек, өсімдіктердің тозаңдануы бәсеңдегені сөзсіз. Сондықтан құстар популяциясы экологиялық ахуалдың маңызды көрсеткіштері ретінде қызмет атқарады деген дәйектерді де естуіңіз мүмкін. Бірақ расымен, батпақтардың шамадан тыс ластанып, ормандардың оталып-өртеніп кеткендігін, не балықшылықтың сарқылғанын білдіру үшін құстардың жойылуы керек пе еді?

Қаратамақ жорғаторғай, Cyanocorax colliei. Қаратамақ жорғаторғайдың қырылдаған дауысы ол тіршілік ететін Мексиканың батысында жиі естіледі. Сауысқандар, қарғалар, жорғаторғайлар мен басқа да қарға тұқымдастар кербез құстарға жатады.

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДАҒЫ ТҮСІРІЛГЕН


Құстар популяциясы біздің әдеп құндылығымыздың ахуалын көрсетеді. Жабайы құстардың маңыздылығының бір себебі – олар біздің онсыз да түгесіліп бара жатқан табиғат әлемімен соңғы әрі ең жақсы байланысымыз. Олар әлдеқашан жер басып жүрген ең ірі жануарлармен тағдырлас: терезеңіздің сыртындағы мексикалық жасымық – титімдей және өмірге керемет бейімделген динозаврдың бір түрі. Сіз тұратын жердің суында жүзіп жүрген барылдауық үйректердің осыдан 20 миллион жыл бұрын әлемді құстар билеген Миоцендік кезеңдегі үйректен айырмашылығы шамалы. Әуе кеңістігін қауырсынсыз дрондар толтырған және ұялы телефондарымыздағы «ашулы құстармен» ойнауға болатын мына жасанды әлемде табиғи ортаның өз өкілдерін әлпештеп-қолпаштауды қажет деп таппауымыз мүмкін. Себебі біз үшін ең құнды дүние экономикалық, қаржылық көрсеткіштер боп кетті. Ал құстарды ұмыту дегеніміз өз діңімізді ұмытумен тең екенін ескермейміз.

«Құстарды қорғайық, бірақ адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым екіұдай мағына береді. Бұл – адамның жануардан ешбір артықшылығы жоқ, біздің фундаменталдық менменшілдігіміз, дүние өртеніп кетсе де, әрқашан генімізді қайталайтын және барынша көп ләззат алуға талпындыратын тірлікке сүйрейді. Бұл – арсыз реалис­тердің көзқарасы, олар үшін табиғатқа деген алаңдау­шылық, сезімталдықтың жалықтырар бір түрі ғана. Бұл – теріске шығаруға келмейтін көзқарас және өзін үмітсіз менменшіл деп мойындайтын кез келген жанға тән. Алайда «адамзат – алдыңғы орында» деген тұжырым теріс мағына да бере алады: біздің нәсіліміз дүниенің ресурстарын монополиялап алуға бейімделген. Өйткені біз саналымыз және өз еркіміз өзімізде, өткенді есте сақтайтын және болашақты жоспарлайтын қабілетіміз бар. Осы кереғар көзқарас діншіл топтар мен за­йырлы гуманистер – екеуінің де арасында бар және ол да дәлелдеуге келмейтіндей дұрыс та, бұрыс та емес. Бірақ ол бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіндей. Егер біз жануарлардан жоғары тұрсақ, бізде дұрысты қатеден айыра алатын қабілетіміз бола тұра біз неге табиғаттың шағымына бейқам қала береміз? Сонда қалай ерекше қабілет ерекше жауапкершілікпен қатар жүрмейтін болғаны ма?

Ақбет жапалақ, Ptilopsis leucotis. Ақбет жапалақ Африканың Сахара шөлінен төмен аймағында тіршілік етеді. Басқа жапалақ тұқымдастар тәрізді ол да – қырағы түн жыртқышы. Оның есту және көру қабілеті жоғары, жемтікке үнсіз ұшып келіп бас салуына мүмкіндік береді.

ЦИНЦИННАТИ ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН ФОТО


Бірнеше жыл бұрын Үндістанның солтүстік-шығысындағы орманда жүргенімде ритмді терең ысқырық естідім. Ол метеорологиялық дыбысқа ұқсады, бірақ бұл жеміс ағашына қонғалы жатқан қосмүйіз калаолар жұбының қанат қағуы болатын. Олардың тұмсықтары – сары, ерекше үлкен болады екен. Ағаш бойымен өрмелей отырып, бейқам күйде жеміс жегендерін көргенде қуанғанымнан айғайлап жіберіппін. Бұл сезім менің қалауым мен бойымдағы сезімдерден мүлде бөлек еді. Бұл – осындай алып мүйізтұмсық құстың бары жөніндегі абсолютті керемет факт, бірақ мен оны дәлелдеуге қауқарсыз едім.

Ерекшелігі – олар әрі әдемі, әрі байсалды. Олар үнемі біздің қасымызда, бірақ бізге ұқсамайды. Құстар нақ осы шақта тіршілік етеді. Қазіргі шақта біздің мысықтарымыз, торларымыз бен пестицидтеріміз (тыңайт­қыш түрі) оларды күн сайын миллиардтап өлтіріп жатса да олардың әлемі әлі де тірі. Дүниенің әр бұрышындағы ұяларда жұмырт­қаны жарып шығып сарыауыз балапандар жарық дүниеге келіп жатыр.

Автор: Джонатан Франзен, фото: Джоэль Сартор


Әнші балапан. Ерте оянған кезде құстардың әлдебір әуеніне елітуіңіз әбден мүмкін. Сайрағыш құстар әлемдегі құс түрлерінің жартысына жуығына тең. Түйсіктік шырылдауға қарағанда еліктегіш құс сайрауының экстравагантты күрделі дыбыс тоны, ритмі және құрылымы ерте жаста үйренуді қажет етеді.

Лирақұйрық торғай, Menura novaehollandiae. Австралияда тіршілік ететін лирақұйрық торғай – па-родия шебері. Аналықтарының назарын аудару үшін аталықтары басқа да құстардың дауысын сала-ды. Кейбірі көлік сигналын, фотоаппарат шыртылын имитациялаған.

ФОТО АВСТРАЛИЯДАҒЫ HEALESVILLE ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Киркланд сандуғашы, Setophaga kirtlandii. Киркланд сандуғашы өзі ұя салатын Банкс қарағайы діңге-гін қажет ететіндіктен, табиғи өртке тәуелді. Аталықтары аналықтардың назарын аудару үшін әнде-те бастайды.

ФОТО МИЧИГАН ШТАТЫНДАҒЫ МИО ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Кардинал сары торғай, Passerina ciris. Үсті-басы балалардың бояу қорабына малынып шыққандай түрлі-түсті сары торғай – Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-шығысына тән сайрауық құс. Жұптасу кезеңінде аталықтары дуэт құрып бір-бірімен ән айтысын жасайды.

ФОТО ТЕХАС ШТАТЫНДАҒЫ КРИСТОВАЛ ТАБИҒИ МЕКЕНІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Протонотариус, Protonotaria citrea. АҚШ-тың оңтүстік-шығысындағы батпақты ормандарында жаз-дыгүні протонотариустың ағаштардың ұшар басында үздіксіз сайраған дауысын естуге болады. Олар ерте көктемде Орталық және Оңтүстік Американың солтүстігінен ұшып келеді.

ФОТО ВИРДЖИНИЯ ОКЕАНАРИУМЫНДА ЖӘНЕ ТЕҢІЗ ҒЫЛЫМЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Құрал – тұмсық. «Тұмсықтың пішіні әр құстың эволюциясы мен тірі қалуы жөніндегі сындарлы тарихтан сыр шертеді», – деп жазады Ноа Стрикер құстар жөніндегі «Фото-араша» жобасында. Торғайдың тұмсығы дәндерді шағып жеуге көмектессе, ал қаршығаның өткір, ілмекті тұмсығы жемтікті тез іліп әкетеді.

Хатшы құс, Sagittarius serpentarius. Сирағы ерекше ұзын, мінез-құлқы қатаң, хатшы құс тырна мен бүркіт арасындағы әлдебір түрге ұқсайды. Оның ілмекті тұмсығы жыртқыштығынан хабар береді.

ФОТО ТОРОНТО ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Ақбас үйрек, Oxyura leucocephala. Түрі жойылып бара жатқан ақбас үйрек Испания, Солтүстік Африка мен Орталық Азияны мекендейді. Олардың жалпақ тұмсықтары судағы қоректі сезу үшін жұмсақ келеді және жәндіктерді, сүзіп алуға арналған тарақтай тістері бар.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, СКОТЛЕНД НЕК ҚАЛАСЫНДАҒЫ SYLVAN HEIGHTS ҚҰСТАР БАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Король пингвині, Aptenodytes patagonicus. Король пингвинінің шабақтар мен моллюскаларды ау-лауға керемет икемді тұмсығындағы алқызыл және сары дақтар адам көзіне көрінбегенімен өздеріне байқалатын ультракүлгін сәуле шығарады.

ФОТО ИНДИАНАПОЛИС ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Америкалық шалшықшы, Numenius americanus. Қанаттарының құлашы бір метрге жететін шал-шықшылар – Солтүстік Американың жағалау құстары ішіндегі ең ірісі. Қыста олар Мексика жағалау-ларында ас шаянын аулау үшін өз атына сай қасиетін пайдаланады.

ФОТО СОЛТ-ЛЕЙК-СИТИ ҚАЛАСЫНДАҒЫ TRACY AVIARY САЯБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Сәннен сапаға көшу. Қауырсындар алғаш құс денесінде емес, құстар эволюциясына дейін динозаврларда пайда болды, тіпті кейбір ертеректегі тиранозаврларда да қауырсынның аса жетіле қоймаған түрі болған. Динозаврлар тұқымынан жалғыз қалған тізбек – құстар күрделірек қауырсынға ие болды.

Малай тауыс қырғауылы, Polyplectron malacense. Малай тауыс қырғауылы аналықтарға әсер ету үшін құйрығын жайып, ерекше желпуіш жасайды. Тауыс қырғауылы тіршілік ететін ормандар егістік алқаптарға айналуына байланысты олардың түрі мен саны күрт азайып кетті.

ФОТО СОЛТҮСТІК КАРОЛИНА ШТАТЫ, КЛИНТОН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒАУЫЛ БАҒЫНДА ТҮСІРІЛДІ

Басты көмкерген сәнді қауырсындар тек бүгінгі құстарда ғана емес, динозаврлар мен олардың арғы туыстары птерозаврларда да болған. Солдан оңға қарай, жоғарыдан бастап: қызыл желпуіш басты тотықұс (Deroptyus accipitrinus), көк тәжді тотықұс (Goura cristata), австралиялық тотықұс (Cacatua leadbeateri), қара какаду (Probosciger aterrimus) және қара тәжді тырна (Balearica pavonina).

ФОТО ХЬЮСТОН ЗООБАҒЫНДА; НЕБРАСКА ШТАТЫ, ОМАХА ҚАЛАСЫНДАҒЫ HENRY DOORLY ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА; АВСТРАЛИЯНЫҢ PARROTS IN PARADISE ҚОРЫҒЫНДА; СИНГАПУРДІҢ JURONG ҚҰСТАР САЯБАҒЫНДА; ОХАЙО ШТАТЫНДАҒЫ КОЛУМБУС ЗООБАҒЫНДА ЖӘНЕ ОКЕАНАРИУМЫНДА ТҮСІРІЛГЕН

Қызылкүрең кардинал, Cardinalis phoeniceus. Солтүстік америкалық «бөлесі» секілді Колумбия мен Венесуэланың қызылкүрең кардиналының сұлулығы да көздің жауын алады. Аталық қауырсындары күрең-қызыл және олар ұзын өткір айдарларын ұдайы тік ұстайды.

ФОТО КОЛУМБИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰСТАР ҚОРЫҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Кемедегінің жаны бір. Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды роль атқарады. «Құстармен біздің тағдырымыз бір, – дейді фотограф Джоэль Сартор «Фото-араша» жобасында, – біз не бір төбеде, не бір шұңқырда боламыз».

Африкалық қозықұмай, Gyps coprotheres. Қозықұмайларды ең сүйкімді құстарға жатқызу қиын, Се-бебі олар жиіркенішті нәрселерді қомағайлана жейді. Бірақ олар болмаса, жұқпалы ауру түрлерінің таралу аумағы кеңейе түсері анық.

ФОТО КОЛОРАДО ШТАТЫ, КОЛОРАДО-СПРИНГС ҚАЛАСЫНДАҒЫ CHEYENNE ЗООБАҒЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Орнитолог Д. Франзен «NG» журналының 2013 жылғы шілде айындағы санында сайрағыш жыл құстары туралы жазған болатын. Фотограф Д.Сартор «NG» журналының natgeophotoark.org вебсайтындағы «Фото-араша» жобасы үшін әлем жануарларының студиялық суреттерін құрауда.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Браконьердің ізін кесу оңай емес

$
0
0

Боливияның Мадиди ұлттық қорығы – ягуарлар мекені саналады. Қорық директоры Маркос Узкиано қара нарықта қытайлықтар тарапынан ягуар тісіне деген сұраныстың артқанын алға тартады.

Қытай инвестициясының артуы кесірінен Боливиядағы ягуарлар қиын жағдайға қалды.

Мадиди – Нью-Джерсидің ауқымына қарағанда шағындау келген, дүние­жүзінде кездесетін барлық құстың 11 пайызы және сүтқоректілердің 200 түрі мекендейтін  қазыналы мекен. «Қызыл ара» құсы төбеңнен төніп, жасыл-көк «ураниалейлус» көбелектері батпақты шалшықты кестедей қаумалаған кезде, бәрінің төбесінен қараған ағаштар көктің бетін жауып тұрғандай болады.

Бұл қорық – Аргентина арқылы АҚШ-тың оңтүстік-шығысына топ ете қалған тарғыл мысықтың, яғни жұмбақ ягуардың мекені. Дегенмен бүгінгі таңда ранчо қожалықтары, фермалар мен заңсыз орман шаруашылығы салдарынан бұл мысықтектес патшалығы тарылып барады. Жабайы мысықтан қорыққан не малын қорғаған шаруалар оларды атып тас­тауда. Қазіргі таңда оларға төнген тағы бір қауіп – браконьерлердің көбеюінде болып отыр.

Бұл апат әсіресе Боливияда анық байқалады. Мұндағы пошта қызметкерлерінің өздері қылмыскерлерден Қытайға жасырын тасымалдамақ болған жүздеген ягуар тісін тәркілеген. Сот ісі бойынша Қытайдың қос азаматы «ягуар саудасымен айналысты» деген айыппен жауап­қа тартылған.

Негізінен, Боливияда ягуар аулау, сату және сатып алу қылмыстық іске жатқызылады. Бұл жыртқыш мүшелерін халықаралық шекара арқылы коммерциялық мақсатта сату да заңсыз. Дегенмен елде заңды айналып өту қиын емес, себебі заңның қолданысы әлсіз, ал тістің бағасы шарықтап тұр, бір тіс 100-200 АҚШ доллары аралығында саудаланады.

Қытайда ягуар тісін жолбарыс тісінің баламасы ретінде көреді. Одан моншақ жасап, әшекей ретінде тағу – дәулеттілік белгісі саналады.

«Адамдар мұны табыс көзіне айналдырып алған, – дейді Боливияның қоршаған ортаны қорғау ұйымының биологі Нуно Негрос, – қылмыскерлер жазадан оңай құтылып кете алатынын біледі».

Бай-бағландар оның тістерін бақ-дәулеттің белгісі ретінде әшекей етіп тағады, не болмаса жын-шайтаннан қорғайтын бойтұмар ретінде пайдаланады. Қытайлықтар арасында ягуарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Тарғыл сүтқоректілерді қорғаумен айналысатын боливиялық Анай Холзманның айтуынша, бүгінгі таңда Қытай мемлекеті мен Боливия арасындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық қарым-қатынастың артуына байланысты мұнда Аспанасты елінің жұмысшылары көптеп ағылуда. Сондықтан да онда ягуар саудасы ғана емес, жалпы заңсыз сауданың түр-түрі етек жайған.

Өзен бойымен жүзіп бара жатып, қайығына толтыра банан артып алған жергілікті тұрғынға кезігіп қалдық. Біраз әңгімелескен соң Мадиди директоры Маркос Узкиано әңгімені ягуар тақырыбына бұрды.

«Былтыр ауылымызға әлдебір қытай азаматы келіп, ягуар тісі мен басын іздеп жүргенін айтты», – деді ол.

Заңсыз сауда Боливиямен шектеліп қалмайды. Икитос пен Перудің тысқары аймақтарында тұрғындар өздері өлтірген ягуар терісін сатады. Олардың айтуынша, қытай азаматтары жылына бір рет жыртқыштың азу тісін сатып алады екен.

Артынша Узкиано жақын маңдағы көрші ауылдардағы ранчоларды аралап жүрген қытай жігіті сол айтылған адам болуы мүмкін деп топшылады. Қылмыскер ранчо иелеріне атылған ягуар тісі мен сүйегі үшін ақша ұсынған. Өкінішке қарай, Узкианоның құзыреті тек қорық ішінде ғана жүреді.

Боливияның лауазымды тұлғалары заңсыз ягуар саудасына алаңдаушылық танытқанымен, табиғат жанашырларының, ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің айтуынша, олардың осы күнге дейінгі әрекеттері нәтижесіз болып келген.

«Меніңше, мемлекеттің күресуі жеткіліксіз, – дейді заңсыз ягуар саудасының жолын кесумен айналысқан Боливия биологиялық тіршілік департаментінің биологі Анжела Нюнез, – мемлекет өзінің саяси пайдасын бірінші орынға қояды. Боливияның негізгі мақсаты – Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнату сияқты».

2014 жылы полиция Жавин деген атпен танылған қытай азаматы Ян Ишингтің үйінен ягуар тістері мен бастарын тапқан болатын. Үш жылдан кейін-ақ ол кепілдік төлеп, бос­тандыққа шықты.

Ғалымдар Боливияны мекендейтін бар-жоғы 4000-7000 шақты ягуарды сақтап қалуға әлі де кеш емес деп сенеді. Ол үшін мемлекет қылмыспен табанды әрі үйлестірілген түрде күресумен қатар, қытай компанияларымен тығыз әрекет етуге тиіс және заң бұзушыларды уақтылы жазалап отыруы қажет.

Авторы: Ракл Бейл, фото: Кристиан Родригес


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Жақсы мен жаман ғылымы

$
0
0

Музыкалық фестиваль кезінде жартылай автоматты винтовкамен қаруланған ер адам қонақүйдің 32-қабатынан мыңдаған оқ жаудырды. 2011 жылдан бері адамдарға жаппай оқ ату жиілеп кетті.

Адамдардың мейірімді немесе қатыгез болуы неліктен?

Иллинойс штатының Оберн қаласындағы жылжымалы үйіндегі ас бөлме терезесінен Эшли Олдридж шамамен 100 метр қашықтықтан теміржол өткелін анық көрді.

Он тоғыз жастағы ана екі баласына түскі асын беріп жатып қоларбаға таңылған бір ер адамды көрді. Ол орнынан қозғала алмайды. Сөйт­се, арба дөңгелегі рельстердің арасына қысылып қалыпты. Қоларбаға таңылған әлгі адам жанынан мотоцикл мен екі бірдей көлік тоқтамай өтіп кетсе де, көмек сұрауын тоқтатпады.

Олдридж жанталаса көршісіне жүгіріп барып балаларына қарай тұруын өтінді. Сол сәтте по­йыздың тақ-тұқ еткен дыбысын естіп, кедергінің жабылғанын көрді. Ол жалаңаяқ қиыршық тастың үстімен жүгіріп келеді. Ер адамның қасына жеткенде пойыз сағатына шамамен 125 шақ. жылдамдықпен жүйт­кіп келе жатты. Қоларбаны қозғалта алмаған Олдридж мүгедек ер адамды арт жағынан – кеудесінен құшақтап көтермек болды. Бірақ шамасы келмеді. Пойыз таяқ тастам жерге тақағанда Олдридж оны бар күшімен орнынан жұлып алып, артқа серпіліп қалды. По­йыз қас-қағым сәтте қоларбаның күл-паршасын шығарып, болат пен пластик сынықтарын бір шақырымға дейін сүйретіп әкетіп бара жатты.

2015 жылдың қыркүйегінде Олдридж құтқарған адам оған мүлде бейтаныс болатын. Олдридждің оны құтқаруға деген нық шешімі өзгелерден ерекше екенін көрсетеді. Оның бұл ерлігі – ғалымдардың «асқан альтруизм» деп аталатын құбылыстың, яғни өз басына қауіп төнгеніне қарамастан, туыстық қатысы жоқ адамға риясыз көмектесудің бір мысалы. «Мұндай батырлардың көбінің жұмысы өзгелерді қорғаумен байланысты болатыны заңдылық», – дейді олар. Солардың қатарында Рик Бест, Талиесин Намкай-Мече және Мика Флетчер бар. Олар Орегон штатының Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі жас келіншекті (біреуі хиджаб киген) мұсылманша киінгені үшін ғана зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап, араша түсті. Үшеуі де пышақталды. Олардың ішінде Флетчер ғана аман қалған.

Коннектикут штатындағы Ньютаун қаласында атыс кезінде 27 адам қаза тапты. Шабуылшы өзінің анасын да өлтірді. Ғимарат сүріліп, орнына басқасы салынды. Бұрынғы мектептің ізі де қалған жоқ.

14.12.2012 | Сэнди Хук мектебі | 27-сі көз жұмып, 2-еуі жараланды


Осынау игі істерді адам баласы жасайтын қорқынышты әрекеттермен салыстырыңыз: өлтіру, зорлау, ұрлау, азаптау. Қазан айында Невада штатының Лас-Вегас қаласында өткен кантри музыка фестивалі кезінде әлдебіреу Mandalay Bay қонақүйінің 32-қабатынан оқ жау­дырған қанды қырғын оқиғасы болғаннан ке­йін үш апта өткенде 58 адамның қаза тапқаны және 546 адамның жараланғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары мұндай жан түршіктірер оқиғалар жиілеп кетті. Адамдар айтса нанғысыз қатыгездікке баратын болды.

Асқан альтруистер мен психопаттар біздің ең жақсы және ең нашар түйсіктерімізді бейнелейді. Бір басында – біз жақсы деп санайтын моральдық спектр, кеңпейілділік және басқа да жағымды қасиеттер болса, екінші басында – біз жаман деп танитын өзімшілдік, қатыгездік және деструктивті импульстер. Зерттеушілердің айтуынша, мінез-құлықтың екі типінің түп негізі – біз жүріп өткен эволюциялық жолда жатыр. Олар адам баласының аман қалу үшін үлкен әлеуметтік топтармен қоян-қолтық араласуы нәтижесінде бір-біріне қол ұшын беруге құлшыныс пайда болды деп болжайды. Алайда топтар ресурстар үшін бақталасқандықтан қарсыластарын өлтіруге мәжбүр болды. Чикаго университетінің әлеу­меттік нейрологі Джеан Дисети: «Біз – жер бетіндегі әлеуметтік маңызы жоғары тіршілік иелеріміз. Сондай-ақ жер бетіндегі ең қатыгез түрміз. Біз – екіжүздіміз», – дейді.

Алайда соңғы он жылдықта ғалымдар жақсылық пен жамандыққа не түрткі болатыны туралы көптеген ғылыми жаңалық ашқан. Ғылыми жұмыстардың қорытындысына сенсек, оның екеуі де эмоционалды жай-күйге тікелей байланысты екені анықталған. Мәселен, ми «эмпатия» деп аталатын күйге түссе, ондай адам басқалардың көңіл күйі қандай екенін сезіне алатын болады. Зерттеушілер эмпатияның жүрегімізде жанашырлық сезімін тудырып, қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуге итермелейтін күшке ие екенін анықтаған. Ал эмпатия сезімі жоғалған жағдайда адамдар арасында зорлық-зомбылық жиілеп, психопатикалық және қоғамға қарсы қылмыстар саны артатынын, ол жүйке жүйесінің ауытқуына себепкер болатынын көрсетті.

11.09.2001 АҚШ-та болған жан түршіктірер террористік шабуылдардың бірінде ДАИШ өкілі түнгі клубты нысанаға алды. Арада бір жыл өткенде аза тұтушылар қайғылы оқиға орын алған жерге қайта келді.

12.05.2016 | Орландо, Флорида | 49-ы көз жұмып, 53-і жараланды


Бір кездері ғалымдар бүлдіршіндерді өзгелердің жағдайына бас қатырмайды деп ойлап келген. Алайда соңғы зерттеулер нәресте бір жасқа толмай жатып-ақ оның бойында жанашырлық сезімі пайда болатынын дәлелдеген. Иерусалимдегі Еврей университетінің психологі Мааян Давидов пен оның әріптестері осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізгенде балалардың қиын жағдайға тап болған адамды көргенде қалай әрекет ететінін ұзақ бақылаған. Зерттеу нәтижесі көптеген нәресте тіпті алты айға толмай жатып-ақ, мұңды ке­йіпке енгендерге өз тілінде жауап қататынын анықтаған. Ал бір жарым жастағы сәбилер өздерінің жанашырлық сезімдерін көбіне құшақтау арқылы білдіреді екен.

Алайда мұндай сезім барлық балада бола бермейді. Ғалымдардың айтуынша, кей сәбилер екі жасынан бастап өзгелердің жағдайына немқұрайды қарайды екен. Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі Кэролин Зан-Вакслер: «Адамдар бір жерін ауыртып немесе жарақаттап алғанын айтқанда кей бала оларды мазақтап күледі немесе айыптайды. «Еш жеріңді жарақаттаған жоқсың. Абай болуың керек еді» деп өздерін кінәлап шыққан», – дейді. Бұл сәбилерді жасөспірімдік кезеңге дейін зерттеген Зан-Вакслер мен оның әріптесі, Колорадо Боулдер университетінің психологі Су Хьюн Ри олар туралы «қоғамға қарсы шығуға және әр нәрсеге ұрынуға бейім тұрады» деген қорытындыға келген.

Зерттеушілер жасөспірімдер бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылықты «сыналушы теріс әрекет жасағанда өзін кінәлі сезіне ме, жоқ па» деген сұрақтармен өлшеді. «Немқұрайдылық», «қатыгездік» секілді жаман қасиеттерге ие балалар жиі бұзақылық жасайды. Ғалымдар осындай жасөспірімдердің кейбірі ақыр соңында ауыр қылмыстарға баратынын анықтады. Ондай балалардың бірі – ересектер сияқты психопатқа айналса, екіншілері – адам өліміне селт етпейтін тасжүрек болып қалыптасады.

Ақ нәсілді әсіреұлтшылдар афро-америкалық Джеймс Бирдті көлікке байлап, осы жолдың бойымен сүйретіп өлтірген. Бирдтің дене мүшелері табылған жерлер шеңбермен белгіленді.

07.05.1998 | Хафф Крик-Роуд,Джаспер, Техас | 1 адам көз жұмды


Эмпатияның жетіспеуін нәрестелік шақтан бастап психопатикалық мінез-құлық негізінде анықтау мүмкін болатын болса, зұлымдық тұқым қуалау арқылы беріле ме? «Иә» немесе «жоқ» деп шорт кесіп айта алмаймыз. Себебі оған көптеген ауру сияқты тұқым қуа­лаудың да, қоршаған ортаның да әсері бар екені анық. Ал егіздерге жүргізілген зерттеу жұмыстары кейбір бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің бойындағы қатыгездік пен немқұрайдылық қасиеттері ген арқылы берілетінін көрсетті. Дей тұрғанмен, зерттеу­шілер қоғамға жат мінез-құлыққа ие әйелдерден туған 561 сәбиге жүргізілген зерттеу нәтижесінде, берекесі қашқан отбасында тәрбиеленгендерге қарағанда, өгей ата-ана қолында өскен балалардың бойынан қатыгездік пен немқұрайдылық анағұрлым сирек байқалатыны анықталған.

Жанашырлықтан жұрдай балалардың қоғамға бейімделіп кетуі өте қиын. Зерттеуші психолог Есси Видинг: «Егер балаңыз әдеттегі дамып келе жатқан бала сияқты қасындағы адамды бауырына басып, жанашырлық танытпаса, бұл жақсы белгі емес. Әрине, ондай балалардың көбі өздерінің биологиялық отбасында-ақ тәрбиеленеді. Тек олар үшін бала тәрбиесі туралы білімі таяз, мейірімнен жұрдай, эмоцияларын тізгіндей алмайтын ата-ананың қолында өсу екі есе ауыр соққы болып тиеді», – дейді.

2012 жылдың мамыр айында Англияның Дерби қаласында таңсәріде өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден Филпот әулетінің алты бірдей баласын құтқаруға жанталасты. Бірақ құтқарушылар балалар ұйықтап жатқан жоғарғы қабатқа жеткенде бір ғана баланың әлі тірі екенін көреді. Өкінішке қарай, екі күннен кейін ол да ауруханада көз жұмды. Полиция үй қасақана өртелген деп санады.


Мика Флетчер

БӨТЕН АДАМДАРҒА АРАША ТҮСУ

Флетчер мен өзге екі ер адам Портленд қаласында жүріп бара жатқан пойыздағы екі мұсылман келіншекті (біреуі хиджаб киген) діни сенімі үшін зорлық көрсеткен ер адамнан қорғап қалған. Сол кезде бұзақы үшеуіне де пышақ сұғып алды. Екеуі тіл тартпай кетті. Ал Флетчер мойнынан ауыр жарақат алды. Ол инстинктивті түрде әйелдерді арашалауға жүгіре жөнелгенін айтты. Ол: «Егер қоғам ынтымақты болса, бір-біріне қорған бола білуі тиіс», – дейді.


Дерби тұрғындары балалардың әке-шешесі – Мик пен Мейрид Филпотқа жерлеу рәсіміне ақша жинап берді. Баспасөз конференциясында Филпот адамдарға алғысын айтып, еңіреп жылап, көзін сүрте берді. Ең қызығы, ол кезде оның беторамалы құп-құрғақ болатын. Дербишир графтығының бас уәкілі оның іс-әрекетінің жасандылығына таңғала қарап қалады. Он сегіз күннен кейін полиция Филпот пен оның әйелін тұтқындайды. Тергеушілер Миктің көңілдесін кінәлі етіп көрсету мақсатында ­әйелі және сыбайласымен бірігіп үйді әдейі өртегендерін анықтаған. Сот үшеуін де «байқаусыз адам өлтіру» деген баппен кінәлі деп тапты.

Филпоттың қайғырған және өкінген ке­йіп танытуы – психопаттарға тән мінездемелердің бірі. Психопаттар эмоционалды көрінуге тырысқанымен, өзгелердің сезімдеріне немқұрайды қарайды. Нейролог–ғалым Кент Киль: «Олар өзгелердің жанашырлығын, кінәсін немесе өкінішін мүлде бағалай алмайды. Мұндай адамдар басқалардан қатты ерекшеленеді», – дейді.

 


Финеас Гейдж және алдыңғы ми

МИДЫҢ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІН МЕҢГЕРУ

1848 жылы болған жарылыс кезінде теміржолшы Гейдждің (сол жақта) миының сол жақ бөлігіне темір кіріп кетті. Сауыққан соң бұрынғы ақжарқын және ізетті кейіпінен айырылды. Канадада алдыңғы миында ісік пайда болған науқас та осындай өзгеріске тап болды. 2016 жылы оның әйелі Шербрук университетінің медициналық тобына: «Жұбайымды қайтарып бергендеріңізге рахмет», – деп алғысын жаудырды. Оның МРТ суреттері (жоғарыда) отаға дейінгі және одан кейінгі кезін көрсетеді.


Зерттеушілер эмпатияның адамгершілікке итермелейтін күш екенін анықтады.


Киль мен оның әріптестері 2007 жылдан бері 4000-нан астам тұтқынды тіркеп, олардың миындағы белсенділікті зерттеп, ми бөліктерінің көлемін өлшеген.

Психопат қылмыскерлердің миындағы эмоциялық процестің негізгі сүзгісі – мишық бадамшасында психопат емес тұтқындармен салыстырғанда, белсенділік өте төмен болып шыққан. Ондай құбылыстар әсіресе «қайғыру» және «тұнжырау» сияқты эмоция­лық күй орнағанда барып көрініс табады. Зерттеушілер шешім қабылдау қабілетін тексеру арқылы тұтқындардан экрандағы суреттердің қаншалықты жағымсыз екенін сұрайды. Мәселен, қан-жоса болған адам беті. Екі тарап та суреттердегі зорлық-зомбылықты сезінгендерімен, психопаттардың миында моральдық құндылықтарды байқау процесі баяу жүретіні байқалған.

«Басқа тұтқындармен салыстырғанда жоғары деңгейлі психопатогенді қасиеттерге ие тұлғалардың ми құрылысында сұр зат шамамен 5-7%-ға аз», – дейді Киль. Психопаттар осы жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін, яғни эмоциялық күй таныту үшін мидың басқа бөліктерін пайдаланады.


Кент Киль

ПСИХОПАТТАРДЫҢ МИЫН ЗЕРТТЕУ

Нью-Мексико университетінің нейролог-ғалымы Киль психопаттардың миларынан ауытқулар байқады. Ол 4000-нан астам тұтқынның миын сканерлеп, мидың көлемдерімен бірге олардың белсенділігін өлшеді. Оның айтуынша, психопаттардың ми құрылысының эмоцияны басқаруға, шешім қабылдауға, импульстерді бақылауда ауытқу болады.


Джорджтаун университетінің психологі Эбигейл Марш 19 жасында жолда итті басып кетпес үшін көлігін кілт бұрып, көлік басқаруға келмей қарсы бетке шығуға шақ қалған. Марш қозғалтқышты қоса да алмай, әрі сырт­қа шығуға да қорқып отырып қалды. Бір кезде бір ер кісі көлігін тоқтата сала Эбигейл жаққа қарай жүгіріп келді де оған көлікті жүргізуге көмектесті. «Ол тәуекел етіп көліктердің арасымен жүгіріп өтті. Оның бар ойы маған қол ұшын созу еді. Мұны басқаша түсіндіре алмайсыз. Қалайша адам осындай көзсіз ерлікке барады екен?!» – дейді Марш.

Оны «көпір үстінде жүргізушінің альтруистік қадамға баруы психопатияға қарама-қайшы қасиет емес пе екен» деген сұрақ мазалады. Сөйтіп, ол зерттеу жүргізу мақсатында бірыңғай мейірімді адамдар тобын іздеп, альтруист бүйрек донорлары зерттеу тақырыбына дәл сәйкес келеді деп шешті. Олар – бүйрегін бөтен адамға беруді таңдаған адамдар. Тіпті кейде қаржылық шығындарды өздері көтеріп алып жатады.

Марш пен оның әріптестері бүкіл ел бойынша 19 донор тауып, зерттеу жүргізді. Зерттеу­шілер донарлардың әрқайсысына алуан түрлі бет-әлпеттің ақ-қара түсті суреттерін көрсетті. Олардың бір бөлігі қорқынышты бейнелесе, енді бірі – ашу-ызаға толы. Басқалары бейтарап болды. Дәл сол сәтте МРТ аппаратының көмегімен донорлардың миларындағы белсенділік пен мидың құрылымы анықталды.


«Мендота» жасөспірімдерді емдеу орталығы

САНАНЫ ЖАҚСЫҒА БАУЛУ

Висконсиндегі қатыгез жасөспірімдерге арналған орталық жастарды қылмыскер атанудан құтқаруға бағытталған. Балалар келесі күні күнделікті тәртіптеріне сай мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, бейнеойын ойнауға рұқсат алу. Бұл тәсіл балаларға әр тәулік сайын тәртіптерін түзеуге мүмкіндік береді. Мына суретте ер бала бір жыл ішінде жинаған ұпайларын көрсетіп тұр.


Бақылау тобымен салыстырсақ, донорлар үрейге толы бет-әлпеттерді көргенде оң жақ мишық бадамшаларында көбірек жауап қайтарылды. Басқа сынақта зерттеу­шілер олардың оң жақ мишық бадамшалары өзгелердікінен орташа алғанда 8%-ға үлкенірек екенін байқайды. Ал одан бұрын психопат адамдарға жүргізілген осындай зерттеулер керісінше нәтиже көрсеткен. Психопаттардың миларындағы мишық бадамшалары кішірек және бақылау тобымен салыстырғанда, белсенділігі төмен болды.

Марш мұны: «Үрейге толы бет-әлпеттер ­уайым мен қамқорлық сезімін тудырады. Егер бұл көрініс сізді селт еткізбесе, өзге адамдарға жаныңыз ашуы неғайбіл. Альтруист донорлар өзгелердің қайғысы мен қорқынышына сезімтал келеді. Бәлкім, мишық бадамшалары орташа деңгейден үлкенірек болғандықтан болар», – деп түсіндіреді.


Мисси Юинг

МӘРТТІК ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

Күйеуі секілді Юинг те өзінің бүйрегін бөтен адамға сыйлады. Оның жалғыз марапаты – осындай құрбандыққа барудан алған керемет әсер. Ол қамқорлық пен мейірімге бөленіп өскендіктен осындай сый жасағанын айтады. Зерттеушілер Юинг сияқты альтруист донорлардың мишық бадамшаларының ірі екенін анықтаған. Ол өзгелердің сезіміне бей-жай қарамауға көмектеседі.


Әлемдегі адамдардың басым бөлігі асқан альтруист те, психопат та емес. Көпшілік зорлық-зомбылық әрекеттерге бармайды. Дей тұрғанмен геноцид (адамдарды жаппай қыру) және көптеген адамның немқұрайдылығы әлі де бар. Этникалық, ұлттық, нәсілдік және діни бағытта құрылған әлеуметтік топтар әлі күнге дейін өзге топтарға қысым көрсетіп келеді. Газ камераларымен миллиондаған еврейдің көзін жойған нацистік Германия, өлім алаңдарында камбоджиялықтарды қырған коммунист кхмер­лер, Руандада мачетелерімен тутсис пен кішігірім хуту тайпаларының жүз мыңдаған адамын ажал құштырған хуту экстремистері және Ирактағы езидтерді жаппай қырған террористер. Бұл – әлемнің кез келген аймағы геноцидтен зардап деген сөз.

Психолог Стэнли Милграм жүргізген тәжірибелер арқылы адам санасының қаншалық таяз не терең екенін жартылай түсінуге болады. Бұл зерттеуде сұрақтарға дұрыс жауап бермеген адамды тоқпен қинады және әрбір қате жауап үшін тоқ қуаты арттырылды. Зертхана қызметкерін нұқыған кезде ол тоқтың қуа­тын адам өміріне қауіпті деңгейге дейін арттырып отырды. Алайда ол шынайы емес еді. Субъектілердің құлағына шалынған жылаған дауыстар алдын ала жазылған болатын. Бірақ олар мұны кейін білді. Бұл зерттеулер Милграм сипаттаған «ересектердің қолында билік бар адамның бұйрығын негізге ала отырып, кез келген әрекетке бару» қасиетін көрсетті.

Жаппай қырудың алдын алу мақсатында құрылған Genocide Watch коммерциялық емес ұйымның негізін қалаушы Грегори Стэнтон басқа ақыл-есі дұрыс адамдарды қолын қанға бояуға итермелейтін кезеңдерді анықтады. Демагог көшбасшылар нысанаға ілінген топты «өзге» деп танып, оны қолдаушылардың мақсат-мүддесіне қауіп төндіреді деп есептегенде бірінші кезең басталады. Оның артынан дискриминация пайда болады. Көп ұзамай көшбасшылар өздерінің нысаналарын «адам болуға тұрғысыз» деп танып, топ ішіндегі «өзгелерге» деген жанашырлық сезімін жояды.


Энтони Чавез

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ӨМІРІН САҚТАУ

Чавез Лас-Вегастағы музыкалық фестиваль кезінде сүйіктісі Дейана Торрес екеуінің оқтың астында қалғанын түсінді. Содан кейін бұрынырақ танысқан келушімен бетпе-бет кездесіп қалды. «Көздеріміз түйісе қалды. Оған көмектесу керектігін білдім», – дейді ол. Сөйтіп, Чавез сол әйелді және қорқыныштан қол-аяқтары сіресіп қалған бірнеше адамды қоршауға қарай итеріп, аман алып қалды.


Уильям Рамирез

НАР ТӘУЕКЕЛ

Қайықтарды жуумен айналысатын Рамирез жұмысына бара жатқанда майамилік полицейді автоматынан оқ жаудырған адамнан құтқарып қалды. Ол көлігімен полицей мен оқ атушының ортасына тоқтай қалып, есікті ашты. Полицей секіріп мінді. Sun Sentinel газетіне берген сұхбатында: «Ештеңе істеместен өте шығуға дәтім шыдамады», – дейді.


Самер Аттар

СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫН ЕМДЕУ

Чикаголық ортопед-хирург Аттар Иракта, Иорданияда және Сирияда жараланғандарды емдеуге ерікті ретінде қатысты. Ол басқалардың өмірін сақтап қалуды басты орынға қойды. 2016 жылы Алеппо қоршауға алынғанда ол елден кеткен соңғы америкалық дәрігер болды. «Мен қаһарман емеспін. Есесіне, айналамда кілең сондай адамдар болды», – деп жазды.


Эшли Олдридж

ҚОРҚЫНЫШҚА ҚАРСЫ ТҰРУ

Екі баланың анасы Олдридж қоларбасы рельстердің арасына қысылып қалған ер адамды құтқару үшін жалаңаяқ жүгірген. Пойыз келіп жеткенше әлгі адамды қоларбадан суырып алды. «Өзімді батырмын деп есептемеймін. Бірақ балаларым мені қаһарман деп біледі. Егер оның орнында менің атам болса басқалар да мен сияқты көмектесер еді деген ойдамын», – дейді.


Келесі кезеңде қоғам поляризацияланады. «Геноцидті жоспарлағандар «сен не бізбен біргесің, не бізге қарсысың» деп айтады», – дейді Стэнтон. Артынша дайындық кезеңі басталады. Кейде аут-топтың мүшелері гетто немесе концентрациялық лагерьлерге көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, жаппай қырғын басталады.

Қылмыскерлердің көбі өкіну сезімінен жұрдай. Бірақ оның себебі психопатогенді қанішерлер сияқты сезіне алмауында емес. Олар адам өлтіруді оңтайландырудың жолдарын таба біледі. Геноцид зерттеушісі Джеймс Уоллер айуандық жасағандары үшін тұтқындалған немесе айыпталған хуту тайпасының көптеген адамымен тілдескенде адам санасының ұғыну және сорақы іс-әрекеттерді ақтай алатын сенгісіз қабілетін байқағанын атап өтеді. Оның айтуынша, аталған адамдар өз қылмыстарын: «Мұны істемегенімде, әлгі балалар есейген соң қайтып келіп мені өлтіретін еді. Олар аман қалу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болдым», – деп түсіндіреді.

Біздің бойымыздағы жанашырлық сезімі және оны өзгелерге таныту туа біткен болуы мүмкін. Бірақ оның өзгеріске ұшырайтыны анық. Сондай-ақ бала кезден бастап өзгермейді деп танылған психопатикалық және қоғамға жат мінез-құлықтар сол күйінде қалады деген түсінік – қате. Соңғы жылдары зерттеушілер жауыздықтың алдын алудың мүмкіндігін және біздің позитивті әлеуметтік түйсіктерімізді нығайтудың жолдарын көрсетті.


Джереми Ричман

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫН ІЗДЕУ

 

Ричман басқа адамдардың мұндай ауыр қасіретке тап болуына жол бермеу мақсатында Сэнди Хук мектебінде болған атыс кезінде оққа ұшқан Авьелле есімді алты жасар қызының атынан қор құрды. Бұл қор зорлық-зомбылықты ауру ретінде емдеуді мақсат тұтатын миға қатысты зерттеулерді қолдайды. Ол жабылып қалған Fairfield Hills ауруханасының (жоғарыда) іргесінде орналасқан.


Қатігез жасөспірім ұлдарды өмір бойы қылмыскер болудан құтқару мақсатында Висконсиндегі «Мендота жасөспірімдерді сауықтыру орталығында» зерттеу жүргізілді. Бұл мекемеге ауыр қылмыс жасаған балалар түседі. Бірақ оны түрмеден гөрі психиатриялық бөлім деп атаған дұрысырақ. Орталыққа жіберілген жасөспірімдер ұзын-сонар қылмыстық оқиғаларымен келеді. Бөлімнің бас психологі Майкл Калдуэл: «Олар – негізінен, адам қатарынан шығып қалғандар. Ешкіммен байланысы жоқ және айналасындағыларды дұшпан ретінде көреді», – дейді.

Бұл орталық балалардың агрессивті және қоғамға жат мінез-құлықтарына қарамастан, олармен қарым-қатынас орнатуға тырысады. Мекеме қызметкерлері қылмыскерге адамгершілікпен қарайды. Балалар күн сайын тәртіптеріне сай бағаларын алса, келесі күні жоғарғы мүмкіндіктерге ие болып жатады. Мәселен, бейнеойын ойнау. Ал біреумен төбелесіп, төмен баға алса, ондай мүмкіндіктерден айырылады. Бұзықтық үшін жазалауға емес, үлгілі тәртіп үшін марапаттауға аса мән беріледі. Бұл мекеме көптеген түзету орталығынан осынысымен ерекшеленеді. Орталық директоры Грег Ван Риброек: «Уақыт өте келе балалардың тәртібі түзеле бастайды», – дейді.

Олардың өз эмоцияларын басқарып және зорлық-зомбылық импульстерін қадағалай білу қабілеттері Мендотадан кеткеннен ке­йін де жойылмайды. Мұндағы бағдарлама бо­йынша емделген жасөспірімдер бостандыққа шыққаннан кейін 2-6 жыл аралығында басқа жерлерде емделгендермен салыстырғанда анағұрлым аз қылмыс жасаған. «Біз ешқандай сиқыр жасамаймыз. Есесіне, әлемге жастардың көзімен қарайтын жүйе құрдық және олардың теріс көзқарасын әділетті түрде біртіндеп жою­ға тырысып жатырмыз», – дейді Ван Риброек.


Сью Клиболд және Кони Сандерс

ҚАЙҒЫНЫ БӨЛІСУ

Сью (сол жақта) 1999 жылы Колорадодағы Колумбайн орта мектебінде оқушыларға оқ жаудырып, кейін өздерін атып тастаған қос жасөспірімнің бірі – Дилан Клиболдтың анасы. Ол «Ананың күнделігі» атты кітабында басынан өткен жағдайды баяндайды. Сонымен қатар сауықтыру орталықтарының қайырымдылық қорларына ақша аударып отырады. Ол Сандерске (оң жақта) туған анасындай болып кетті. Сандерс­тің әкесі қанды қырғын кезінде қаза тапқан.


Соңғы он жыл ішінде зерттеушілер миымыз­дың әлеуметтік жағына қатысты бөлігі егде жаста да құбылып тұратынын, мейірімдірек әрі кеңпейіл болуды үйрене алатынымызды анықтады. Әлеуметтік нейролог-ғалым Тания Сингер осы бағытта зерттеулер жүргізіп, жанашырлық пен аяушылық мидың әртүрлі жүйе­лерін пайдаланатынын анықтады. Екеуі де жақсы мінез-құлық тудыруы ықтимал. Алайда кей жағдайда басқа адамның қиналғанын көрген кезде мидың қайтарған эмпатикалық жауабы уайымдауға әкеп соғуы мүмкін, яғни мұндай негативті реакция адамды өзінің жақсы көңіл күйін сақтау үшін қиналған адамнан теріс айналуға мәжбүрлейді.

Өзгенің қайғысын жеңілдетіп, жанашырлық сезімін күшейту үшін Сингер командасы түрлі жаттығулардың әсерін де сынап көрді.

Миымызды неғұрлым альтруист болуға баулу – қоғам үшін керемет мүмкіндік. Сингер жанашыр болуға үйрететін мектептер ашу керек деп есептейді. Оның нәтижесі Эшли Олдридж сияқты адамдардан құралған бейбіт әлем болар еді. Рефлексивті мейірімділік қалыпты жағдайға айналып, адамзаттың басты қасиетіне айналар еді.

Автор: Юдхиджит Бхаттачарджи, фото: Линн Джонсон

Юдхиджит Бхаттачарджи, «National Geographic» журналының штаттан тыс тілшісі. Линн Джонсон журнал үшін тұрақты түрде суреттер түсіреді.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


LIDAR көрсеткен дидар

$
0
0

Спутниктен түсірілген суретке қарағанда Жер жай ғана шар болып көрінсе, ал заманауи технологияның көмегімен жер бедерін одан да анық көруге мүмкіндік бар. LIDAR, яғни «жарықты табу мен өлшеу» деп аталатын құрылғы ұшақ, тікұшақ немесе дроннан лазерлі толқындар жіберу арқылы жұмыс істейді.

Бұдан бұрын LIDAR-дың ең жоғарғы фоторезолюция мүмкіндігі 1 м² шамамен 50 нүктеден келетін. Бірақ Нью Йорк университетінің ғалымдары 1 м² 335 нүктеге дейін жететін, әсіресе қалалық жерлерді бұрынғыдан да анық, айқын көруге мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапқан.

Әдеттегі ғарыштан түсірілген суреттің немесе миниатюралық масштаб­тағы модельдердің кемшілігі көп. LIDAR тек сурет қана емес, қозғалыс­тағы қаланың геометриялық көрінісін жоғары сапада да бере алады. Тротуардағы жаңбыр суының қалай ағатынына дейін көрсетеді.

«Айталық, сіз жақын маңда қай жерде астма концентрациясы жоғары екенін білгіңіз келеді делік, – дейді Нью Йорк университетінің қала информатикасы профессоры Дебра Лифер, – сіз осы құрылғы арқылы көлік кептеліп, ауа ластанған аймақты тез анықтап, ол жерді айналып өтіп кете аласыз.

LIDAR құрылғысын қауіпсіздік не медицина мақсатында ұшырылған тікұшақтарға да орнатуға болады.

Зерттеушілер Дублин қаласының орталығын бақылап отыр.

Оның пайдасы ұшан-теңіз

БІРТҰТАСТЫҚТЫ ҚАЛЫПТАС­ТЫРУ

Жер астынан өтетін метро мен кәріз желілері ғимараттарға залал келтіруі мүмкін. Ал құрылғы қазу жұмысы кезінде ғимараттың осал жерін анықтауға көмектеседі.

ҚАЛАНЫ ЖОСПАРЛАУ

Көлеңке қайда түседі? Жаяу жүргінші үшін көшеде ауа жеткілікті ме? Қай жерден сел жүруі мүмкін? Жобалаушылар үшін қала тынысы, өмірі туралы жан-жақты геометриялық ақпарат тиімді болмақ.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ МҮМКІНДІК

Биік жиектастар немесе мейрамхана ішінің тарлығы мүгедектерге қолайсыз болуы мүмкін. Алайда ыңғайлы әпликейшн бұл проблеманы оңай шеше алады.

АҒАШ КЕСУ

Қаладағы ағаштардың картасы арқылы олардың қайсысы электр желілеріне кедергі келтіретінін, сынған ағаштар қай үйге немесе көліктің үстіне құлауы мүмкін екенін анықтауға болады.

АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Google Earth (мысалы, Дублин сол жақта) жоғарыдан түсірілген суреттер жер бетін жақындатып көру үшін қолданылады. LIDAR кеңістіктегі нақты мәліметтерді береді.

Авторы: Даниэль Стоун

LIDAR ТҮСІРІЛІМІ (ТҮРЛІ-ТҮСТІ): БРИТНИ О НЕЙЛЛ ЖӘНЕ ДЕБРА ЛАЕФЕР, CLOUDCOMPARE, EUROPEANRESEARCH COUNCIL. ДЕРЕККӨЗ: SCRIPPS INSTITUTION OF OCEANOGRAPHY; NOAA; АҚШ ТЕҢІЗ ФЛОТЫ; NGA; GEBCO.

 


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Әлемдегі ең суық қала

$
0
0

Дүниежүзіндегі ең суық деп танылған Якутск қаласында 300 мың адам өмір сүреді. Тұрғындар аязды күндері де дүкендерді балықпен толтыра бермек.

Женевалық фототілші Стив Янкер Жер бетіндегі ең биік нүктеде орналасқан әрі ең лас қалалар бойынша зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. «Экстремалды қалалар» деп атаған жобасына Янкер қала халқының күнделікті өміріндегі таңғажайып көріністерді суретке түсіріп жүр. Осы әуестігі оны Ресейдің Якутск қаласынан бір-ақ шығарды.

Сібірдегі Саха Республикасының астанасы – Якутск көптеген ақпарат көзінде «дүниежүзіндегі ең суық қала» деп көрсетіледі. «Әлемнің басқа еш жерінде дәл мұндай сақылдаған сары аяз жоқ», – дейді Янкер. Дегенмен жазда ауа температурасы 29º ыстық, ал қысты күндері орташа ауа температурасы -40º, кейде тіпті -64º-қа дейін төмендейтін кездері де болады.

Янкердің айтуынша, экстремалды суық қалалардың ішінде бұл шаһарда жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Себебі күн сайын не қар жауады, болмаса қалың тұман түсіп, айнала мұз құрсауында қалып қойып жатады. Ал фотосуреттердің шынайы шығуы үшін ара-тұра қара жер бедерін де түсіру керек. «Қатты аязда жұмыс істеу оңай емес. Аяз фотоаппаратты лезде істен шығарады», – дейді Стив.

Янкер «экстремалды ауа райы тұрғындар мінез-құлқы мен сана-сезімдеріне кері әсер ете ме» деген мәселені зерттеуде.

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Стив Янкер, Agence VU/Redux Pictures


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Көкке ұмтылған – көк күмбез

$
0
0

Жошы хан кесенесі – қазақ жеріндегі көне архитектуралық ескерткіштер қатарына жатқызылады. Ол Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Қаракеңгір өзені бойында орналасқан.

Археологтар күмбезде сақталған таңбаларға қарап ол нысанды салуға өз заманында Жошыға бағынған ру-тайпалардың бәрі қатысқан деген қорытындыға келген. Олардың болжамынша, бұл күмбездің негізгі қаңқасы Жошы хан қайтыс болғаннан кейін, арада бір жыл өткенде, яки 1228 жылы тұрғызылған.

Кесене күйдірілген кірпіш және ғаныш секілді минералды тастардан салынса, ал аумағы 9,55х7,25 метрге тең. Жошы хан кесенесі қазақ даласына ислам діні жайыла бастаған алғашқы жылдардың көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Кіре берісін құбылаға қаратып, төрт бұрыштап, төбесіне күмбез орнатқан. Күмбезінің айшығы құмыра ұқсатып салынған.

Не бары 40 жасында қамал бұзып, Қыпшақ даласын уысында ұстаған Жошы жайлы аңыз көп. Бір аңызда, хан өз өлімін осы жерден табады, аң аулап жүрген кезде өзі жаралаған ақсақ құлан оның қолын шайнап тастады делінсе, екіншісінде бағынбағаны үшін хан өз әкесінің бұйрығымен өлтірілді деген де болжам бар.

1982 жылы ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілсе, 2000 жылы кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Фото: Ерболат Шадрахов


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ойыншықтар отаны

$
0
0

Бұл базарда дәл мынандай мыңдаған дүңгіршек бар. Олардан пластик ойыншықтың неше түрін таба аласыз.

Қолыңыздағы жұмсақ ойыншықтың Қытайда жасалғанына біздің еш күмәніміз жоқ. Ол Иу қаласынан әкелінген болуы бек мүмкін. Себебі әлемдегі арзан әрі қолжетімді мерекелік жылтырақтар мен ойыншықтардың басым бөлігі осында жасалады.

Иу 1982 жылдан бері ғана халық­аралық сауда қаласына айналғанына қарамастан, осы күні маңызды әлемдік өндірістік аймаққа айналып үлгерді. Бұл – 1,2 миллион халқы бар шағын қала үшін үлкен жетістік. Бүгінде қаладағы 70 мыңға жуық дүңгіршекке қойылған алуан түрлі заттан бас айналады.

Онда миллиондаған өнімнің үлгісін алу үшін шартараптан келіп жатқан кәсіпкерлерде шек жоқ. «Бұл үлгілер Иу маңындағы фабрикаларда келісілген бағамен жасалып шығарылады», – дейді фотограф Ричард Сеймор. Ол жерден күн сайын 1500 контейнер жан–жаққа жөңкіледі.

Авторы: Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Қала арасы – нағыз бал арасы

$
0
0

Шарап пен сыра сияқты балдың да өз құпиясы бар. Бал дәмінің қалыптасуына гүл мен тозаң араларының әсері мол. Алайда осы уақытқа дейін ғалымдар қай ара немен және қай жерде қоректенетінін анықтай алмай келді. Бүгінгі ғылым ол мәселенің шешімін тапқан сияқты.

Жуырда ғалымдар балдағы генетикалық материалдарды зерттей келе,  оның қандай өсімдіктерден алынатынын анықтады. Ноа Уилсон Рич қала омарташыларына қызмет көрсететін «The Best Bees» компаниясының негізін қалады. Ол Америка қалаларының бал құрамын зерттеумен айналысатын топқа басшылық етеді.

Бал үлгілері ДНҚ тесттері 5-8 шақырым қашықтықтағы олардың қандай өсімдікті ұнататынын көрсетіп берді.

Авторы: Келси Новаковский

*НӘТИЖЕЛЕР АЛДЫН АЛА МӘЛІМЕТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН. ӨСІМДІКТЕР ӨЗ ӨЛШЕМДЕРІМЕН БЕРІЛМЕГЕН ҚАЛАЛАР ӨЗ ӨЛШЕМДЕРІМЕН БЕРІЛМЕГЕН


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Болашақтың қаласы

$
0
0

2121 жыл. Фном Пенхтегі су үстіне соғылған ағаш үйлер Меконг өзенімен суарылатын қала фермаларында қаптап тұр. Көліктерге шектеу қойылғаннан кейін Афина түтіннен арылып, токиолықтар ядролық сәуледен таза деп дәлелденген үйлерде өмір сүреді. Оңтүстік Каролинадағы эко-үйлер күн энергиясымен қуаттанып, шатырдағы фильтр арқылы тазаланған су үйді қамтамасыз етеді.

Гана астанасы Аккраның футуристік бейнесі. Жойқын су тасқыны кесірінен адамдар орман ағаштарына асылып тұратын үй жасауға мәжбүр.

Мұндай болашақ қалалар Тайландтағы Махидол университетінің экологиялық қоғамтану ғылымының профессоры Алан Маршалдың қиялынан шыққан. Маршал келесі ғасырда экологиялық қауіп-қатерге бейімделген қалалардың көрінісін шартараптан келген студенттердің көмегімен қағазға түсірді. Ол бұл көріністерді «Экотопия 2121» деп аталатын кітабына жинақтады.  Бұл еңбек – араға 500 жыл салып, қиял-ғажайып қоғам туралы алғашқы болып жазған Томас Мордың «Утопия» кітабынан кейін жарыққа шыққан туынды. «Утопиялық сенімнің негізгі мақсаты – дүниенің жақсы жаққа қарай ауыса алатынында», – дейді Маршал.

«Экотопия» жобасына Маршалдың туған жері Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласында болған алапат зілзала түрткі болды. Ол болашақ қауіп-қатердің үлгісін жасап, қаланы аман алып қалуға болатынын түсінді. «Егер адамдар жерасты үйлерде тұрса қалай болар еді» деген сұрақ оны о баста мазалаған. «Біз қиялымыз арқылы адамдардың өзгеше ойлауына жол ашамыз», – дейді Маршал. Оның қала көрінісі ауылдық бейнені футуристік үлгімен байланыстырады.

Сингапурлықтар енді осылай өмір сүрмек. Алып шарлардың арқасында қалықтап тұрған қалада ауа мен суды қайта өңдейтін тәуелсіз экожүйе бар.

Көркемдеген: Алан Маршал және Гюзеппе Париси

Авторы: Нина Строчлик


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Тұмса табиғат әлемі

$
0
0

Ең қашық аралдардың бірі – Стипл Джейсонда қара қасты альбатростар мекендейді. Бір кездері малға жайылым болған арал бүгінде табиғи қорыққа айналған. Қара қасты альбатростардың шамамен 70 пайызы Фолкленд аралдарында ұя салады.

Соғыс оты шарпымаған, жергілікті тұрғындардың ата кәсібі қой өсіру болып табылатын Атлант мұхитындағы – Фолкленд аралдары табиғатты бұзбай сақтаудың «нағыз» үлгісін ұсынады.

Фолкленд архипелагіндегі ең қашық арал – Стипл Джейсонның жартас­ты жағалауынан қарсы алдымдағы ғажайып көрініске аңтарыла қарап қалыппын. Дүниедегі ең ірі үйір – 440 мыңнан астам қара қасты альбатрос мұндағы тік жартастарға ұя салады. Төмендегі жағалаудан оңтүстіктің Рокхоппер пингвиндерінің жамыраған дауыстары естіледі. Ізбедерлі каракаралар жемтік  іздеп, пингвин балапандарын не өлекселерін аңдып жүр.

Бұл жердің салқын суын оңтүстік-америкалық теңіз мысықтары, касаткалар, коммерсон және оңтүстік дельфиндері мен сейвал киттері мекен етеді. Суға түссең, таңғажайып балдырлар орманы, жебедей зулаған Папуас пингвиндері мен олардың артынан қалмайтын оңтүстік теңіз арыстандары өріп жүр. Тістеуіктерін көтеріп алып, шайқасуға да­йын омар крильдері теңіз түбінде тізіліп тұр.

Папуас пингвиндері сағатына 35 шақ. жылдамдықпен жүзеді. Олар ұзақ уақытты мұхитта, әдетте жағалау маңында жемтігін аулаумен әрі итбалық не касаткалардың құрығына түсіп қалмаудың қамымен өткізеді. Фолкленд аралдары – папуас пингвиндерінің атақонысы.

Көрініс керемет! Не десеңіз де, мен Фолкленд архипелагіндемін. Соғыс – ортақ тақырып. Аргентина жағалауынан шамамен 400 шақ. қашықтықтағы Британ аумағы 700-ден астам аралдан тұрады. Мұнда небәрі 3200-дей адам бар. Архипелаг тарихы Франция, Испания, Аргентина мен Ұлыбритания арасындағы ұзаққа созылған жер тартысымен белгілі, соғыс жарасы әлі сақталған. 1982 жылы Аргентина бұл жерді «Мальвин аралдары» деп атап, аймаққа баса-көктеп кірген соңғы қақтығыс – Біріккен Корольдіктің қысқа, бірақ тікелей араласуымен аяқталды. Шамамен 20 000 мина табылып, ландшафтқа өртенген тікұшақтар да құлаған. Шығыс Фолклендте әлі күнге дейін Ұлыбритания әуе күштерінің қолданыстағы аэродромы бар.

Бір таңғаларлығы, осыншама қақтығыстарға және қой шаруашылығы кең қанат жаюына қарамастан, аралдар ертегідегідей көрінеді. Фотограф ретінде отыз жылдық тәжірибем бар. Дәл мұндай жақсы сақталған экожүйе өте сирек кездеседі.

Теңіз жұлдызы балдыр ағашына жабысып алған. Бұл суы салқын Атлант мұхитының оңтүстігінде орналасқан Құс аралы жағалауындағы суасты әлемі. Фолкленд аралдарын құрайтын тау шоқылары қоректік заттарды су бетіне шығуға мәжбүрлейді.

Соғыс өрті шарпымаған Стипл Джейсон мен көршілес Гранд Джейсонды Фолкленд аралдары ішіндегі ең үлкен табысты тәжірибе үлгісі деуге болады. 1970 жылы британдық құс «сүйгіштің» қолына өткенге дейін шамамен бір ғасыр уақыт адам аяғы баспаған аралдарда қой мен іріқара алаңсыз жа­йылып жүрді. Ол аралдарды жеке қорыққа айналдырғаннан кейін өсімдіктер қайта жандана бастады. 1990 жылдары Нью Йорк хедж-қорының «азулы серкесі» Майкл Стейнхард аралдарды сатып алып, 2001 жылы жұбайы Джуди екеуі Жабайы табиғатты қорғау қоғамына қайырымдылықпен сы­й­ға тартады. Бүгін аралдар осы қоғамның иелігі мен қарауында. Мұнда мұқият бақылау арқылы зерттеу­шілер мен туристердің келуіне рұқсат етілген.

Дене тұрқы шамамен 2,5 метр, салмағы 350 кило тартатын ұлып жатқан оңтүстік теңіз арыстанының аталығы, аналығы және де екі күшігінің көрінісі. Бұл арал бейресми түрде «Балшыққа қадалған таяқ» деп аталады. ХХ ғасырдың орта тұсында жануарлар ауланғаннан кейін олардың популяциясы азая түскен. Қазір олардың Фолкленд аралдарындағы саны шамамен 7500-дей.

Бүгінгі күнге оралсақ, айналамдағы бар нәрсе табиғаттың өміршеңдігіне куә болады. Ұзындығы сегіз шақырым Стипл Джейсон аралында құстың 48 түрі тіркелген. Бірақ әлі де болса Фолкленд аралдарындағы ерекше бай тұмса табиғатқа төнген антропогендік қауіп-қатер бар: ластану, тіршілік ортасының деградациясы, мұнай дақтары, балықшы кемелері артынан сүйретілген ілмектер және климат өзгерісі. Мұхит суы арал маңында салқын, ал қашықтаған сайын жылы болуы теңіз құстары мен судағы сүтқоректілердің азық жүйесін бүлдіреді. Аралдар маңында көбейген мұнай барлау жұмыстары да алаңдаушылық тудырып отыр. Алайда Фолкленд аралдары тұрғындарының табиғатты сақтауға деген ынта-жігері жоғалған емес.

Жыртқыштардан қалған жұмыртқа қабықтары шашылып жатыр. Олардың ішінде қоңыр қаратұмсықтар да бар. Стипл Джейсон аралында альбатростар мен пингвиндер үшін басты қауіп – құстар. Альбатростар мен пингвиндер өз балапандарына ұзақ қамқор болады.

Биолог маман ретінде ешкім тұмса табиғат және адам зардабы тиген аралдар арасындағы айырмашылықты ойлаудан өзімді әрі қоя алмаймын. Стипл Джейсон аралынан қандай түйін шығара аламыз? Егер табиғатты өз еркіне тастасақ, үміт бар, қалпына келу бар. Аралдың ылдилаған жайлауы мен мұнарлаған тауларын шарласаң мың жыл артқа сапар шеккендей боласың. Экожүйе кіршіксіз. Табиғаты бас айналдырады. Жануарлар адамнан қорықпайды.

Дельфиндер Жаңа арал жағалауындағы балдырлар арасымен жүзіп жүр. Фолкленд аралдары мен Оңтүстік Америка құрлығының оңтүстік бөлігін мекендейтін олардың саны 2-20 аралығында, топ болып жүреді. Дельфиндердің акробатикалық қабілетін байқау қиын емес.

Олардың осылай қорқынышсыз қалуына не істеп көмектесе аламыз? Егер нәзік Жер шарымызға жай ғана ресурстар көзі деп қарауымызды жалғастырсақ, оның зардап шегуі тоқтамайды. Стипл Джейсон аралын жарқын мысал әрі шұғыл әрекетке шақырту ретінде қабылдау керек. Табиғатқа қарсы соғысты тоқтатып, оның гүлденуіне уақыт беру үшін Стипл Джейсон секілді адамдар керек-ақ…

Император пингвиндері Шығыс Фолкленд аралында жүріп келеді. 1860 жылдары олар бұл аралдарда көп болмағанымен,1970 жылдан бастап саны өсе бастаған. 50 жыл бұрын жеке қорыққа айналған ол жерде бүгінде мыңға жуық пингвин ұя салады.

Автор және фото: Пол Никлен


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.


Қытай тәбеті

$
0
0

Көктемде фермерлер дәстүрлі Laohuzui күріш террассаларындағы алқаптарына өскін егеді. Кейбірі жер жырту үшін әлі күнге дейін буйволдарды пайдаланады. Қытай – ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлетін ел.

Гансу солтүстік-орталық провинциясында Цзян Ванниан мен Пинг Куйсяннің 1/15 гектар жерден шалқан тұқымын жинап жүргенін көру өткенге сапар шеккендей әсер береді.

Қара таулармен қоршалған құрғақ атыраптағы телімде Цзян тот басқан тракторымен кептірілген, белуардан келетін өсімдік шөмелелерінің үстінен жүріп өтті. Олар майдаланған кезде Цзянның әйелі Пинг қолдан жасалған ашаны сабанның ішіне салып жібереді. Негізі мұндай әрекет бірнеше сағатқа созылады. Пинг әуенді дауысымен желді шақырып: «Соқ, соқ», – дейді. Машиналар бұл жұмысты санаулы минутта істейді, бірақ оны сатып алуға Цзян мен Пингтің қалтасы көтермейді. Есесіне, әлі күнге дейін ғасырлар бұрынғы фермерлер секілді шалқанды қолмен майдалайды.

Цзян мен Пинг қытайлық миллиондаған фермерлер өмірінің жарқын мысалы. Қытайдағы бүкіл фермалардың 90 пайыздан астамының жері 1 гектардан кем және олар орташа жер көлемі бойынша әлемдегі ең ергежейлілер қатарына кіреді. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Батыс әлемі 150 жылда қол жеткізген ауылшаруашылық дамуын Қытай кейінгі қырық жылда бағындырып, өздеріне бейімдеп алған. Ауыл шаруашылығының бүкіл түрі – кішігірім отбасылық шаруа қожалықтары, жарқыраған индустриалды ет зауыттары, сүтханалар, жоғарғы технологияларға басымдық берген орнықты фермалар қатар дамып жатыр.

Шанхайдағы люкс-қонақүйде таңғы ас ішіп отырған жұп жаңа қаржылық ауданның көрінісін тамашалауда. Қытайлықтар байыған сайын, Еуропаға еліктей бастаған. Елде ет және сүт өнімдері көп тұтыныла бастады.

Қытай күрделі әрі қорқынышты мәселені шешуге бас қатыруда: халқы әлемнің бестен біріне жуық, ал егістік алқабы оннан біріне тең. Өзгермелі дәмдік талғамына икемделе отырып, оларды қалай тамақтандыруға болады? Соңғы отыз жыл қытайлықтардың 57 пайызы шаһарларға шоғырланып, 1990 жылға қарағанда үш есе көп ет жейтін болған. Сүт пен оның өнімдерін тұтыну 1995 жылдан 2010 жылға қарағанда қала тұрғындары төрт есеге өскен. Сонымен қатар Қытай бүгінде өңделген тамақты көбірек сатып ала бастаған. Елдегі ауыл шаруашылығы ресурстары жұпыны болғандықтан жаңа қалыптағы тамақтануды қанағаттандыру мақсатында мемлекет қытайлық компания­ларды АҚШ, Украина, Танзания мен Чили секілді шетелдерден егістік алқап және азық-түлік компанияларын сатып алуға шақырып, көмек көрсетуге мәжбүр. Бірақ Қытайда ұзақ уақыт дәнді дақылдарды өздері өндіруді ұрандатып келді, ал оның алқаптарға тигізер әсері де бар. 2013 жылы президент Си Цзиньпин өңірлік шенеуніктермен тамақ сая­сатын талқылау барысында: «Біздің күріш қазанымыз, негізінен, қытай тамағымен толғаны абзал», – деді. Бұл күрделі сұрақ туындатады: Егер қытайлықтар өз-өздерін қамтамасыз ете отырып, америкалықтар секілді тамақ ішетін болса, бұл олардың ауыл шаруашылығы үшін нені білдіреді?

Қытайдағы ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс пен ұсыныстың сай келмеуі еңсерілмейтіндей көріну мүмкін. Елде 135 миллион гектар егістік жер бар, долбарлап айтқанда, соның 15 миллионы бүлінген немесе қалпына келуі қиын. Мұнда 1,4 миллиард тұрғын бар, бірақ Батыстың асына арқау болып отыр­ған алып фермалардың көшірмесін мұнда жасау мүмкін емес деуге болады. Мұның бір себебі – Қытай аумағының көп бөлігі таулы не шөлді аймақ. Сондай-ақ келесі себебі – егістік жерлердің 200 миллион фермаларға бөлінген болуы. Қытайдың ауылшаруашылық келбеті біртекті жасыл жамылғыға қарағанда, құрақ көрпеге ұқсайды.

Қытайдағы ең үлкен зауыттың бірі. Шанхайдың солтүстік-батысындағы тауық етін өңдейтін бұл жерде шамамен 1500 жұмысшы істеп, сағатына 10 000 құс еті әзірленеді.

Цзян мен Пингтің бақшасы өздерінің ауылымен шектесіп жатыр. Цзян мен Пинг 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басындағы үлкен аштықты бастан өткерген. Ұжымдасу жүйесі 1981 жылы аяқталған соң, мемлекет егістіктердің иелігін өздерінде сақтап қалып, ауыл тұрғындарына теңдей жерді өңдеу құқығын берді.

Бұл үдерістің нәтижесінде Цзян мен Пингке төрт алқапқа бөлінген 1,25 гектардан аз жер бұйырды. Фермаларын маған көрсету үшін 36 жастағы қызын жіберді. Ол 1900 шақырым қашықтағы Кунмингтен ата-анасының фермасын көру үшін келіпті. Өзі туристік компанияда жұмыс істейді екен. Ыстық, ашық аспан астында Юпинг Цзян мені көшенің бір шетіне қарай бастап келеді. Мен кішкентай, суару арнасына таяу орналасқан батпақтан салынған қабырғалы үй көріп, бұл ғимараттың неліктен суға тым жақын тұрғанын сұрадым. Ол көзін жыпылықтатты. «Бұл құлшылыққа арналған ғибадатхана секілді», – деді ол маған шүбәлана қарап. Мен кешірім сұраған соң, ол жарты гектардай түрлі-түсті зүбәржаттай өсімдігі бар тәттілендіргішке арналған отбасылық стеавия алқабын нұсқады. Ол маған зауыттың ұзын мұржасының астына егілген өз отбасының 2000 шаршы метрлік зығыр алқабын көрсетті. Екі жолақты магистральдан бірнеше шақырым төменде шалқан, салат және астық алқаптары бар. Кейінірек ол ата-анасы туралы айтып, өздерінің шаруа қожалықтары Америка фермаларындай болса деп армандайтынын сөз етті. «Қытайға қараңыз. Жеріміздің көп бөлігі өңдеуге келмейді, – деді ол маған, – адам күші мен еңбегі босқа кетіп жатыр».

Пекин университетінің ауыл шаруашылығы экономисі Хуан Джикуннің айтуынша, егер Қытай тағам тұтыну өзгерісін жергілікті дәнді дақылмен қанағаттандыруды көздесе, бірқатар өзгерістер қажет болады. Суару жүйесі жаңартылып, технология мен автоматтандыру кең тарау керек екенін атап өтті. Бірақ ол Қытайды жергілікті тамақпен тойдыру үшін ең әуелі елдегі кішігірім фермаларды үлкейту керектігін айтады.

Ерекше ысытылған воктарды қолданып, Ланьсян Шаньдун жоғарғы техникалық мектебінің студенттері қуыру тәсілдерін меңгеріп жатыр. Мектепте болашақ 550 аспаз дәстүрлі жолмен тамақ әзірлеуді үйренеді.

Шешім қарапайым секілді көрінуі ықтимал: «Құрақ көрпені» бір қаққанда орып түсіретіндей алқаппен алмастыру керек. Бірақ Хуан «үлкен – әрдайым мықты» дегенге күдікпен қарайды. Қытайдың негізгі дақылдары – жүгері, күріш пен бидай шектеулі межеде өнім береді. Бір зерттеу ең тиімді өнім 2-7 гектар аралығында түсетінін ұсынған болатын. Қытайдың жоспары Цзян мен Пингтің қожалығы секілді кішігірім фермаларды Канзастағы фермалар секілді холдингке біріктіру емес. Логистикалық тұрғыда бұл мүмкін емес және миллиондаған фермерлерді көшіру арқылы әлеуметтік жағдайдың бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Қазіргі таңдағы бас­ты шаруа – шекаралас жатқан алқаптарды кемінде көлемі Wallmart Supercenter сауда орталығының көлік тұрағындай болатын фермаларға біріктіру.


Қытайлық арман: ауданы шағын алқаптан қалай да көп өнім алу


Цзян мен Пинг фермасында бірнеше күн өткізген соң Қытайда әлемдегі ең күрделі өнеркәсіптік фермалардың бірқатары бар екенінің байыбына жету қиын. Олардың озық үлгісі – шенеуніктер батысқа қарап жасаған ет және сүт өнімдері өнеркәсібі. Оны көзбен көру үшін Қытайдың шығысына баруым керек еді. Мен АҚШ-тағы компаниялардан үлкенірек, төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сүт өнімдерін шығаратын өнеркәсіпке сапар шектім.

Қытайдағы ең үлкен сүт фермасы – Аньхой провинциясындағы Modern Farming’s Bengbu фермасындағы қайта өңдеу зауыты мен сиыр қораны бойлап жаяу жүріп өтем дегенше бес минуттай уақыт кетті. Шамамен 240 гектарды құрайтын фермада әрқайсысы 2880 сауын сиыр ұстауға арналған сегіз үлкен қора бар. Басқа қоралар мен бастырмалар бұзаулар мен буаз сиырларға арналған. Іріқара саны 40 мыңға жетіп, оны әлемдегі ең үлкен фермалардың қатарына қосты. Ауыл шаруашылығының бір артықшылығы – олардың көлемінде болып отыр. Қытай ет пен сүт өнімдерін ұлғайтқандықтан, бұл тұрғыдан мол табысқа қол жеткізді. Онда доңыз еті әрдайым жоғары бағаланады. Шошқа дәстүрлі түрде шарбақтарда өсіріліп, етке жіберіледі. 2001 жылы 50-ден астам шошқасы бар фермалар нарықтың ширегін құрайтын. 2015 жылғы есептеу бойынша, Қытайдағы шошқаның төрттен үші сондай шағын фермаларда өсірілген. Сондай-ақ тауық еті мен жұмыртқа тұтыну көлемін де өнеркәсіптік фермалар қанағаттандырып отыр. Алайда ең таңғаларлық индустриализация – Бенгбуда мен барған сүт өнімдері фермасына ұқсас жерлерде болды. Әдетте, шошқа өсіру секілді тамақ өндірісіне қатысты жұмыс үй шаруашылығына негізделген, бірақ 2008 жылғы қатерлі ауру жұқтырған сәбиге арналған өнімге қатысты азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты даудан кейін Қытай тамақ индустриясын жаңғыртуға кірісті. 2008 жылы сүт өнімдері фермасының алтауының біреуінде 200 не одан көп сиыр болған-ды. 2013 жылы үшеудің біреуі сондай деңгейге жетті.

Қытай тұтынушылары үшін тамақ қауіпсіздігінің маңызын асыра бағалау өте қиын. Сәби сүтіндегі меламиннің қауіпті деңгейден асып кетуінен бөлек, тыйым салынған пестицидпен өсірілген ұзын бұршақтарға қатысты мәселе де туындаған. 2016 жылы McKinsey & Company жүргізген зерттеу жұмыстары қытайлық тұтынушылардың 75 пайызға жуығы өздері тұтынып жүрген тағамдар денсаулыққа зиян деп айтқан. Стэнфорд университетінің Қытайдағы ауылдық жерлер жөніндегі сарапшысы Скотт Розеллдің айтуынша, кішігірім фермалар саны көп болғандықтан, Қытайдағы тамақ жү­йесін қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бақылау мүмкін емес. Өнеркәсіптік сүт өнімдері фермасы мен қасапханалар сапаны бақылау мен оның сенімділігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл – қытайлық тұтынушылар үшін қажет ететін нәрсе.

Юньнань провинциясының солтүстігінде орналасқан Куньмин қаласының маңындағы мына жылыжайларда жыл он екі ай жемістер мен көкөністердің небір түрі өсіріледі.

Modern Farming сүт фермасының басшылығы жұмысшы Чжан Юньцзюньмен таныс­тырды. Ол өскен үйдің орнын қазір кеңселер басқан. Билік өкілдері сүт фермасынан жұмыс беретіндіктен, жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, олардың жерін қолданғаны үшін төленетін ақыны тұрақты өсіріп тұруға уәде бергендіктен, ауыл халқы ықыласпен келісті. Ферма салынғанға дейін Чанг екі туысқанымен бірге 2,5 гектар жерді өздері игеріп, бидай мен жержаңғақ өсіретін. Елу бес жастағы Чанг қазір фермада жұмыс істеп, бұрынғы шаруа­шылығына қарағанда екі есе көп пайда табатын болған. «Адамдар өте бақытты. Фермер ретінде жұмыс істеу расында қиын еді. Қазір көп пайда табамын», – дейді ол.

Кең көлемді фермаларды жақтаушылардың түгелге жуығы маған осындай бірнеше оқиға айтып, үлкен шаруа қожалықтарын салу ауылдық жерлердегі аштықпен күресудің тиімді шешімі екенін жеткізді. Ол пікірге сү­йен­­сек, фермерлер фермаларының ауқымын кеңейтіп те, жерлерін жалға беріп те пайда тауып отыр. Бірақ бұл жоспар шынайы өмірмен әрдайым үйлесе бермейді. «Арасында ондай фермерлер де бар болғанымен бірақ олардың саны аз», – дейді Бейжіңдегі Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің ауылдық әлеу­меттанушысы Йе Цзинчжун.

Күн батуға таяғанда қоныс аударған тұрғындарға бардым. Мұндағылардың сүт фермасы жөніндегі ұғымы Чжанға қарағанда өзгеше. Олар үш жағы жүгері мен жержаңғақ алқабымен қоршалған, сары түске боялған, жапсарлай орналасқан тегіс шатырлы, екі қабатты тұрғын үйлерде тұрады екен. Жолдың ар жағынан сүт фермасының жоңышқа алқабы көз ұшына дейін созылып жатыр. Бірнеше тұрғын сүт фермасының көп жұмысшы алмағанын, үйлерінің қирағанын, жалақы төрт жылдан бері өспегенін сөз етті. Менімен сөйлескендердің бәрі қоныс аударғандарына қуа­нышты көрінбеді, бірақ ешкім соншалықты қайғырып та жүрген жоқ.

Шанхайдың солтүстік-батысындағы Цуи ауданындағы жыл сайынғы фестиваль. Мыңдаған адамға осы өңірдің деликатесі – шаян ұсынылды.

Шалғайда тұратын көптеген қытайлық үшін бұл ауыл шаруашылығы жобалары, әлемнің басқа түкпіріндегідей, жақсы жағынан алғанда, екі қырлы қылыш секілді. Үлкен мал фермалары кейбір қытайлықтарға қабырға қайыстырар шаруа – жоқшылықтан құтылудың жолы, бірақ олар қоршаған орта мен денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізеді. Қытай үкіметі 2010 жылы жүргізген зерттеу жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы саласы қоршаған ортаны тіпті өндіріс ошақтарынан да артық ластайтынын анықтаған.

Билік бұл қауіптің салдарын түсініп, жануарлардың қиын тиімді пайдалану жолдарын қарастыра бастаған. Мұны сол елдегі көптеген агробизнес өкілдері де растап отыр. Олардың арасында Modern Farming да бар. Бенгбуде компания өз қажеттіліктерінің үштен бірін қанағаттандыру мақсатында тезектен энергия алу мақсатында биогаз қондырғысын орната бастаған. «Қоқыс жоқтың қасы», – дейді ферманы таныстырып жүрген гид Лю Цян. Оның айтуынша, алқаптан қораға дейінгі, қорадан сүттің бөтелкеге құйылуына дейінгі бүкіл процесс – сол елдің көрінісі болса керек.

Шанхайдағы Ханчжоувань шығанағы бо­йына созыла біткен құмдауыттың шетінде малдың жем-шөбін шығаратын тайландтық бір конгломерат орнықты шалғын өндіретін мегаферма салып жатыр. Жалға алу мен 20 жылдық келісімшарттың өтеуі ретінде Charoen Pokphand немесе CP Group Сыци қаласының сыртындағы балшық шайған 2600 гектар жерді тамақ өндірісіне айналдырмақ. «Мақсат – қоғамға бүкіл бағытта пайда әкелу», – дейді кең шалбар киіп, жейдешең жүрген аға вице-президент Цинцзюнь Ван.

Қытайдың ауыл шаруашылығының келешегі осылай көрінеді. Трансұлттық корпорация, зауыттар, фермалар, корпоративті кеңселер мен тіпті жұмысшыларға арналған пәтерлерден су үстіндегі виллаларға дейін барлығы құрамына кіретін ауыл шаруашылығы кешендеріне құюда. Онда жылыжайлар, брокколи алқаптары, химикаттарды шашатын дрондар, аяқталуға жақын тұшпара зауыты, көлемі үш есе үлкен етіп жоспарланған, температураны бақылайтын роботтарды жөндейтін, жұмыртқаны реттейтін және сойылған құстың жүнін автоматты түрде жұлатын зауыты бар. CP Group жылына 20 мың тонна табиғи тыңайт­қыш алуға жеткілікті тауық қиын шығаруды жоспарлап отыр.

CP Group басқаратын автоматтандырылған фермада үш миллион тауық күніне шамамен 2,4 миллион жұмыртқа туады. Онда бір жұмысшыға 168 мың құстан келеді.

Өткен жылы компания аттракциондағы әуеден қарау әткеншегі тәріздес вертикальды ферма жобасын іске асырды. Бұл ферма қауашақтары бар айналып тұратын 10 метр­лік алты мұнара сиятын әрі ауасы жақсы алмасатын мөлдір қорапқа ұқсайды. Вангтың айтуынша, бақыланатын орта тыңайтқышты мақсатты қолдануға, пестицидтерге деген қажеттілікті азайтып, осындай алқаптан түсетін өнімнен төрт есе көп өнім жинауға мүмкіндік береді екен. Бұл – егістік алқабы өте аз, әсіресе фермерлер керекті мөлшерден үш есе көп тыңайтқыш қолдану арқылы ластануға үлес қосатын ел үшін айтарлықтай болашағы зор жоба. Сонымен қатар бұл CP Group компания­сына 2015 жылы билік мәлімдеген 2020 жылдарға қарай тыңайтқыш пен пестицидтерге шектеу қою жөніндегі мақсатқа сай келеді.

Бұл жоба – өндіріс логикасын тамақ өнеркәсібінде қолдануын Ванг мырза көлбеу бірігудің үлгісі ретінде қарастырады. «Адамзат пен жер арасындағы байланыс үйлесім табуы керек», – дейді ол. Ванг CP Group қолға алған тамақ өнеркәсібі жүйесі бұған қол жеткізеді деп есептейді. Жұмыртқа өндірісінде бұл үй тауықтарына арнап дән өсіру, мекиендерді тамақтандыру, кейіннен олар жұмыртқа тууға жарамсыз болғанда сойып, кәдеге асыруды білдіреді. Өнімдерін сататын компанияның жеке дүкендері бар. Егер мұның барлығы ойдағыдай жүретін болса, бұл – керемет жоба. Бірақ алда-жалда листерия бактериясы ондағы жеміс-жидекке еніп кетсе, ауру жұқтыру орталықтандырылмаған жүйеге қарағанда кең көлемде және жылдам тарайды.

Қытайдағы ауқымды фермалардың түгелге жуығы мемлекет, кооперативтер және кәсіпкерлер тарапынан жүргізіледі. Алайда мен индустриалды сүт фермаларына арнап жоңышқа өсіру арқылы байыған Ішкі Моңғолиядағы фермер Лин Люмен жолықтым. Жасөспірім кезінде Лю америкалық егіншілік жөнінде және жер өңдеу үшін техника қолдану туралы ақпаратты радиодан естіпті. Бұл топырақты қол соқамен жер жыртқаннан әлдеқайда жақсы естіледі және оны қиял кернейді. Уақыт өте келе Лю жергілікті билікті өзіне 1000 гектар жерді жалға беруге көндіреді. Ол АҚШ пен Еуропадан озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып әкеледі. Бұл техника 30 жұмысшы 20 күнде істейтін жұмысты төрт сағатта аяқтап тастайды.

Сары теңіз жағалауында Ронгченг жұмысшылары айналмалы көтергіш арқылы балдырларды құрғатуда. Қытай ас мәзірінде бұл тағамды шошқа етіне және сорпаға қосады.

Люмен жолыққан өткен жаздағы уақытта оның фермасында бірнеше орасан сарайлар, жұмысшылар жататын барақ, бірқатар кеңсе мен бастырма және тоған үстінен «қарайтын» екі қабатты вилла болды.

Кейінірек Лю өзінің жол талғамайтын Лексус көлігін кентке жууға апарды. Көлік жуылып жатқанда мен одан қанша пайда табатынын сұрадым. Айына 10 000 юань (1505 доллар) ба? Оның жауабын естігенім жоқ, алайда оның жымиғанын байқадым. Кейінірек аудармашы бұл оның ашық түрде «иә» дегенін білдіретінін айтты. Расында, ол бұдан әлдеқайда көп табады.

CP Group компаниясының саябағы мен корпоративтік кеңселеріне барғанда Лю туралы ойладым. Мұнда үлкен фермалардың аз талқыланатын тағы бір коммерциялық дәйегі, яғни ақшаның қанша мөлшерде екенін түсіну оңай. Сарапшылар қандай көлемдегі ферма әр гектарындан мол өнім алудың жолдарын қарастыруы мүмкін, бірақ индустриалды фермалар шағындарға қарағанда әлі де әлдеқайда көп пайда табады. CP Group бұған қол жеткізуге талпынуда. Компания жетістікке жету үшін озық америкалық бизнес өкілдерін, McKinsey & Company секілді кеңесшілерді жалдады.

Тамыз айында Цыси саябағына барғанда ауа райы ылғалды және қапырық екен. Power Point слайдтарындағы таныстырылымын көрсету үшін Ванг мені желдеткіші жақсы жұмыс істейтін конференц-залға ертіп барды. Біз аумаққа қарап тұрған қабырғасы терезелі басшылар тамақтанатын бөлмеге өттік. Айналатын үстелге қатар қойылған 27 ыдысқа, ішінде саябақтағы жылыжайдан әкелінген жүзім және толқынды гилоцереус бар. Вангт Қытай дәстүрі бойынша маған қызыл шарап ұсынып, жылы сөзбен мақтап қойды. Бұл Қытайда ауыз тиген ең дәмді ас болатын.

Тіпті Қытай ауыл шаруашылығын дамытуға күш салып жатса да, көптеген қалталы қала тұрғыны индустриалдық фермаға сенімсіздік тұрғысынан алға кетіп қалған. Оның ерекше мысалын Бейжіңнің солтүстігінен табуға болады. Мұнда Цзян мен Пингтің ұлы Чжэнчао Цзян Қытай ауыл шаруашылығы келешегінің кейінгі қосымшаларын салуға көмектесіп жатыр. Гүрсілдеген тас жолдың жанында тұрған екі қалың бетон ғимараттың артында 2 гектар жер өңдеп, Қытайдың ауыл шаруашылығы «құрағының» өз бөлігін жасап жатыр.

Қамыр орталық-шығыс Қытайдың Чжэнчжоудағы COFCO мемлекеттік кәсіпорнының зауытында кептіріледі. Қытайлық тұтынушылар бүгінде жылына 82 миллон тонна дайын тамақ тұтынған.

Цзян жүзге жуық өнім өсіреді. Олардың арасында қарбыз, баклажан, таро, тәтті жүгері бар. Ол өнімнің біразын көтерме базарға апарады, алайда оның негізгі бизнес көзі – Бейжіңдегі орта тап өкілдерін апта сайын қауіпсіз, бақшадан жаңадан жұлынған өнімдерді олардың есіктерінің алдына апарып беру үшін алты айлық жарна төлеуге көндіру. «Менде фермерлікпен эмоциялық байланыс бар», – дейді әлеуметтік жұмыс жөнінде жоғары білім бар Цзян. Ол алқаптағы жұмыс­ты азап деп санайтын ата-анасының уәжіне тоқтамастан, фермерлікке қайта оралды. «Мен астамшылықта өмір сүре алмаймын», – дейтін оған қазіргі жағдайы ұнайтын секілді.

Цзян – ауылдық жерде туып, колледжде білім алған қытайлықтардың қайта алқапқа барған феномені тәрізді. Аз болса да, оған қатысушылар арасында қалыптасқан сөз бар: фанатианциннян – ауылына оралған жастар. Олардың өз ұстанымдарын қолдайтын «Воту ауыл шаруашылығы тұрақты даму орталығы» деп аталатын ұйымы және Sustainable Farming деп аталатын ақпарат журналы да бар. Қытайдың табиғи өнім секторы тез қанат жайды. Кейінгі өнеркәсіп зерттеуіне сүйенсек, 2006 жылдан бері сатылым көлемі 30 есе көбейген. Зерттеушілер кемінде қоғам қолдаған 122 ауыл шаруашылығы жобасы бар екенін айтады. Ол жобада фермерлер Цзянның үлгісінде жұмыс істейді. Дегенмен қозғалыс өкілдері жобалар санының жүзге жететінін айтады.

Тұтынушылар үшін кішігірім фермаларға тәуелді болудың екі жағы бар. Бір жағынан, бұл – ферма қауіпсіз өнім ұсынады деген сенім. Өңірлік Қытай жөніндегі озық ғалым Вэнь Тьецзюньнің айтуынша, кішігірім фермалар Қытайдың ауылшаруашылық дәстүрін көрсетеді, бұл ауылдық және қалалық қытайлықтарға бірдей қатысты. «Азиядағы ауыл шаруашылығының тарихы 40 ғасырдан асады, – дейді Вэнь. – Саны осыншама көп халықты жеткілікті өніммен қамтамасыз етуден бөлек мұнда жақсы орта қалыптасқан». Вэнь 2008 жылы Бейжіңде табиғи ферманың моделі Little Donkey компаниясының ашылуына көмектесті. Келесі жылы ол қоғам қолдаған ауыл шаруашылығы жобасына айналады.

Аньхой провинциясындағы Modern Farming компаниясының Бенгбу фермасында бұзаулар жабында тұрады. Кемінде 36 000 сиыры бар бұл ферма – елдегі ең үлкен сүт өнімін өндіретін орын.

Мұндай тағам түрі Қытай нарығының аз бөлігін ғана қамтиды. Бірақ бұл қытайлықтардың көбі түгелдей азық-түлік кәсіпшілігінің болашағына сеніп кетпегенін көрсетеді. Цзян Чжэнчао ата-анасының неліктен өздерінің фермасын тастап кетуді қалайтынын түсінеді және олардың қиындықтарын қайтадан бастан өткізгісі келмейді.

Оған барғанымда Цзян мені және бірнеше әріптесін ертіп, кәуап мейрамханасына кешкі асқа апарды. Біз сыртта пластикалық үстелге отырып, құрылыста қолданылатын «ешкінің» үстіне орнатылған темір торға еңкейіп тұрған, алжапқышын тартынған етжеңді келіншекті көрдік. Келіншек бізге шошқаның кесек еттерін, тауық жүрегінен жасалған кәуәп, қара күнжіт пен тұздық құйылған талшықты томарқұлақтар, саңырауқұлақпен қуырылған қалампыр, май мен сірке қосылған баялды (баклажан), соя тұздығына малынып алынған қайнатылған жержаңғақ әкелді. Мұнда Цзян бала кезінде жегеннен еттің көп түрі бар, «Бұрынғы уақытта адамдардың иелігіндегі жері арқылы өздерін қамтамасыз етіп отыр­ғаны жаман нәрсе деп ойламаймын, – дейді ол. – Қытайда фермер болсаңыз, адамдар сізге менсінбей қарайды. Бірақ мен фермерлікті жақсы көремін. Өмір қысқа, сондықтан өзіме ұнайтын нәрсені жасағым келеді».

Гуандун провинциясындағы Цюйде балалар мектеп сыртында кеспе, жұмыртқа және еттен жасалған тамақ жейді. Бүгінде көптеген отбасында ата-ананың екеуі де жұмыс істейтіндіктен үйде тамақ жасауға уақыт тапшы.

Цзян кейінгі 40 жылда Қытай фермалары бастан өткерген өзгерістердің пайдасын көріп отыр. Біздің ағыл-тегіл шошқа мен тауық еті – соның бір бөлшегі. Сондықтан оның ауылдық Гансу провинциясы мен гипер-заманауи Бейжің арасында айналып жүруі уақыт жиһанкездігінің бір түрі секілді. Бірақ ол қоғам қолдайтын ауыл шаруашылығына байланып қалып-қалмауы белгісіз. Аз пайдаға көп жұмыс істеуден қашпайды. Ол Гансуға қайтып, үлкен ферма ашуға талпынып көруі мүмкін екенін де айтады.

Автор: Трейси Макмиллан, фото: Джордж Стейнметц


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ту сыртыңнан төнген көз

$
0
0

Камера Ислингтон ауданындағы көшемен кетіп бара жатқан жалдамалы субъектіні бақылауда.

…Ғаламшардағы әр нәрсе бақылауда. Жаңа технологиялар мен қауіпсіздік жүйесіне сұраныстың артуы бәріміздің бақылауда екенімізді білдірсе керек. Осыдан барып адамның жеке өмірі қайда қалды деген сұрақтың туындайтыны заңды.

Сенбі күні таңғы сағат 10:30 шамасында Лондонның солтүстік ауданы Ислингтонда екі ер адам мотоциклдерімен сауда «дәлізінің», яғни Жоғарғы көше бо­йымен жарыса жөнеледі. Бастарында шлем, қолғап пен жакет киген жігіттер адамнан гөрі видеоойындарындағы кейбір кейіпкерлерге көбірек ұқсайды. Олар көліктердің және екі қабатты автобустардың арасымен көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келеді. Қимылдарына қарап олардың көкейінде көңіл көтеруден гөрі маңызды шаруаның бары байқалып тұрды.

Арада үш-төрт минут өткенде олар Жоғарғы көшеден кілт бұрылып, тыныш әрі ағашы көп көшеге барып тоқтады да шлемдерін шешпестен ұзақ әңгімелесіп тұрды. Бұл кезде екі шақырымға жетпейтін жерде терезесі жоқ үйден оларды екі адам бақылап отырған еді.

Сал Эрикке: «Олар кеткелі жатыр», – деді.

Ислингтондағы жасырын бейнебақылау орталығының бөлмесінде ұзын жіңішке үстел басында бір-бірінен үш метрдей жерде екі ер адам отыр. Сал – орта жастың адамы болса, ал Эриктің жасы одан біршама кіші болатын. Екеуі де қалыпты жұмыс киімдерін киген. Арада артық әңгіме айтылмайды. Сал екі мотоциклшінің жылжығандарын көріп, пернетақтаны тарс-тұрс еткізіп тере бастады да, оныншы камераны қосты. Бір кезде олар қайтадан Жоғарғы көшенің бо­йымен зулай жөнелді. Сал олардан көз жазып қалған кезде Эрик жылдамдатып 163-камераны қосып, олардың қай жерде жүргенін анықтады. Джойстиктің көмегімен ол мотоциклдің нөмірі анық көрінгенге де­йін камерадағы бейнені үлкейтті.

Жасырын бейнебақылау жүйесінің екі операторы жұмыс үстінде. Олар шаһарды толық бақылауда ұстай алады. Лондондағы бұл жүйе 2005 жылы 52 адамның өмірін жалмаған жарылыстың жай-жапсарын анықтауға сеп болды.

Сал бірден полиция бөлімшесіне қоңырау шалып: «Жоғарғы көшеде күдікті екі мотоциклші жүр», – деп мәлімдеді.

Күдіктілер қимылын 16 монитор қапысыз трансляциялауда. Ислингтонның жасырын 180 камерасынан құралған жү­йесі «тірі» бейнелерді көрсетіп тұрды. Осы сенбінің таңы басқа күндермен салыс­тырғанда анағұрлым мамыражай күйде өтіп жатты. Алайда бірнеше күн бұрын бір жас жігіт өзінің пәтерінде пышақталып, көз жұмса, Арчуэй көшесіндегі көпірде тағы бір адам қайтыс болған. Бүгінде Финсбери саябағындағы бейнекамералар бірнеше сағат бойы мерекеге келген 35 мың адамның арасынан қалта ұрыларын және мас бүлікшілерді іздейді.

Десе де, қазіргі сәтте Ислингтон камераларының басты назарында – мотоциклшілер. Сал мен Эрик бір камерадан екінші камераға бір сарында ауысқанымен, өне бойы ызаға булыққанын байқадым. Әлгі екеудің бір жылдан астам уақыт бойы Ислингтон ауданының халқын тонаған қарақшы топтың мүшелері екеніне күмән жоқ. Олар жаяу жүргіншілердің смартфондарын тартып алып, қара базарда сатумен айналысқан. 233 мың тұрғыны бар ауданда мұндай жағдай аптасына шамамен елу рет қайталанып тұрады.

Бақылаудың бұл тәсілі 100% сенімді деу­ге де болмас. Бір анығы, олар – бақылауда. Қарақшылар аңшының нысанасына іліккен бұғы сияқты, қауіпті сезбейді.

Сол кеште Лондонның оңтүстік-батысында, орталықтан бірер шақырым жерде вагонның ішінде отырдым. Жанымда лақап аты Хаз деген ақкөңіл жас жігіт бар. Көз алдымыздағы бірнеше жасырын экраннан жақын маңдағы екі бірдей түнгі клубты бақылауға арналған он бейнекамерадан күдік тудыратындай бейнелер көрінді.

Хаз мұнда демалыс күндері айына бір-екі мәрте келеді. Түнгі клубтардың басшылығы есірткі саудасына қатысты заңнамалық дау-дамай туындамас үшін жасырын бейнебақылау бойынша мобильді оператор және бұрынғы полицей Гордон Тайерманды жалдады. Оның адамы – Хаз келушілерді бақылайды.

«Бұл – осы уақытқа дейінгі өмірімдегі ең қызықты жұмыс. Алда не болатынын болжай алмайсың. Жайлы кеш ойламаған жерден төбелеске айналуы мүмкін», – дейді Хаз.

Хаз вагонның ішінде он сағат бойы тап­жылмай отырды. Көздері келушілерді қырағы қадағалайды. Егер есірткі саудаланып, төбелес шықса, рация арқылы клубтың қауіпсіздік қызметіне хабарлайды. Ол есірткі сатушыларының күзетшілерді елемей кеу­делерін керетініне таңғалады. «Неге сонша ақымақсыңдар? – деп сұраймыз, – олар бұған ойланып қалады».

Бүгін тек жастар ерегісі мен мастар болмаса, бәрі тыныш. Хаз соған қарамастан бұл жұмысынан баға жетпес тәжірибе алғанын айтады. Ол көзге көп түсе бермейтін антропологқа тән қарым-қабілетін шыңдап жүр.

«Жасырын бейнекамералардан сізді «бұл ересектің қылығы емес» деген ойға жетелейтін дүниелерді көруге болады. Олар өздерінің кім екенін ұмытып кетеді», – деп Хаз таңданысын жасырмайды.

Олар, шынымен, өздерінің кім екенін ұмытып кете ме, әлде біреудің оны бақылап отырғанын естерінен шығара ма?

1949 жылы еуропалық авторитаризмнің орта кезеңінде британ жазушысы Джордж Оруэлл «1984» атты дистопиялық үздік шығармасын мынадай ескертпемен жария­лады: «Үлкен аға сені бақылап тұр». Алайда ол кезде «бақылау» деген ұғымның аясы тар болатын. Дәл сол 1949 жылы америкалық бір компания алғашқы коммерциялық қолжетімді жасырын бейнебақылау жүйесін шығарды. Екі жылдан кейін, яғни 1951 жылы Kodak өзінің Brownie деп аталған портативті бейнекамерасын таныстырды.

Бостон қаласындағы қылмыскерді анықтау жүйесі ғимарат ішіндегі қаскөйді бақылауда ұстайтын құрылғыны жасап шығарды. Бұл жүйе оқ дыбысын анықтап қана қоймай, инфрақызыл детекторды да пайдаланады. Содан кейін қауіпсіздік қызметкерлеріне мекенжай туралы картаны жібереді.

Бүгінде адамдардың жеке сақтайтын миллиардтаған фотолары мен бейнежазбаларын айтпағанда, ғаламторда жыл сайын 2,5 триллионнан астам сурет жүктеледі. Телекоммуникациялық компанияның есебі бо­йынша 2020 жылға қарай 6,1 млрд адамның фотоаппаратты телефондары болады-мыс. Одан бөлек тек бір жылдың өзінде ғана су жаңа 106 миллион бейнебақылау камерасы сатылған. Әлем бойынша үш миллионнан астам банкомат тұтынушыларды жіті бақылауда ұстайды. Көлік нөмірін анықтау­ға арналған автоматты құрылғы немесе ANPR деп аталатын он мыңдаған камера жол бойына орнатылып, жылдамдықты шамадан тыс асырған немесе паркинг ережесін бұзғандарды жіті қадағалап отырады. Сонымен қатар Ұлыбританияда болған оқиғадағыдай күдікті қылмыскерлердің жүріс-тұрысын тіркейді. Бүгінде киімдеріне бейнекамера іліп алып жүретін адамдар саны да артып келеді. Олардың қатарында тәртіп сақшыларымен бірге аурухана қызметкерлері және өзге де жұмысшылар бар. Сондай-ақ персоналды бақылау құрылғылары да кеңінен қолданылады. Олар – көлік бейнекамералары, жолдағы көріністерді тіркейтін гоупро, арнайы линзалармен жабдықталған есік қоңыраулары. Ең, сорақысы – бұл суреттер, яғни қаперлеріне түк те кіріп-шықпаған азаматтардың бейнелері қолымыз жетпейтін мәліметтер қорында жазылып, сақталады.

Бұлар – көзге көрінетін жай ғана «бақылау» құрылғылары. Бүгінде аспаннан дрон құрылғысын жиі көретін болдық. Оның сыры мынада екен. Тек 2016 жылы ғана АҚШ-та әуесқойлар мен кәсіпкерлерге 2,5 миллион дрон сатылды және олардың қатарына АҚШ үкіметінің пилотсыз басқарылатын ұшақтары енбейді. Олар Йемендегі террористерді бомбалау мақсатында ғана емес, сондай-ақ Мексикадан келетін иммигранттардың заңсыз кіруін бақылауда, Техаста болған дауыл мен селдің зардабы, Солтүстік Дакотада іріқара мал ұрыларын құрықтау үшін қолданылды. Сондай-ақ оған өзге елдер қолданатын мыңдаған әуе тыңшылық құрылғысы да енбейді.

Бақылау ғарыштан да жасалатынын естен шығаруға болмайды. 1700-ден астам Жердің жасанды серігі біздің ғаламшарымызды бақылауда ұстайды. Олардың бірқатары шамамен 500 шақ. қашықтықтан енекелер табыны мен орман арасынан шыққан түтінді де көре алады алады. Осылайша, бізге бейтаныс кез келген адам біз қызмет ететін ғимараттың детальді бейнесін ала алады.

Біз күніне ондаған мәрте суретке түсіріліп, мәліметтер бізге беймәлім мақсатта қолданылатын қорда сақталады. Біздің смартфондарымыз, ғаламторда іздеген мағлұматтарымыз және әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз ішкі сырымызды әшкере қылады. Privacy International қорының атқарушы директоры Гус Хосейн: «1800 жылдары өмір сүрсеңіз, полиция сырыңызды айтқызу үшін сізді қинайтын еді. Ал қазір оны қолыңыздағы құрылғылар арқылы анықтайды», – дейді.

Питер Голд Жаңа Орлеан көшесіне қайта келді. Кезінде ол дәл осы жерде бір әйелді қылмыскерден құтқарамын деп жараланған. Ол кезде Голдтың жасы 25-те. Кейін әлгі қылмыскердің аты-жөні Юрик Кейн екені және ол медицина факультетінде оқитыны анықталады. 2015 жылы болған оқиға бейнекамераға түсіп қалған еді. Бір ер азамат әйелді еркінен тыс көлікке қарай сүйрей жөнеледі. Араша түскен Голдқа оқ тиіп, жерде бүктетіліп жатқанда қанішер тағы екі рет басына тапанша тақап атпақ болады. Абырой болғанда қару атылмай, Питер аман қалады.

Тағы бір британ футурисі Олдос Хакслидің шығармасының атауындағыдай, бұл – «біздің жаңа әлеміміз». Алайда ол бізге жұбаныш бола алмайды. Проофессор Алессандро Аккисти бұл жөнінде: «Деректерді қорғауға арналған мысық-тышқан ойынында мәлімет субъектісі әрқашан ойынның әлсіз тарапы саналады», – деп ой тарқатады. Жай ғана ойын үшін мәлімет толтыру – зеріктіретін шаруа. Бірақ біреуге қатысты мәліметті белсенді түрде сақтау одан бетер жабырқатады. Техас университетінің америкалық зерттеулер бөлімінің профессоры Рандольф Льюис болса өзінің «Аңду. Қазіргі Американың бақылау жүйесі» атты жаңа кітабында: «Бақылау жүйесі көп жағдайда оны жақтырмайтын адамдарды қажытып жібереді. Ол өзінің қимыл-қозғалыс, сауда мүмкіндіктеріне қатысты сансыз кестелерімен адамның еркін жүріп-тұруына, бөгет жасайды», – деп жазады.

Аккистидің айтуынша, құпиялыққа деген ұмтылыс – адам мен мәдениет және уақыт арасындағы ортақ қасиет. Бір алаңдатарлығы, бәріміз индивидуалдық деңгейде құпиялықты жоғалтудан зардап шегеміз. Ал жалпы қоғам оның құндылығын біржолата айырылғанда ғана түсінетін болады.

Оруэл сипаттаған түнек орнады ма? Әлде үміт сыйлайтын қандай да бір көзқарас бар ма? Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы 463 инфрақызыл бейнекамераларын алып қарайық. Олар жойылып кету қаупі төнген алып панданың жүріс-тұрысын бақылайды. Рейнджерлердің түнгі уақытта Кенияның Masai Mara ұлттық қорығына түсетін браконьерлерді аңду мақсатында орнатқан термографикалық бейнекамералары немесе суасты дыбыстық видеокамера жүйесін қарастыруға болады. Бұл камера жойылу алдындағы теңіз шошқасын бақылайды. Шри Ланкадағы азайып бара жатқан орман алқаптары бейнебақылау камералары арқылы қадағаланатынын айта кетуміз керек.

Оруэл өзінің классикалық шығармасында: «Егер болашақты көргіңіз келсе, адамның бетіндегі етік ізін елестетіңіз», – деп біртүрлі ескерту жасайды. Осы бір авторитарлық көзқарас үкіметтердің осындай құралдарды көшелердің қауіпсіздігін сақтау­ға пайдалану мүмкіндігін төмендетеді. Мәселен, 2005 жылы Лондон метросында және 2013 жылы Бостонда өткен марафон кезінде болған жарылыстардың жай-жапсары бейнекамералар арқылы анықталды. Түйіні шешілмеген жағдайлар да жетерлік. Солардың бірі – Юрик Кейннің оқ атуы. 2015 жылы бейнекамераға Жаңа Орлеандағы көшелердің бірінде Юрик Кейн бір әйелді ұрлап әкетпек болды. Сол кезде Тулане университеті медицина факультетінің студенті Питер Голд әйелге араша түскенде Юрик оған оқ атқан болатын. Абырой болғанда Голд аман қалды.

Planet компаниясының ғарыштық аппараттар бөлімінің бас технигі Дино Бертолини камерамен жабдықталған жерсерікті ұстап тұр. Planet компаниясының ғарышқа лайықталып жасалған, көлемі аяқкиімнің қорабындай 150-ден астам Жер серігі бар. Егер қажеттілік туа қалса компания бір тәулікте Жер шарын түгел суретке түсіре алады.

«Бостон» айлағында Роберт Леду мен Уиль­ям Бертоззи есімді қос физик ойлап тап­қан жүктерді бақылау әдісі сынақтан өтті. Скрининг құрылғысы «флуоресценция» деп аталатын тәсілді пайдалану арқылы жүк контейнерін ашпай-ақ ішінде не барын анықтай алады. Рентгендік сканерлеу заттың пішіні мен тығыздығын ғана анықтайды. Ал мына жүйе кәдімгі және диеталық сусынның, табиғи және өңделген алмаздың, пластмассаның құрамын, жоғары қуатты жарылғыш заттарды да, атомдық және атомдық емес материалдың айырмашылықтарын бүге-шігесіне дейін көрсетіп бере алады.

Егер соңғы 150 жылда әлем бүгінгідей жіті бақылауда болғанда қауіпсіздік күшейе түсер ме еді? Қанішер Джектің түр-тұлғасын, Ли Харви Освальдтің жалғыз әрекет еткенін және О.Симпсонның қылмысқа қаншалықты қатысы бар-жоғы анықталған болар еді. Әрине, қоғам қауіпсіздігі бақылаудың басты себебі саналады. Бірақ қазіргі таңда мұндай технология көптеген жағдайда араша ретінде бағаланады. Жерсерігі түсірген бейнелердің арқасында қайырымдылық ұйымдары Ирактың солтүстігіндегі шөл далада, Мосул қаласы маңайында өмір сүріп жатқан босқындардың мекенін анықтады. Сонымен қатар ғалымдарда әлемдік климаттың күрт өзгере бастағанын дәлелдейтін мәліметтері де бар.

Оруэлдің қиялы шындыққа жанасар ма екен?! «Үлкен аға» адамзатты құтқара ма, әлде оны құл ете ме? Екі сценарий де бір уақытта рас болып шығуы мүмкін бе?

Дүниежүзіндегі бейнебақылау камерасы бойынша жалғыз инспекторы Тони Портермен бірге Лондондағы үкіметтік кеңсенің дәмханасында отырғанда бұрыш-бұрыштан жасырын бейнекамералар бізге қадалып тұрды. «Ұлыбританияда бейнебақылауға деген сұраныс өте жоғары. Мұндайды басқа елде көрген емеспін», – деді ол. Бұрынғы полиция қызметкері әрі  терроризммен күрес маманы осыдан төрт жыл бұрын бейнебақылау жүйесі күшейген елде сырттай бақылаушы болып тағайындалды. Портер мен оның қасындағы үш қызметкері әрбір жұмыс күндерін бейнебақылау камераларының үкіметтік және коммерциялық қолданушыларын бекітілген заңдар мен ережелерге бағынуға үгіттеумен өткізеді. Алайда Портер кеңсесінің құзыреті әшкерелеп, Парламентке ұсыныс айтумен ғана шектеледі.

Лондонның бейнебақылау жүйесі тоқсаныншы жылдардың басында, Ирландия әскері екі рет бомба тас­тағаннан кейін қолданысқа енді. Артынша бақылау технология­сы қарыштап дами берді. Шотландия­дағы Стирлинг университетінің үкіметтік саясат факультеті профессоры және бейнебақылау сарапшысы Уильям Уэбстер: «Ол кезде қоғам қауіпсіздігіне қатысты «егер жасыратын ештеңеңіз болмаса, қорқатын дәнеңе жоқ» деген риторикаға саяды. Өткенге көз жүгіртсек, нацистік Германияның ұраны дәл осындай болды. Бірақ бұл сөйлем кеңінен қолданылып, бейнебақылау жүйесіне қарсы кез келген уәжді жойды», – деп еске алады.

1960 жылдары АҚШ Әскери инженерлік корпусы Аризона шөлінде ені 18 метрлік 270-тен астам бетоннан құйылған крест пішіндес белгілерді жасады. Мұндай өлшемдегі белгілер әлемнің алғашқы тыңшы Жер серіктерін калибрлеуге көмектесті. Жоғарыдағы бейнені жасап шығару үшін Жер серіктерінің аспандағы жолдарын сызып шықты.

Шаһардың бастапқы қауіпсіздік инфрақұрылымы уақыт өте келе кеңейіп, негізгі жолдар ANPR техникасымен толықтырылды. Бүгінде елдің бүкіл аумағы бойынша 9 мың камера орнатылған. Олар күн сайын 30-40 миллионға дейін көлік нөмірін түсіріп, оларды сақтауға қауқарлы. Шотландияның терроризмге қарсы күрес полициясының бұрынғы координаторы Аллан Бернет бұл жайында: «Бүгінде Шотландияны аралап жүргенде ANPR камерасына түспей қалу мүмкін емес», – дейді.

Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрінің орынбасары Ник Клег Лондондағы кеңсесінде отырып: «Әлемдегі басқа қалалармен салыстырсақ, бізде бейнебақылау камералары шамадан тыс көп екеніне сенімдімін. Негізі, бұл жайт ешқандай қоғамдық талқыға түспей-ақ, саяси пікірталас орын алмай-ақ пайда болды. Оның бір себебі, біздің тарихымызда фашизм және демократиялық емес режимдер болмады. Олар басқа елдерде үкіметке деген сенімсіздікті тудырды. Ал мұнда бәрі өз орнымен жүріп жатты. Уақыт – төреші. Тарих куә», – дейді.

Үрей мен романтика элементтері Ұлыбританиядағы бақылау камераларының молдығын түсіндіруге көмектеседі. Қалай дегенмен бұл елді тыңшылық қызмет құтқарып қалды. Бүгінде Блетчли саябағындағы II Дүниежүзілік соғыс кезіндегі құпия кодтарды бұзатын мамандар музейіне келушілердің қарасы көп. Лондон Фильм музейінде жазушы әрі британдық барлау агенттігінің бұрынғы офицері Ян Флеммингтің тудыр­ған образы әккі Джеймс Бондтың құрметіне өткізілетін тұрақты көрме де – осындай. «Агент 007» – елдің соғыстан ке­йінгі өзін-өзі мақтау­дан туған персонаж. Дей тұрғанмен, оның бетпердесін ашатын шындығы да бар. Ұлыбритания – террористік шабуыл қаупі төнген алғашқы елдердің бірі. Адамдарды қорғауға келгенде Британ үкіметі өзге азат қоғамдардан мәселені жылдам шеше алатындығымен ерекшеленеді. Парламент Эдуард Сноуденнің «америкалық және британдық тыңшылық агенттіктері өз азаматтарынан жаппай мәлімет жинады» деген мәлімдемесіне қарамастан, 2016 жылдың соңында ол өкілеттіктерді бекітті. Қоғам бұған қатты наразылық та білдірмеді.

Үкіметтік байланыс басқармасының бұрынғы директоры Сноуден бұл мекемені бұқаралық деректерді жинаумен айналысатын британдық тыңшылық агенттіктердің бірі деп көрсетеді. Дэвид Оманд былай дейді: «Жалпы, біздің үкіметіміздің қызметі тиімді әрі қайырымды деп білеміз. Ол Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, білім беру және қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Құдайға тәубе, ұзын былғары киім киген ер адамның таңғы сағат төртте есігіңізді қағып тұратындай жағдай бізде болған жоқ. Сондықтан мемлекеттік бақылау туралы айтқанда әңгіменің төркіні – бөлек».

Испанияда негізі қаланған Deimos Sky Survey компаниясының үш телескобы әуеде ұшақ қозғалып бара жатқанда жақын маңдағы астероидтарды және жерсеріктеріне залал келтіруі мүмкін адам қолымен жасалған ғарыш қоқысын бақылауда. Әуе-ғарыштық инженер Ноелия Ортиз, астроном Хайме Номен және обсерватория басшысы құралдармен жұмыс істеуде.

Алайда бұл «аға» үкіметтің скептикалық көзқарасына ие АҚШ сияқты елдің жаппай бақылауға қарсы дегенді білдірмесе керек. Мұнда көптеген полиция бөлімшесі бүгінде формаға ілуге арналған бейнекамераларды қолданады. Бұл – құқық қорғау қызметкерлері лауазымдарын асыра пайдалануын тізгіндеудің бірден-бір құралы. Американың ірі қалаларында ANPR камералары көлік қозғалысы мен тұрақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады. Қыркүйектің 11-інде болған оқиғадан кейін Нью Йоркте жасырын бейнекамелар саны артты. Ал Чикаго басшылығы шаһардағы адам өлтіру оқиғаларымен күресу үшін 32 мың жасырын камера желісін іске қосуға қомақты қаржы бөлген.

АҚШ-тың тарихында террористік шабуыл болмаған. Қылмыс көрсеткіші анағұрлым төмен өзге қалалары да бейнебақылау жү­йесімен үздіксіз жабдықталып жатыр. Техас штатындағы Хьюстон қаласының орталығына жасырын орнатылған камералар жү­йесін тексердім. 2005 жылы қалада ондай бірде-бір бейнекамера болмады. Кейіннен Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының директоры Деннис Сторемски басқа қалаларды аралай бастады. Ол: «Лондонда көргенім осы технологияға деген қызығушылығымды оятты», – деп есіне алады. Бүгінде федералдық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Хьюстон қаласында 900 жасырын бейнекамера орнатылған. Одан бөлек тағы 400 «көз» бар. Лондондағыдай қызметкерлер камераларды минут са­йын бақыламайды. Сторемски бұл жа­йында: «Бұл жалпы толық бақылау емес. Біз «адамдар әрдайым назарда» деген түсінікті жойғымыз келді», – дейді.

Сол сияқты британдықтардың да бақылау жүйесінің дамуын қос қолдап қолдайтыны белгілі болды. Жасырын камералар қала инфрақұрылымының елеусіз серіктері болып саналады. Лондонда кезінде мен Оруэлмен Хаксли тұрған тыныш аудандарды араладым. Оруэлдің үйі Ислингтонның бірнеше камера орнатылған Канонбери алаңында орналасқан. Ол жерге бақылау орталығынан небәрі төрт минутта жетуге болады. Ал Хакслидің бұрынғы үйі берік үнемі жіті бақылау­да болатын сақшылар бөлімінен бірнеше шақ. жерде орналасқан.

Термалды бейнекамерадан Кенияның «Масаи Мара» ұлттық қорығын көріп тұрмыз. Тас қараңғыда рейнджерлер браконьерді қуып барады.

Қала сыртындағы Оңтүстік Йоркшир графтығындағы Барнсли ауруханасына бас сұқтым. Мұнда науқастар мен келушілердің орынсыз қылықтарының алдын алу мақсатында кейбір қауіпсіздік қызметкерлері киімдеріне бейнекамералар жасырады. Шамамен 150 мың британдық полиция қыз­меткері осындай құрылғылармен қамтамасыз етілгенін есепке алсақ, оқытушылар мен медбикелер сияқты мәртебелі лауазым иелеріне де еш қиындықсыз сондай құрылғыларды тағуға болады. Келесі кім болуы мүмкін? Стюардессалар ма, пошта қызметкерлері ме?

Бейнебақылау комиссары Портер маған: «Кейбір жергілікті билік органдары такси жүргізушілеріне де бейнекамераны тақтыруды ұсынуда. Ол мынадай сұрақтан келіп туындайды: Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Біреу бізге қастық жасайды екен деп бір-бірімізді бейнекамераға бей-берекет түсіре беруіміз қаншалықты дұрыс?» – деді.

Қайтар кезде мен Лондонның мұнтаздай таза көшелерін аралап жүріп соңғы сұрақ туралы ойландым. Бұрыштардағы және шам бағаналарындағы циклоп тәрізді линзаларға көзім түсті. Осы жолдармен жүріп отырып, Темза өзені арқылы әйгілі Уестминстер көпіріне дейін жеттім. Лондон қаласында селфи жасау үшін қолдарына смартфон ұстаған туристерді көрдім. Біреудің камерасына түсіп қалатынымды түсініп, әр жолы суретке түсуден бас тарттым. Соған қарамастан онда менің барлық іс-қимылым осылай байқаусызда камераға түсіп қалғаны ма? «Барлық адам бір-бірін бақылап жүреді» деген ұғымды білдіретін «Үлкен аға» тіркесі, шынымен, маңызды болғаны ма?

Дүниежүзілік тұмса табиғат қорының құрылғылары Mara Conservancy ұйымына жабайы табиғатты түнгі уақытта да қорғауға мүмкіндік берді.

Қоғамның нақты дәлелге деген сұранысы мәселесін ортаға тастадым. Қасымда қос бірдей қырағы бақылаушы бар. Солардың бірі – Хлоя Комби. Оның алғашқы кітабы «Z буыны: Олардың жанайқайы және өмірі» деп аталады. Бұл туынды – британдық жасөспірімдерден жүздеген сағат бойы алынған сұхбаттардың жемісі. Олар суретке және бейнекамараға түсу мәселесіне мүлде бейжай қарайды. «Олардың телефондарынан біреудің бүкіл өмірінен сыр шертетін деректі фильм көре аласыз. Біз күннен-күнге құпия-сыры азайып бара жатқан әлемде өмір сүруді бастадық. Түбінде құпиялық «тауарға» айналуы мүмкін. Ол оны сатып алуға жеткілікті ақшасы әрі ықпалы бар адамдар үшін ғана қолжетімді болмақ. Ал басқалары үшін бүкіл әлем өзінің ролін ойнап жүрген адамдардан құралған сахна болады», – дейді Комби.

Комби баяндайтын футуристік көрініс бойынша, әрбір адам – әрі вуайерист, әрі эксгибиционист. 24/7 туындысына таңдай қақтым. Маған ол «1984» туындысының және «Таңғажайып әлемнің» эгалитарлық нұсқаларындай әсер берді. Мұнда да дистопиялық жанр аз сезілмейді. Әлеуметтанушы Уильям Стейплс айтқан «ұдайы назарда болу күйіне» жеткеніміз бе? Біздің визуалды жадымызда сүйкімді балақайлар, марғаулар мен пілдер басым. Сонымен қатар ДАИШ-тың өлім жазалары және қарусыз азаматтарға оқ атқан полиция қызметкерлері де бар. Қанша жерден «біз жалғыз болдық» деп айтсақ та, жеке өміріміз күн сайын әуежай қауіпсіздігі экрандары мен әр жерде орналасқан бейнекамералардың бақылауында.

Нейролог ғалым, әлеуметтік желілерге тәуелділікті зерттейтін танымал сыншы және ағылшын парламентінің мүшесі Сьюзан Гринфилдтен де осы жөнінде сұрадым. «Жеке өмір мен одан айырылу деген ұғым өз мәнін жоғалта бастағандай. Біз өзімізді тыюымыз керек. Барлық адам үнемі ашық байланыста және іс-әрекетінің ел назарында болуы керемет деп ойлайды. Бірақ барлығы ашық көрсетілсе не болмақ? Гугл суреттерінен таба алмайтын ар-намыстың абстрактылық әлемін қалай түсіндіресіз? Өмірдің сезімге толы тұстары жоғалады», – деді ол.

Патшайымның мұқият бақыланатын үйін­дегі дәмханада Тони Портермен әңгімелесіп отырғанда да алдында айтқан сөзім қайтадан аузымнан шығып кетті. Мен одан: «Үлкен аға» тудырған қорқыныштың бүгінде негізі жоқ емес пе?» – деп сұрадым.

Рейнджерлер күндіз үйірінен адасып қалған және жыртқыштарға ұсталып қалу қаупі төнген пілдің баласын құтқарды.

Бейнебақылау комиссары жымиып: «Мен халық алдында сөйлеген сөздерімде осы терминді пайдаланамын», – деді. Сосын ол салмақты бола қалды. Портер жақында монархиялардан құралған федерация – Біріккен Араб Әмірліктеріне барып келді. Ол жерде өзге көзқарас құпталмайды және бейнебақылау технологиясына қызығушылық жоғары екен. «Мен сіздің ойыңыз­ды түсінемін. Бірақ үкіметтің бейнебақылау жүйесі инвазивті әрі мықты. Ол адамның ең ұшқыр қиялынан да асатын қабілетке ие. Оны, айталық, селфимен салыс­тыруға келмейді», – деді Портер.

«Тыңдаңыз, – деп ол сөзін жалғастырды, – нағыз қауіп интеграцияланған бақылау жүйесіне көшкен кезімізде туады. Ірі сауда ұйымдары әрбір потенциалдық элементті «аңду» үшін миллиондаған фунт жұмсайды. Мен орта жастағы толық жігітпін. Супермаркетке кіргенде олар дауыс зорайт­қыш арқылы круассандарды жарнамалай бастайды. Оның алдын алуға тым кеш пе?»

Бейнебақылау технологиясындағы жетістіктер кейбір азаматтық либертариандықтар үшін желдей зулаған пойыз іспетті. Кембридж университетінің қауіпсіздік техникасы бөлімінің профессоры Росс Андерсон: «Алдағы жиырма жылдағы болашағымыз туралы ойлауымыз керек. Өйт­кені дәл сол уақыт – толықтырылған шындық технология уақыты болмақ. Мәселен, бір сантиметрге кем дегенде 3000 пиксельге дейін жететін OculusRift 2.0 технологиясы дәуірі келе жатыр. Ол сізге дәріс залында артқы орындықта отырып-ақ лектордың телефонындағы мәтінді оқуға мүмкіндік береді», – деп ескертеді.

Мұның соңы неге әкеп соғуы мүмкін? Бір жағынан, мұндай құралдарды әдейі басып тастау ойы шындыққа жанаспайды. Алты жыл ғұмырын терроризмге қарсы заңнаманың тәуелсіз рецензенті болып қызмет атқарған лондондық адвокат Дэвид Андерсон: «Бір тарапта бұл технология бізге зор мүмкіндіктер ашып береді. Үкімет оларды басқа қатаң шаралармен бірдей қолдануы керек деп, айналада камера жоқ деген оймен өмір сүруге дағдылану. Мен, сөзсіз, біріншісін қолдаймын. Үкіметке сену керек деген пікірді ұстанғандықтан емес, пісіп-жетілген демократияның арқасында кемшіліктердің орнын толтыруға кепілдік болатындықтан қолдаймын».

Мына кішкентай ғана дрондар АҚШ Теңіз Флоты әскерилері алып жүруге ыңғайлы етіп жасалды. Оларды көптеген мақсатта пайдалануға болады. Мәселен, дауылдарды бақылау, шекараның бойын тормен қоршау немесе егін егетін шаруаларды қадағалауға қажет.

Ал басқа жағынан алып қарасақ, мұндай технологиялық прогрестің реттелмейтін нарыққа таралуына жол беру – ақылға сыймайды. Колумбия университетінің қызметкері Джамил Йаффер: «Біз жүріс-тұрысымыз бен сөзіміз бейнекамераға жазылатын, жеке өміріміз толықтай бақыланатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ өмірдің тіптен жазбаға салынуы нені білдіретінін енді түсіне бастадық. Жаңа технологияларды енгізерден және бейнебақылаудың жаңа үлгілерге қоғамды үйретуден бұрын аталған бейне бақылау технологияларының ұзақмерзімді салдары қандай болатыны жөнінде ойлануымыз керек», – дейді.

Мұндай пікірлер қайдан туады? Шындығында, өзгеріс әкелетін фактор бар. Тілге тиек еткен технология бүкіл Жер шарының құрлықтық массасын күн сайын бақылай алады. Ол – Сан-Францискода орналасқан Planet компаниясының жемісі. Оның негізін қалаған – Уилл Маршал да, Робби Шинглер де бұрынғы NASA ғалымы.

Олардың штаб пәтерлері байырғы Силикон жазығында орналасқан. Басым бөлігі жастардан құралған 200-ден астам маман ашық кеңістікте жұмыс істейді. Үлкен жұмыс алаңынан бөлек бірнеше конференц-залы да бар. Оларға компаниялардың дамуына үлес қосқан кейбір қаһармандарының есімдері берілген. Олардың ішінде Галилео, Ганди және Альберт Гор да бар. Терезесінен жақын маңдағы дәмхана көрінетін сондай бір залдардың бірінде отырдым.

Маршал мен Шинг­лер келіп қосылды. Біріншісі – сұңғақ бойлы британдық. Екіншісі – ақкөңіл Калифорния азаматы. Екеуінің де жасы

39-да және алдыңғы кештен енді ғана ес жиғандай болып көрінді. Олар Planet компаниясындағы бес жылдығын атап өтпекші. NASA ұйы­мында оларды ғарыштан суретке түсіру идеясы қызықтырды. Әсіресе Жердің бейнесі.

Олар кәдімгі смарфтондарды ғарышта сынап көріп, аса қымбат емес камералардың ғарышта өз қызметін атқара алатынын дәлелдеді. «Ол бейнелерді қайтеміз? Оларды адамзат игілігіне қалай пайдаланамыз деп ойладық. Әлемдегі мәселелерді тізіп шығайық: ашаршылық, баспана тапшылығы, орманды отау. Егер қолыңызда біздің әлеміміз туралы жуықта жарияланған мәлімет болса, аталған мәселелердің барлығын шешу оңайырақ болады. Мәселен, бірнеше жылдан кейін оянып, Амазон орманында ойық барын білсеңіз қайтер едіңіз? Бұған қатысты ақпаратты Бразилия үкіметіне алдын ала жеткізсек қалай болар еді?» – деді Шинглер.

Мына ұзын экспозициялы суретте АҚШ Орман қызметінің ұшағы Калифорниядағы «Секвойя» қорығындағы Изабелла көлінің маңына қонып, айналаны суретке түсіріп алмақшы.

Маршал мен Шинглер алғашқы модельдерін Силикон жазығындағы гаражда жасап шығарды. Олар о баста аса қымбат емес, аяқкиім қорабының көлеміндей ғана Жер серігін жасауды жоспарлаған. Кейін Маршал маған: «Адамзат тарихындағы ең үлкен жерсеріктер шоқжұлдызын құруды көздедік», – деді. Компания мұндай құрылғыларды қолдану арқылы жер бетіндегі өзгерістерді толығымен бақылай алады.

2013 жылы олар Жер серіктерінің бірін жіберіп, алғашқы суретті алды. Алдыңғы картографиялық суреттерге қарағанда бұл түсірілім ғаламшар сыртындағы тіршілікке деген анағұрлым динамикалық көзқарас қалыптастырды. «Бізді ең қатты таңғалдырғаны бұл суреттердің әрқайсысы Жер шарының жыл сайын өзгеріп жатқанын көрсетуінде. Мәселен, алқаптардың пішіндері өзгеріп, кейбір өзендер құрғаған. Ағаштар оталып, ғимараттар көптеп салынған. Осының барлығын көргенде ғаламшарға деген көзқарас түбегейлі өзгеретіні анық. Адамдар ол суреттерден әр елде оталып жатқан ормандарды көріп қана қоймай, зор мағлұмат та ала алады», – деді Маршал.

Қазіргі таңда Planet компаниясы ғарышқа 200-ден астам Жер серігін жіберсе, олардың 150-ге жуығы Doves деп аталады. Олар күн сайын жердің әр қыртысы мен тау-тасын суретке түсіруде. Planet компаниясының Исландия мен Антарктида секілді шалғай жерде де стансалары бар. Сондықтан оның да клиенттері алуан түрлі болып келеді. Компания Перудегі ормандардың оталудың алдын алу мақсатында Амазон табиғатты қорғау қауымдастығымен жұмыс істейді. Ол Amnesty International ұйымын Мьянмада қауіпсіздік күштерінің рохинджа тайпасының қыс­тақтарына шабуылдағанынан хабар беретін суреттермен қамтамасыз етті. АҚШ әскері Сириядағы Шайрат әуе базасын бомбалағанға дейін ғарыштан түсірілген аймақтың бейнесі қажет болды. Мұндай кезде ақпарат агенттіктері қай ұйымға хабарласу керектігін біледі.

Олар – «тегін» клиенттер. Төлейтін клиент­терінің қатарында Orbital Insight компаниясы бар. Ол – Силикон жазығында негізі қаланған, Жер серіктері берген мәліметті интерпретациялайтын геокеңістіктік сараптамалық фирма. Компания мұндай бейнелердің көмегімен Оңтүстік Америкадағы жол және ғимарат құрылысын, Африка мен Азия­дағы дәнді дақылдар егістіктерін бақылай алады. Мекеменің конференц-залында отыр­ған бас атқарушы директор Джеймс Кроу­форд ноутбугін ашып қақпақтары қалқып жүрген қытайлық мұнай цистерналарының әуеден түсірілген суреттерін көрсетті. «Қорлар, банктер мен мұнай компаниялары өз цистерналарында не барын біледі. Алайда өзгелердікінде не барын білмейді. Сондықтан жасалған кадрлар арасындағы уақыт аралық өте маңызды», – деп қулана күлімсіреді Джеймс Кроуфорд.

«Ең ірі бесінші барлау агенттігі» атауына ие болған ұйымның 850 мыңнан астам ерікті зейнеткері бар. Олар қызыл жилет киіп, жүреді. Бейжіңнің «көзі» саналады. Олар мереке кезінде топтасып көлік қозғалысын бақылайды, келушілерге ақпарат береді. Олар көбіне көшедегі күдікті адамдарды бақылаумен танымал.

Ал Planet компаниясының маркетинг тобы күндерін түсірілген суреттерге шұқшия қараумен өткізеді. Іздегендері – әлдебір мүдделі тарапты анықтау. Әлдебір сақтандыру компаниясы әлдебір үйлерге зиян келтірген тасқын су зардабын зерттеу­ді қалайды. Норвегиядағы бір зерттеуші мұздықтардың шытынап жатқанын дәлелдеуді көздейді. Ал кезіп жүрген диссиденттік әскерге тойтарыс бергісі келетін диктаторды қайтпекпіз?

Осы тұста Planet компаниясының өзіндік этикалық нұсқаулары іске асады. Ол арам ойы бар клиентпен бірге жұмыс істеуден бас тарта алады әрі клиенттердің сатып алған суреттерді сынап-мінеуіне жол бермейді. Басқа да маңызды шектеулердің бірі – технологиялық бағытта. Planet компаниясының әлемді бақылау технологиясының үш метр ажыратылымдылықтағы техникалық мүмкіндігі тарыдай боп көрінетін жүк көлігінің бейнесін анықтауға жеткілікті. Алайда адам сұлбасын көрсете алмайды. Ал резолюция мүмкіндігі 30 сантиметрлік жоғары сапалы бейнелерді Digital Globe спутниктік қызмет ұсынушы компаниясынан алуға болады. Бүгінде Planet компаниясының бір өзі күнделікті Жер шарының барлық жерінің бейнесін түсіре алады. «Мұның оңайға соқпайтынын біле тұра, бір кездері мүмкін еместей көрінген нәрсеге қолжеткіздік», – деді Маршал.

Қалай болғанда да, Planet топ жарып шықты. Ал басқалары күндердің күні оның соңынан ереді. Олар да Planet компания­сы көздегендей игі мақсаттарға қызмет етер ме екен?! Сурет сапасын жетілдіріп, инвазивтілігін арттыруға бола ма? Маршал оның мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. «Адамның түр-тұлғасын 500 шақырым қашықтықтан анықтау үшін көлемі автобусқа пара-пар камера қажет», – дейді ол. Сондай-ақ ол соған ұмтылатын америкалық компанияның түрлі күрделі құқықтық кедергілерге тап болатынын атап өтті.

Әрине, заң өзгереді. Біздің технологияға қатысты шектеулеріміз де өзгеріске ұшырайды. Осыдан екі жыл бұрын ғарышта іске қосылған Жер серіктерінің басым бөлігі АҚШ үкіметіне тиесілі. Оның шамамен 170 Жер серігі бар болса, ал Planet компаниясы шығарған жерсеріктер саны АҚШ-тан да асып түсті.

Сан-Францисконың күзгі салқын кешінде Planet компаниясына қайтып бардым. Клиенттер ол жерге жерсерік бейнелерін қалай пайдаланатынын көрсетіп, мақтану үшін барады.

Мониторлар айналасына жартылай шеңбер болып жиналған техникаға құмар адамдардың арасымен өттім. Қайда қарасам да ғаламшар көз алдымда тұрды. Бразилия штаты – Параны да, қызылмен белгіленген амазондық тоғайларды да көрдім. Қызыл жарық арқылы автоматты түрде жер иелеріне белгі беріледі: «Ескерту! Әлдебіреу сіздің иелігіңіздегі жерде ағаштарды отап жатыр», – дегендей… Сингапур айлағында жүк тиеп жатқан жұмысшыларды көрдім. Соғыстан зардап шеккен Алеппода жаңа күре жолдардың салынып жатқанына куә болдым. Сібірдегі мұнай ұңғымаларын да көрдім. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайыз­ға артқан. Бұл – жоғары өрлеген өндірістің таңғаларлық белгісі.

Planet қожайындары келушілерге бір ауыз сөз айту үшін кідірді. Энди Уайлд бірінші болып сөз бастады: «Жер жүзін түгелдей қадағалайтын дәрежеге жеткеніміз – үлкен жетістік. Бүгінде бұл технология иелері оны табыс көзіне айналдыруға мәжбүр». Ал Том Бартон: «Бір жылдан кейін «мәссаған, біз, шынымен, де әлемді өзгерттік» деп айта алатындай жағдайға жетеміз деп үміттенемін», – деді.

 

Бір жас келіншек маған өзінің ноутбугіндегі суреттерді көрсетті. Аты-жөні – Энни Нелай. Ол Planet компаниясында «клиенттердің мәселелерін шешуді жобалау» бөлімін басқарады. Нелай клиенттерінің бірі – Техастағы сақтандыру компаниясы. Компания кей үйлерді қайта сақтандырып жатқан кезде біраз қожайындардың өз иелігінде бассейн барын жасырып қалғанына сенімді. Осылайша, әр сақтандыру полисінен ұтылған компания 40 пайыздық шығынға батады. Сөйтіп, ол Planet компаниясынан Техастың Плейно қаласындағы үйлердің жерсеріктен түсірілген суреттерін сұрады.

1500 үйдің ауласына зер салғанымызда 520 бассейннің тіркеуге алынбағандығын аңғардық. Оның үлесі сақтандыру компаниясы клиенттерінің айтқандарынан анағұрлым жоғары. «Адамдардың өтірік айтатынын білесіз ғой», – деді ол.

Ол осы ақпаратпен не істейді? Плейноның жым-жырт қыстақтарына рейд жасай ма? Осылайша, сақтандыру ақысын көбейте ме? Жаңа джакуззилер орнатып жүрген жұмысшылардың суреттерін беттеріне баса ма? Болашақ осында. Шындық мейірімді оқытушыдан да маңызды. Ол – отаушыларға, ұрыларға, бомба тастаушыларға және тілсіз жауға қарсы қару, т.б. Сонымен қатар біздің қателіктерімізге де тосқауыл бола алады. Танспарент дәуірі есік қағып тұр!

Қонақүйге қайтып бара жатқанда Ислингтондағы қос мотоциклші есіме түсті. «Олар, шынымен, заңға қайшы әрекет істеді ме екен?» – деп ойладым. Олар бейтаныс адамдардың жіті бақылауында болғандарын білер ме екен? Дәл қазір мен де біреудің назарында шығармын. Кім білсін?

Авторы: Роберт Дрейпер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Табиғат ашқан жаңалық

$
0
0

Қала сәулетшісі, инноватор әрі түнгі уақытта суда малтуға құмар Даан Росенгаардты биолюминесцент планктон ерекше шабыттандырады. «Олардың батареясы жоқ, ақы талап етпейді, оларға күтім жасаудың да керегі шамалы, – дейді ол, – біз олардан не үйрене аламыз?».

Бұл – Росенгаардтың өмірлік мақсаты: Планетамызды бүлдірместен қалаларды пайдалырақ әрі әсем ету үшін ол табиғаттың өзіне сурет салады.

Адамдар тек көлік құралдарына ғана назар аударып, сол көлікті айдайтын жер бетін қаперге алмауын голландылық инноватор ерсі деп есептейді. Инфрақұрылым бізді қалалар мен машиналардан да артық ажарландырады. Росенгаар әңгімені жолдарға арналған өнертабыстарына бұрды: температура өзгерген кезде түсі құбылатын бояу, электромобильдерді қуаттандыра алатын жолдар, қала шамдарынан қуат алатын шағылысқыш жолақтар.

Теңіз деңгейінен төмен орналасқан елде тұратын Росенгаард бұл жұмысты өзінің жеке міндеті деп біледі. «Технология мен жақсы жобасыз, біз су астында қалар едік», – дейді ол.

Даан Росенгаардтың күннен қуат алатын велосипед жолы, күндіз жинаған қуатымен түнде жарқырап тұр.

Авторы: Наташа Дэйли, фото: Марк Болсиус


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Ақылды құстар

$
0
0

Аустриядағы құс зерттеу қаумалында «өнертапқыш» Фигаро кешью жаңғағына қол жеткізу үшін жасаған құралын көрсетіп тұр. Оның бірінші құралы бамбук ағашының бір таяқшасы болатын.

Бұл – Фигаро. Гоффин какаду құсы. Ол кардоннан құрал жасауды үйреніп алған. Сондықтан, кейбір адамдарды «құсми» деп келемеждеуді доғару керек. Себебі құстар да ақылды.

Габриэлла Мэн Сиэтл қаласында тұрады. Онымен «жерлес» америкалық қара қарғалар Гэбиді жақсы көреді. Сегіз жасар қыздың бұған бұлтарпайтын дәлелі бар.

Ол пластиктен жасалған әшекейлер қобдишасын әкеліп, «байлығын» ортаға төкті. Әрбір шағын ұяшықта қарғалар сыйлаған бұйымдар сақталған: алтын моншақ, інжу сырға, бұранда, қызыл түсті лего бөлшегі, түрлі-түсті және таза шыны кесектер, тауық сүйегі, тау сутасы, кварц кристалы және тағы басқа көптеген дүние.

Бәрі сирек кездесетін жәдігер ретінде мұ­қият сақталған, табылған күні жазылып, категорияларға бөлінген. Гэби арасынан екеуін таңдап алды, бұл екі зат – оның ең сүйікті дүниелері. Бірі – маржандай алқызыл жүрек пішінді әшекей, екіншісі – титімдей күміс тіктөртбұрыш бойтұмар. Оның бір қапталына BEST деп ойылып жазылған. «Өйткені олар мені жақсы көреді, – дейді ол ойлана алатын мақұлықтар туралы, – олар менің не жақсы көретінімнің бәрін біледі. Өйткені олар мені бақылайды. Олар құдды бір тыңшыдай».

Англияда Ллойд пен Роуз Бактың Элли есімді тұйғыны қанатын жайған күйі жоғары жылдамдықпен тар өткелден ұшып өтуде. Аэронавтика зерттеушілерінің айтуынша, жыртқыш құстар ағаштардың орналасу жиілігін саралап, саңылау тауып, кедергіге соғылмай өту үшін қаншалықты жылдам ұшу керектігін түйсікпен сезеді.

Сол күні таңертең бір қарға, шамасы, Габидің інісі «сәбижүз» деп атаған қарға болуы тиіс, өлі шаншарбалықты әкеліп, көзден таса қалмайтын жерге – артқы аулаға апаратын баспалдаққа тастапты. «Осымен, олар маған екінші рет өлі балық әкеліп отыр. Неге екенін білмеймін, – дейді Гэби, – маған ол ұнамайды. Сол күні түс қайта інісі екеуі артқы ауладағы құс астауына жем салуға асықты. Гэби бір астауды – қабығы аршылмаған жержаңғақпен, екіншісін – итке арналған тамақпен толтырды. Екі қарға қылқан жапырақты ағашқа ұшып келді. Бірі – Сәбижүз еді. Тұмсығына әлдебір қызғылт-сары зат қысып алған. Ол электр сымына жылжып, Гэбидің аяқ астына тұмсығындағы затты тастады. «Мынаны қара! Ойыншық!» – деп ол миниатюралық резіңке кальмарды жерден алды да, айнала билей жөнелді. Сәбижүз отырған жерінен оны бақылады.

Қарғалар шынымен адам істеген нәрсені істей ме, яғни өздеріне доспейілдік танытқандарға сыйлық бере ме? Қарға, яки басқа кез келген құс мұндай шешім қабылдай ала ма? Бұған қарғалар мен қарға тұқымдастарды зерттейтін ғалымдардың жауабы – «иә». Шындығында, адамдар, басқа приматтар және осы құстар арасындағы ұқсастықтар зияткерлік қабілеттердің түп негізін зерттейтін ғалымдардың назарын аударып отыр. «Құстар сүтқоректілерден эволюциялық дамудың бөлек жолына түскенімен, бір-біріне ұқсайтын когнитивтік шешімдерге қайта оралған сыңайлы, – дейді Лондон университетінің Куин Мэри колледжінің биолог-когнитивисті Натан Эмери, – сондықтан бұл қарғалар эволюциялық қандай өзгеріс олардың ойлау дағдыларын тудырғанын түсінуге көмектеседі».

Осы ғасырға дейін ғалымдардың көпшілігі: «Қарғалар талғампаз әрі ақкөңіл», – десе миығынан күлер еді. Өйткені құстар (және сүтқоректілердің көбі) инстинктивті түрде ғана реакция беруге жарамды «ақымақ» мақұлық деп есептеліп келді. Шамамен 1900 жылы ғалым Людвиг Эдингер құстардың нейрондық анатомиясы жайлы қате анықтама бергенге дейін де олар «суми» деп қаралды. Эдингер құс миында неокортекс жоқ деп ойлады. Бұл – сүтқоректілердің миындағы ойлануға жауап беретін бөлік, онда жұмыс жадысы, жоспарлау және мәселелерді шешу тәріздес когнитивтік функциялардың көбі орындалады.

Кішкентай Гэби Манн өзі тұратын Сиэтл қаласындағы аулада жаңғақ беру арқылы қарғалармен дос болып алған. Қайтарымы ретінде олар Гэбиге сыйлық әкеледі.

Осылай пайымдалған ақыл-ой жетіспеу­шілігіне қарамастан, ХХ ғасырда психологтар жануарлар түйсігін зерттеуде құстарды пайдаланды. Әсіресе олардың «сүйіктісі» – ми көлемі жержаңғақтай кәдімгі көгершіндер, шымшық пен зебра амадиналары, олардың миы тіптен кішкентай болатын. Ғалымдар анықтағандай, көгершіндердің есте сақтау қабілет өте жоғары. Олар адамның бет-әлпеті мен оның жүзіндегі өзгерісті, әліппенің әріптерін, тіпті Монет пен Пикассоның суреттерін ажырата алады. Басқа ғалымдар солтүстік-америкалық жаңғақшы құстардың, аспанкөк бұта жорғаторғайлары мен сарышымшықтардың таңдай қақтырар есте сақтау қабілеттері бар екенін ашты. Мәселен, жаңғақшылар күз сайын 30 мың қайың тұқымын жинап, қорға сақтайды және бірнеше мың титімдей «қамбаға» бөліп орналастырады. Олар бұл жерлерді қыс бойы есте сақтаулары қажет.

1950 жылдары зерттеушілер баққунақтар, торғайлар және зебра амадиналары тәріздес әнші құстар шырқауды қалай үйренетіндерін зерттей бастады. Олар құстың сайрауы мен адам сөзі арасында таңғалдырар ұқсастық тапты. Айталық, Алекс деген африкалық сұр тотықұсқа психолог Айрин Пепперберг ағылшын тіліндегі дыбыстарды айтуды үйретеді (Пепперберг Алекстің ағылшын тілін шын мәнінде үйренбегенін баса айтады). Алекс 2007 жылы 31 жасында «дүниеден» өткен кезге дейін түс, зат, сан және пішінге қатыс­ты шамамен жүз ағылшын дыбысын жаттап алды. Ол «жасыл», «сары», «жүн», «ағаш», «жаңғақ» және «банан» сөздерін анық айта алатын болды әрі адамдармен «сөйлесуде» үйренген дыбыстарын пайдаланды. Ол «бірдей» және «әртүрлі» сөздерін түсініп, сегізге дейін санай алатын. Нөл абстрактілік ұғымымен таныс болды. Пеппербергтің көңіл күйі болмағанда Алекс: «Сабыр ет», – деп айтатын. Ал ауырып ветеринарлық клиникада қалған кезде үйін сағынып, «кері қайтуды» сұрайтын. Ол әрдайым иесіне қайырлы түн тілеп, тіпті өлер алдында: «Сау бол. Ертең көрісеміз. Сені жақсы көремін», – деп қайталады.

2006 жылы тұмса табиғатты зерттеуші биолог Джон Марзлуфф пен Сиэтл қаласының Уашингтон университетіндегі оның студенттерінің бірі суреттегідей маска киіп, жеті қарғаны ұстап алып, байлап тастаған. Бүгін егер Марзлуфф не басқа адам әлгі масканы киер болса, осы аймақтағы барлық қарғалар, оны шұқып шабуылдап, артынан аңду үшін жиналады. Олар басқа маска кигендерге тиіспейді.

Алекстің сөйлеуді имитациялау қабілеті және ағылшын тілінде сөздерді дұрыс контексте қолдануы тотықұстардың вокалдық үйрену қабілетінің, яғни мәнді дыбыстарды имитациялаудың түп-төркінін зерттеуге түрткі болды. Мұндай қабілет тотықұстармен бірге сайрағыш құстарға, колибрилерге, адамға, кит тектестерге және кейбір басқа түрлерге тән.

Бұл жаңалық халықаралық зерттеушілер тобының Эдингердің ұзақ жылдарғы қанаттылардың нейрондық анатомиясы жөніндегі тұжырымдамасын қайта қарауына сеп болды. 2005 жылы олар өздерінің қайта талдауын жариялады. Талдауда құс миы нейрондық құрылымға ие екені, оның «паллиум» деп аталатыны, ол сүтқоректілер миындағы неокортекске ұқсайтындығы және күрделі ойлау қабілетімен байланысты басқа да ми бөліктері бар екені айтылады. Олар жаңа номенклатура мен құстардың нейрондық анатомиясы бойынша жаңа тұжырымдама қабылдау идея­сын құптады.

«Құстар мен сүтқоректілердің ми бөліктері түрліше орналасқан, – дейді Никола Клейтон. Никола Кэмбридж университетінде психолог болып істейді және қарға тұқымдастардың когнитивтік қабілетін зерттейді, – сүтқоректілердің миы сэндвич сияқты қабаттарға бөлінеді, ал құстардың миы пиццаға көбірек ұқсайды. Бөліктердің бәрі бар, бірақ десте жоқ». Жақында басқа зерттеушілер ұзақ уақыт есте сақтау мен шешім қабылдау қабілетіне байланысты қанаттылар мен сүтқоректілерде ми талшықтары ұқсас келетінін анықтады.

Сол уақыттан бері өткізілген зертхана мен жабайы табиғаттағы көптеген зерттеу нәтижесінде құстардың қаншалықты «зияткер» екендігі анықталды: жапон көкшымшықтары, кішкентай шығыс-азиялық әнші құстар өз «достарына» жыртқыштар туралы хабар беру үшін «пи-пилаған» дабылдарын іске қосады. Олар топ болып бірігіп, жыртқышты жабыла қуып жіберу үшін өзіндік мағыналы шақырту дыбысын салады. Оңтүстік Америкадағы торғай тотықұсы есім функциясын атқаратын дыбыс шығарады. Олардың үлкендері балапандарына «есім» қояды екен.

Жаңа Зеландияның оңтүстік аралындағы Альп тауы кеа (нестор) тотықұсының мекені болып табылады. Аустриядағы мына құс зерттеу қаумалында төрт кеа тотықұсы ағаш мұнарадағы жемге қол жеткізу үшін шынжырды бір уақытта тарту қажет екенін біледі.

Жаңа Гвинеядағы аталық қара какаду – музыкалық аспапта «ойнайтыны» белгілі болған бірінші жануар. Аналықтардың назарын өзіне аудару үшін ол шыбықтар мен собықтан таяқша жасап, кеуекті ағашқа шығып, «барабанда» ойнаған іспетті дабыл қағады. Индонезияда тіршілік ететін Гоффин какадулерінің де сыры бар. Адам баққандары құрал жасай алса, жабайысында мұндай қабілеті жоқ. «Олар жаңа зат пен өздері басқара алатын сыдырма түймелік, құлыптар мен түйме тәріздес заттарды ұнатады», – дейді Алис Ауерсперг Аустриядағы құс қаумалы қасында тұрып. Осы уақытта қолда өскен 14 какаду төбемізде шыр айналып жүрді. Олар кішкентай әуесқұмар инженерлерге ұқсайды.

Ауерсперг – Венадағы ветеринарлық медицина университетінде когнитивтік биолог. Ол құстарының құлыпты ашу және құрал жасауда қаншалықты ақылды екендерін көрсету үшін Маппет есімді құсты шақырды. Алайда он төрті бірдей сынақ алаңына құлаш ұрды.

Ауерсперг күрсініп былай дейді: «Кей адамдар құстарын сынақ алаңына кіргізе алмай әлек болады. Мен болсам шығара алмай қиналамын. Олардың бәрі сынаққа қатысқысы келеді».

Ақыры Ауерсперг Маппеттен басқаларын алаңнан шығарып жіберді. Қолымен белгі беру арқылы ол Маппетке сынақ алаңына ұшып барып күтуді бұйырды. Ол ит сияқты құстарға да «кел», «бар», «күт» деген бұйрықтарды оңай үйретуге болатынын айтты. Ол кешью жаңғағы салынған пазл-қорабын алаңға апарып қойды. Біз де, Маппет те қораптың терезесі арқылы жаңғақты көре аламыз, бірақ бес құлыпты ашпайынша қораптың аузы тарс жабық болатын. Түйреуіш, бұранда және білік. Оларды өзіндік кезекпен ашу керек. Он какаду кемінде сол құлыптардың бірнешеуін ашты, ал Маппет пен тағы төртеуі жаңғаққа дейін бара алды. Кейде оған екі сағат уақыт кетсе де олар тапсырманы бұлжытпай орындады. Бұл – күрделі танымпаздық қабілет белгісі.

Олардың ойлау жүйесі қаншалықты икемді екенін көрсету үшін екінші сынақта ол құлыққа барып, бір құлыптың бұрандасын алып тас­тайды. Маппет не өзгергенін түсініп, үшінші құлыпқа көше ме әлде бұранданы іздей ме? «Олар тапсырманы автоматты орындай ма, әлде құлыптардың қалай істейтініне мән бере ме – соны тексермекшіміз» – дейді Ауерсперг.

Аустралия құрлығында кездесетін зебра амадиналары адал жұп құрып, басқа көптеген құсқа қарағанда «жарының» көзіне шөп салуы сирек. Осындай жұбы жазылмайтын құстардың қабілетін тексеру үшін Вайоминг университетінің зерттеушілері арнайы лабиринт-сынағын ойлап тапты. Жұптағы әр құс лабиринттің басқа бөлігінде «оқытылды». Сынақ нәтижелері осы жыл аяғына таман белгілі болуы тиіс.

Маппет құлыптарға бір қарап алды да, тұмсығымен сақинадан бұранданы бұрап шығарып алды. Содан кейін ол дөңгелекті айналдырып, жылжымалы білікті суырып алды. «Есік» ашылып, Маппет жаңғаққа ие болды.

«Олар мәселені түсінгеннен кейін оны қалай шешу керек екенін есте сақтайды. Сол себепті орындары ауысса да әр құлыптың қалай шешілетінін біледі. Меніңше, олар құлыптардың бір-бірімен байланысын түсінеді де ойлау жүйесі жағдайға икемделе алады».

«Құстар, әсіресе қарға тұқымдастар мен тотықұстар қазір «қанатты приматтар» деген атаққа ие болған», – дейді биолог Эмери. Ол жұбайы Клейтонмен бірге жазған еңбегінде қарға тұқымдастарға осы терминді ойлап тапты. Бұрын олар бірге жүргізген зерттеу айдарлы жорғаторғайлардың жаңғақтарды басқа жымысқы түрлерінен инстиктивті түрде жасыр­майтынын көрсеткен. Олар өз тұқымдастарының жаңғақтарын ұрлағаннан кейін ғана өз азық қоймаларын басқа жерлерге көшіре бастаған. «Ұрлау тәжірибесі жорғаторғайлардың мінезін өзгертті, – дейді Эмери, – білесіз ғой, ұры ұрыны алыстан таниды емес пе?» Олардың зерттеуі жорғаторғайлардың басқа құстар не ойлайтынын (және қаскүнемдік жоспарын) түсінуі мүмкін деп тұжырымдады. Ойланудың бұл түрін зерттеу әрі басқа жануар­ларда бақылап тексеру өте қиын.

Эмери мен Клейтон қарға тұқымдастар мен приматтар 300 миллион жылдан астам уақыт бұрын бөлініп кетсе де ұқсас кешенді когнитивтік қабілет дамытқан деп тұжырымдайды. Өйткені екеуі де бірдей қысым – әлеуметтік топтарда тіршілік етеді, бұл басқалардың ынтасы мен ниетін түсінуді талап етеді. Олар сан түрлі азық іздеп, оны өңдейді, ал кей қорекке құрал жасау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жабайы табиғатта шимпанзелер, орангутандар және жалғыз бір құс түрі – жаңакаледондық қарға ғана осындай қабілеттерімен ерекшеленеді.

Мына жылтыраған қара құстар тегі жағынан америкалық қарғалармен байланысты. Олар Жаңа Каледония жақта, Тынық мұхиттың екі оңтүстік-батыстағы аралдарында ғана тіршілік етеді. 1993 жылы жаңазеландиялық эколог Гавин Хант дәл сол жерде бір қарғаның ағашта әлдебір нәрсені жасырып отырғанын көрген.

«Мұны біз қазір шошақты құрал деп атаймыз, – деп Хант кардон қораптағы заттар арасынан әлдебір нәрсені алып көрсетіп. – Оны көрген бойда құрал екенін түсіндім: әлдекімнің бір мақсат үшін жасаған заты. Археологиялық қазба кезінде тауып алғанымда оны адам жасаған деп ойлар ма едім.  Бірақ мен орманнан таптым және оны қарға жасаған».

Арни есімді кәдімгі қараторғай Ллойдпен бірге Роуз Бак отбасымен Сомерсетте тұрады. Мұнда ол ағылшын тілінде сөйлеп, Ллойд пианинода ойнаған кезде шаттанады. Арни Моцарт, Бетховен, Шуберт пен Бахтың шығармаларын ұнатады.

Хант қарғаның құралын қолыма ұстатты, ұзындығы шамамен 15 см, бір шеті қалың, екінші шеті сүйір келген, арасында ара тісіндей екі кішкентай шошақ бар. Ашық жасыл түсті құрал жұқа әрі ыңғайлы. Көптеген тропикалық аралда өсетін пальма тәріздес өсімдік – панданус бұтағының жапырағынан жасалған. Мұны жасау үшін адам қайшы қолданар еді. Қарға тұмсығын пайдаланған.

«Олар сүйірлеу ұшынан бастап шошақтарды қиып жасаған», – дейді Хант.

Жасап болғаннан кейін қарға құралды тұмсығымен тістеп, тарақан немесе өрмекші тәріздес жемтігін аулау үшін әлдебір ағаштың не панданус бұтасына ұшып барады. Сондай-ақ сол ілмекті және тік шыбық-құрал жасап, онымен шіріген ағаштан қоңыздардың дернәсілдерін аулайды. «Олардың дәл адамдардай дәстүрлері бар, – дейді Хант, – сондықтан панданус жапырағынан жасалған шошақты құрал мен ілмекті құралдардың өлшемі мен пішіні бірқалыпты келеді».

Өз құралын, әсіресе арнайы бір мақсатқа арналған өзіндік жобадағы құрал жасай алатын жануарлар кемде-кем. Джейн Гудолл шимпанзелер құрал жасай алатынын анықтағанға дейін ғалымдар мұндай қабілет тек адамдарға ғана тән және адам интел­лекті эволюциясына ықпал еткен осы деп па­йымдаған болатын.

«Жаңакаледониялық қарғалардың да мұндай қабілеті және құрал жасау өнері бар екенінің ашылуы маңызды, өйткені, біріншіден, бұл – олардың жабайы табиғаттағы қалыпты тірлігі, екіншіден, бір-бірімен тығыз байланысы жоқ жануарларда да мұндай қабілет дамығанын көрсетеді, – дейді Уашингтон университетінің жабайы табиғатты зерттеуші биологі Джон Марзлуфф, – мұндай құрал-сайман жасау интеллекті мүлде өзгеше кемінде екі түрлі ми түрінде дамығанын білдіреді».

Қарғалар приматтарға, соның ішінде адамдарға да ұқсайды, тек басқа жағынан. Олардың ми көлемі дене көлемімен салыстыр­малы түрде алғанда – үлкен. Ми көлемі интеллектуалдық қабілетке өлшем болмаса да, біз, яғни адамдар миы үлкен жануарларды ақылды деп ойлауға бейімбіз. Қара қарғаның миы небәрі 14,5 грамм тартуы мүмкін, бірақ бұл оның дене салмағының 1,3 пайызына тең. Қарғалар мен ала қарғалардың ұшатынын ескерсек, олардың ми көлемі тіпті әсерлі. «Сондықтан құстардың сүйектері ауа кеуешектеріне толы», –  деп түсіндіреді Окленд университетінің эволюционист биологі Алекс Тейлор. «Ұшу үшін құстардың сүйегі кішкентай болуы заңдылық. Сондықтан сүтқоректілерден гөрі миы үлкен құс көбірек таңданыс тудырады», – дейді ол. Ал миы жаңғақ көлеміндегі құстар нейрон талшықтарын нығыздау арқылы «берілген» кеңістікті жақсы пайдаланады. Расында, жақын арадағы зерттеулер қарға тұқымдастардың, басқа әнші құстардың және тотықұстардың миындағы нейрон талшықтары сүтқоректілерге қарағанда анағұрлым асып түсетінін көрсетті.

Десек те, «ҮЛКЕН МИ» құстар үшін кедергі келтіреді. Ендеше, неге олардың миы үлкен?

2007 жылы YouTube көрермендері Сноубол есімді аустралиялық ақ тотықұстың өнеріне тәнті болды: Backstreet Boys тобының Everybody әнінің мелодиясына биледі. Ол Оңтүстік Каролинадағы Bird Lovers Only жануарларды құтқару қызметі орталығында мекендейді.

Көптеген зерттеуші күрделі когнитивтік қабілет артындағы шынайы себеп приматтардағыдай шым-шытырық қоғаммен байланысты деп ойлайды. Мұны қарға тұқымдастарында тексеріп көру үшін Вена университетінің когнитивтік биологі Томас Бугняр ай сайын Аустриядағы Альпі тауларында орналасқан Конрад Лоренц зерттеу орталығына барып, жануарлардың мінез-құлқы мен когнитивтік қабілетін зерттеумен айналысады. Мұнда ол әріптестерімен бірге бірнеше жүз жабайы қара қарға үйірінің әлеуметтік динамикасы бойынша зерттеу жүргізді.

Бугнярдың айтуынша, құстар қоғамы сүтқоректілер қоғамынан түбегейлі ерекшеленеді: «Сүтқоректілерде ең негізгі әлеуметтік байланыс – ана мен бала арасында, бірақ құстарда бұл айырмашылық – жұптар арасындағы байланыста. Бұл қатынас үйрену арқылы қалыптасады».

Қара қарғалар алты айға толғаннан бастап және жыныстық тұрғыда жетілгенге дейін осындай байланыс орнатуға талпына бастайды. Көптеген ересек жұп гетеросексуал келеді және екі ересек құс отбасын асырап-өсіру үшін өз аймақтарын бірге қорғайды. Сондай-ақ ересектер әлеуметтік қолдау қауымдастығын құру үшін өз серігінен бөлек басқа құстармен одақтастық қалыптастырады. Қарғалар бір-бірінің қорларын қарау, әлдене беру және ұрлау арқылы бір-бірімен танысады: басқаларына не ұнайды, не ұнамайды, олардың мінезі, қайсысы батыл, қайсысы қорқақ.

Басқа қарғалар өзге қалыптасып жатқан қатынасты бақылап, оларды үзіп те жібере алады. Бугняр мен оның әріптестері куә болған 90 қара қарға арасындағы шамамен 180 «еншілес байланыстың» 1/4 үшінші тарап кесірінен бұзылған. Сол себепті одақтастықтың әлеуеті зор. Әлеуметтік байланыс орнауымен құстар доминантты иерархияда өседі. Басқа құстар олардың осындай күшке ие болуларына кедергі келтіруге тырысады. Қара қарғалар есепсіз одақтастарымен бірге қорек және ұя салу мекендері тәріздес шектеулі ресурстардың ең үздігіне бірінші боп қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

Қара қарғалар адамдар, шимпанзелер, пілдер мен дельфиндер секілді «ажырап-қосылған» қоғамда тіршілік етеді, яғни азық, мекен немесе жолдас іздеп басқа алқаптарға көшкен кезде құс үйірлері ажырап кете береді. Бугнярдың Альпі тауларындағы зерттеу тобында 7-ден 10-ға дейін құс жұбы бар. Басқа жүздеген құс түнде шағын топтарға бірігіп, бір-біріне күтім көрсетеді, ойнайды, ерегіседі және ақпаратпен алмасады. «Әдетте, олар қорек пен біздің ойымызша, әлеуметтік мүмкіндіктерді іздеу үшін қысқа қашықтыққа ғана барады», – дейді Бугняр.

«Тұтқындағы» қара қарға Брен жіптің бір ұшындағы етті алу үшін оны тартып, аяғымен басып тұруы керек екенін ұғыну үшін оған шамамен 30 секунд кетті. «Қарғалардың іс-әрекетті тексеру қабілеті бар», – дейді қарға тұқымдастарын зерттеуші Бернд Хейнрич пен Томас Бугняр.

Керісінше, ұялас жұптардың өз аумақтарын тастап кетуі сирек. Көмектесу не араға түсуі үшін ең оңтайлы уақытты күтіп барлығы басқа құстардың қарым-қатынастарын бақылаумен болады. «Қара қарғалар әлеуметтік байланысты қалай орнатуды және ұрпақ өрбіту жағдайында осындай байланысты қалай пайдалану керектігін үйренуі керек, – деп түсіндіреді Бугняр, – бұл – үлкен қысым. Менің ойымша, бұл құстарда үлкен ми мен когнитивтік қабілеттерді жетілдіруге әкелді. Зерттеулерімнің нәтижесі ақыр соңында осыны көрсетеді деп ойлаймын».

Сонымен, неліктен Сиэтл қаласындағы қарғалар кішкентай қызға сыйлық әкеліп әуре?

«Олар не себепті ондай қадамға баратынын білмеймін, – дейді Бугняр, – сыйлық сыйлау – олардың табиғи мінезі. Былайша айтқанда, олар әлгі қызға сыйлық бергенде, ол тамақ беретінін біліп алған».

«Бұл – екі тарапты байланыс, – деп келіседі Джон Марзлуфф, – Гэби үнемі оларды тамақтандырады, ал қарғалар тамақты сый деп қабылдайды. Айырбас ретінде олар сыйлық әкеледі». Адамдарға бір нәрсе сыйлау – ала қарғалар мен қара қарғалардан басқа жабайы құстарға таңсық қылық. Мазлуффтың айтуынша, қарғалар Гэбиді таниды. Ол студенттерімен бірге университет кампусында бірнеше эксперимент жүргізген. Осы эксперименттер қарғалардың ешқашан адамның бет-әлпетін ұмытпайтынын көрсеткен. Олар бұрын ұя салған мекенінде өздеріне зияны тиген адамдарды тани алады, тіпті бұл ақпаратты өз балапандарына немесе басқа қарғаларға береді.

Гэби мен оның отбасы жуырда Нью Йорк штатындағы Итака қаласына көшті. Ата-анасы толық көшіп болғанға дейін ол бірнеше рет келіп-кетіп жүрді. Сиэтлге келген сайын Гэби қарғаларға азығын беріп жүрді. «Сәбижүз бен оның достары біздің келгенімізден хабардар. Олар біздің көлігімізді таниды», – дейді Гэби. Ол кеткен кезде құстармен қоштасып, Сәбижүзге айналасы досқа толы бақытты өмір, көз жауын алатын бұйымдар және жаңа мекендегі жаңғақтар тілейді. Өйткені Гэби де досы Сәбижүздің өзіне тілеулес екенін сезеді.

Ғалымдардың айтуынша, мына суреттегі Мэтт Сиглдің Вайомингтегі фермасындағыдай, тауықтар когнитивтік тұрғыда дамыған түр болып есептеледі. Олардың қоғамы иерархиялық сатыдан тұрады, сандарды санай алады, қарапайым арифметиканы түсінеді және көңіл күй түсуден бастап бақытты сезінуге дейін эмоцияларды бастан кеше алатынға ұқсайды.

Авторы: Виргиния Морелл, фото: Чарли Хамилтон Джеймс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Былқылдаған қозықұйрық

$
0
0

Жер бетіндегі ең үлкен организм – томарқұлақ тамырлары Орегон штатының Көгілдір тауларындағы 9,6 шаршы шақырымды алып жатқан жерасты желісіндей.

Әдетте, саңырақұлақ туралы зерттеулер аз. Медицинада бұл саланы зерттеу енді ғана қалыптасып келеді. Жұғымдылығы және тағамдық нәрі аз оларға қажетті дәрежеде көңіл бөлінбейді, алайда оның көпшілігі құнарлы заттарға бай. Биохимик және шөппен емдеуші Мартин Поуельдің пікірінше, саңырауқұлақтан қатерлі ісік пен ақыл-есі кем сырқаттың оңалып кетуіне мүмкіндік беретін құрамдас заттар бөлінеді.

«Саңырауқұлақ – жұмбаққа толы өсімдік», – дейді «Пенн» саңырау­құлақ тағамдары орталығының директоры Роберт Бильман. Ол жетекшілік еткен соңғы зерттеулер аталмыш өсімдікте кең таралған екі антиоксидант– эрготионин және глутатион барын көрсетті. Бұл қарт адамдарда кездесетін Альцгеймер және жүрек ауруларын емдеуге көмектеседі. Ал кейбірі галлюцогенді қасиетімен танымал.

Саңырауқұлақ тек аспаздардың бағасын алып қана қоймай, емдік қасиетін де көрсетуде. Болашақта саңырауқұлақтың да супертағамға айналуы ғажап емес.

ФОТО: РЕБЕККА ХЕЙЛ, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ. САҢЫРАУҚҰЛАҚ СОЛТҮСТІК САҢЫРАУҚҰЛАҚ АЙЛАҒЫНАН ЖӘНЕ SHARONDALE САҢЫРАУҚҰЛАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ЖИНАЛҒАН. БҰЛ АҚПАРАТ ҚАНДАЙ ДА БІР СЫРҚАТТЫ ЕМДЕУ МАҚСАТЫНДА ЖАРИЯЛАНБАҒАН.

Авторы: Даниэль Стоун


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Viewing all 593 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>