Quantcast
Channel: Зерттеу | National Geographic Qazaqstan
Viewing all 593 articles
Browse latest View live

Орманды жұтқан пальма майы

$
0
0

Малайзия. Пальма жеміс сабақтарын өңдейтін диірменнің көбі материктегі Малайзияда орналасқан. Басқа дақылдармен салыстыр­ғанда пальма бір гектар алқаптан көбірек өнім береді. Әлемдегі ең өтімді көкөніс майына деген сұраныстың шарықтауы кесірінен ірі өндіруші елдердің, яғни Индонезия мен Малайзия табиғатына орны толмас зиян келіп, бүтін қалған орман жоқ.

Әлемнің Азияда өндірілетін пальма майына деген тәбеті қоршаған орта мен Тұмса табиғатқа алапат зиянын тигізуде. Бірақ Африканың Габон елі орман алқаптарын сақтай отырып, осындай кәсіп жүргізудің озық үлгісін көрсетуден үмітті.

Габонның оңтүстік-батысында жүздеген шақырымға созылып жатқан көне орман бар. Мұндағы Нгуни өзенінің бойында сингапурлық агробизнес кәсіпорны – «Олам» компаниясы орналасқан. Біз бұл жерге компанияның бірнеше қызметкерімен бірге сүйір қайыққа отырып келдік. Піл іздеріне ілесіп, орманға кірдік. Қалың көне ағаштардың, шимпанзе ұялары мен гориллалардан қалған тау-тау тезектің жанынан өтіп барамыз. Төбемізде маймылдар жүгіріп жүр. Оламдық жас орманшы аяқкиімін шешіп, жалаңаяқ ағашқа өрмелей жөнелді. Ол қараөрік сияқты алқызыл жемісті уысына толтырып алып түсті.

Ары қарай жүре отырып, мангу, кола жаңғақтарын көрдік. Айналасындағы ағаштар пілдің ұзын таяқ тісімен жырылған.

Конго Демократиялық Республикасында жұмысшылар езуге дайын пальма жемісін жұмсарту аппаратынан алып шығуда. Майлы пальма, лат. Elaeis guineensis – Африканың батысы мен орталығына тән өсімдік. Қазіргі таңда бұл аймақта коммерциялық плантациялар жайылып барады. Егер индустрия толық масштабта қанат жайса, ол маймыл, піл мен басқа да жойылу қаупі төнген жануарлардың аса маңызды тіршілік ортасына қол сұқпақ.

Күннің қия түскен сәулесі астында тұрып, ағаштардың оталып жатқанын көру жүректі ауыртады. Бұл жер саябақ не қорық емес, бұл – Моуила пальма майы плантациясының бір бөлігі. Оны «Олам» компаниясы басқарады. Егер бұл жер әлемдегі пальма майын жеткізуші ең ірі екі ел – Индонезия мен Малайзияда болса, ағаш кесушілер мен бульдозерлер қатар-қатар пальма ағаштарын отырғызу үшін аймақты күреп-тазалап жүрер еді.

Беталды құла өскен бұтақтары астында қызыл жемістің үлкен байламдары бар май пальмалары ежелден келе жатқан негізгі дақылға жатады. Мыңдаған жыл бойы адамдар олардың жемістерін қайнатып, ұсақтап, одан ас пісіретін май алумен келді. Жылу үшін олардың дән қабықтарын жағып, жапырақтарын шатыр­дан бастап, кәрзеңке тоқу үшін түрлі нәрселерге пайдаланған. Алайда өткен бірнеше он жылдықта пальма майын тұтыну күрт артты. Оған тең мөлшерде екі себеп бар: бірі – майдың әмбебаптығы мен кілегей текстуралық қасиеті, екіншісі – оны шығаратын ағаштың өнімділігі. Бірдей май мөлшерін алу үшін соя бұршақтары тәріздес дақылдарға қарағанда пальмаға екі есе аз жер телімі қажет.

Пальма майы дәл қазір әлемде жоғарғы сұранысқа ие өнімдер қатарында. Ол әлемдегі майға деген сұраныстың үштен бірін құрап отыр. Оны көп ел, әсіресе Үндістан өзінің тамақ өнеркәсібінде күнделікті пайдаланады. Супермаркет сөрелеріндегі барлық тауар құрамынан пальма майын табуға болады: печенье, пицца шелпегі, нан, далап, лосьон, сабын мен тағысын тағы. Ол тіпті экологиялық таза деп есептелетін биодизель құрамында да бар.

Бұл майды ең көп тұтынатын ел – Үндістан. Саны көп үнді елі жаһандық тұтыну мөлшерінің 17 пайызын иемденіп отыр. Одан кейінгі орындарда – Индонезия, Еуроодақ пен Қытай. АҚШ – қазіргі кезде сегізінші орында. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық тұтыну мөлшері 65,5 миллион метрикалық тоннаға немесе долбарлап алғанда адам басына 9 кило пальма майына жетеді деп болжанып отыр.

Осы сұранысты қанағаттандыру үлкен құрбандықты талап етті. 1973 жылдан бері Малайзия мен Индонезияға ортақ – Борнео аралында пальма плантацияларын өсіру үшін 41 мың шаршы шақырым «жауынды орман» оталып, өртеліп, бульдозермен тегістелген. Бұл – 1973 жылдан бері Борнеодағы жалпы орманның бестен бірі жермен теңестірілді деген сөз. Оның 47 пайызы 2000 жылдан бері ғана оталған.

Индонезия. 2015 жылы Борнео аралындағы батпақты жерде жайылған орман пальма плантациялары үшін өртелді. Сол жылы табиғи апат пен жасанды өрт кесірінен ауа ластанып, 12 мың адам түрлі тыныс алу жолдар ауруының асқынуынан көз жұмды. Индонезиядағы парникті газдың жартысына жуығы ормандарды, әсіресе көмірге бай батпақты аймақтарды отаудан не өртеуден пайда болады.

Орманды осылай отау жабайы табиғаттың жұтаңдауына әкелді. 1999-2015 жылдар аралығында жойылу алдындағы Борнео орангутандарының шамамен 150 мыңы қырылды. Мұның негізгі себебі орманның жоғалуы мен аңшылық болғанмен, пальма майы өндірісі де – басты факторлардың бірі. Бұл аймақтың климат өзгерісіне де әсер етпей қоймады. Индонезияда парникті газ шығарындыларының жартысына жуығы ормандардың оталуы мен ауаның қатты ластануына тікелей байланысты.

Плантация аймақтарында тұратындардың одан да басқа проблемалары бар. Балаларды жұмысқа салу не адамдарды күштеп көшіру сияқты адам құқықтарын таптайтын оқиғалар жиі кездеседі. Индонезияның Суматра аралында пальма майын өндіретін компания­лар тұрғындарды үйсіз қалдырып, ауылдарды күреп тастаған кездер де болған.

Осындай тәжірибенің кесірінен Габон билігі экологиялық апат пен халық наразылығына жол бермек емес. Үкімет пен «Олам» арасындағы келісім аясында, компания май пальмаларын рұқсат етілген жерге ғана өсіре алады.

«Габондағы талпынысымызды орманды түгелдей шауып тастамай, пальма майы өндірісі, ауыл шаруашылығы мен орманды сақтау арасында баланс ұстаудың жаңа жолын іздеумен түсіндіруге болады», – дейді Ли Уайт. Ли Габонның саябақтар агенттігінде табиғат қорғау биологі болып істейді. Габон халық саны екі миллионға жетпейді. Индустриалдық масштабтағы ауыл шаруашылығын қолға алуған үкімет құнды орман алқаптарының қай бөліктерін сақтау аса маңызды, қай бөліктерінде пальма өсіруге болатынын анықтау үшін ғылыми сараптамаларды пайдаланбақ.

Бенин. Пальма майы – Батыс Африкада ежелден тұтынылатын өнім. Оның өндірісі индустриал­дық түрден гөрі қолөнерге жақын болған. Бенин әйелдері пальма майы өнімін керегіне жарату үшін оны әлі күнге дейін қолмен өңдейді. Ұлпадан майды шығарып, сығу үшін ең әуелі олар жемісті қайнатады. Мына суретте әйел жеміс талшықтары мен қабықтарын майлы қоспадан айыруда. Тек майын қалдыру үшін, бұл қойыртпақ артынша қайта қайнатылады.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай Африка да осы дақылды өсіруге сыбана кірісті. Оны өндіретін елдер кіріске тәуелді. Пальма майына бойкот жариялау – қисынсыз нәрсе: балама май дақылдарын өсіру одан да көп жерлерді «жұтып қояды». Бұл өнімің кең таралғандығы сонша, оған қарсы күресу бекер. Ең қорқыныштысы, осы майдан өндірілетін және де қорегімізде жиі кездесетін натрий лаурил сульфаты мен стеарин қышқылы ингредиенттері жайлы тұтынушы түк білмейді. Біз пальма майын тұтынудан түбегейлі бас тартуымыздың ықтималдығы аз. Жалғыз амал – оның өндірісінің зиянын барынша азайту.

Индонезия мен малайзия қазіргі уақытта пальма май индустриясының эпицентрі болып отыр. Алайда пальма май ағашы, яки Elaeis guineensis Азияға тиесілі емес. Оның отаны – Африканың батысы мен орталығы. Археологтар бұл жерден орман түкпіріндегі өзен сағасында көмілген үш мың жылдық пальма жаңғақтарын тауып алған. 1800 жылдарда британдық саудагерлер сабыннан бастап, маргарин мен майшамға дейін түрі арта түскен өнімдер құрамында пайдаланылатын пальма майын Африкадан импорттаған. Ғалымдар глицеринді майдан айыруды үйренген кезде оның қолданысы еселеп артып, ол фармацевтика, фото-пленкалар, парфюмерия, тіпті жарылғыш заттар өндірісінде қолданылды.

ХХ ғасырдың соңына таман май пальмалары Индонезияға жеткізіліп, ол жақта коммерция­лық плантациялар кең етек жайды. 1930 жылдардың соңында оның көлемі 100 мың гектарға жетті. Одан кейінгі жарты ғасыр­дай уақытта агробизнестегі прогресс – түрлі патогендік ауруларға төзімді ағаштар сұрыптау, тозаңдандыру үшін африкалық бізтұмсықтарды пайдалану өнімді еселеп, май пальмаларына инвестиция құюды арттырды. Десек те, 1970 жылдарға дейін Борнеоның төрттен үші қалың «жауынды орманға» толы болатын. Пальма майына деген жаһандық сұраныстың артуымен оны нарыққа жеткізуге жарысқан компаниялар бұл ормандарды өртеп, отап тастады. Трансмайдың денсау­лыққа зияндылығына қатысты алаңдаушылық пальма майы өндірісін одан ары қыздыра түсті, көптеген өнімнің құрамындағы трансмайдың орнын пальма майы басып, биодизельге деген сұранысты да арттырды.

Индонезия. Жаңа Гвинеядағы пальма майы өсірілген аумақтың көрінісі; Борнео мен Суматрадағы орман мен батпақты жерлердің түгелі пальма плантация­­сы үшін жаппай оталып, құрғатылған. Greenpeace мәліметтеріне сүйенсек, елдің батпақты алқаптарды құрғатуға жариялаған мораторийі Папуа провинциясындағы мына плантацияның кейбір бөлігінде сақталмай отыр.

2000 жылдардың басында осы дүмпу шарықтап, Борнеодағы мыңдаған шаршы шақырым жа­­йылған орман мен шымтезекті батпақ алқаптары пальма плантацияларына айналды.

Осы уақытқа қарай халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының ормандардың оталуына алаңдаушылығы артып, Халық­аралық жабайы табиғат ұйымы пальма майын аса зор жауапкершілік деңгейінде өндіру стандарттарын шығара бастады. Ол үшін кейбір аса ірі өндіруші компаниялармен және сатып алушылармен ынтымақтастық орнатыла бастады. Пальма майын экологиялық тиімді өндіру мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел (ағылшынша қысқаша атауы – RSPO) сертификаты бар плантациялар «ескі ормандард мен биотүрлілігі (жойылу қаупіндегі жануарлары бар) айтарлықтай кең алқаптарды не нәзік экожүйелерді отай» алмайды. Олар эрозияны барынша азайтып, су ресурстарын қорғауы қажет. Олар минималды жалақы төлеп, жергілікті жұртшылықтың «еркін түрде, алдын ала келісімін» алуы тиіс.

Бүгін RSPO ұйымы дүниежүзі бойынша жеткізілетін өнім мөлшерінің шамамен бестен бірін сертификациядан өткізеді. Өндірісі пальма майына негізделген көптеген тауар өндіруші – Unilever, Nestlé, Procter&Gamble алдағы бірнеше жылда өздерінің материалдық жабдықтауында тек қана сертификатталған пальма майына көшуді мойынына алды. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ әлі де жеткілікті емес.

Өкінішке орай, бұл саланы толық бақылауға алу үшін үкіметтің араласқаны абзал. «Табиғат қорғау ұйымы ретінде біз нарыққа негізделген шешімдермен ғана мәселені реттеуге болатынына сеніп келдік, – дейді Conservation International ұйымында «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығы бағдарламасында» қызмет ететін Джон Буханан. – Егер үкіметтің бұл саланы бақылауда ұстауға қауқары жетпесе, «жауынды ормандарға» төнген қатер сейілмек емес».

Түс ауа ылғал басым кезінде Борнеоның солтүстік-шығысында пілдердің шағын үйірлері лай өзен жанында жайылады. Күн ағаштардың тура төбесіне түскенде пілдер өзеннің батпақты жағалауына жиналады. Көп ұзамай елуден астам піл алып бастарын жоғары-төмен изеп, ұзын тұмсықтарымен су шаша отырып, ені – кең, ағысы жылдам Кинабатанган өзенін қатар-қатар жүзе кесіп өтеді.

Кинабатанган өзені – Борнеоның солтүстігіндегі малайзиялық Саба штатының жабайы табиғатын тамашалауға болатын ең қолжетімді жерлердің бірі. Туристер аяқтарын былғамай-ақ өзен үстінде кемеден өте сирек әрі символикалық жануар түрлерін – Борнеоның кішкентай пілін, дәумұрынын (кахау), малай калаоны, тіпті орангутанды қызықтай алады.

Индонезия. Борнео орангутандарын құтқару қорының жұмысшылары орангутанды қорғалатын аралға жібермек. Джунгли үйінен айырылған соң Ньяру Ментенг қорығында өскен маймылдар «реабилитациядан» өтуде. 1999-2015 жылдар аралығында ормандардың оталуы мен аңшылық кесірінен шамамен 150 мың Борнео орангутаны қырылды.

Ашық ауада бұл жануарларды тамашалау жан тебірентеді. Алайда олардың көз алдымызға осылай келуінің негізгі себебі – баратын басқа жерінің қалмауында. Өзен айналасындағы шеті жоқ даласынан орман көрмейсіз. Қалың орман орнын май пальмалары басқан. Май құйылған автоцистерналардың да шегі жоқтай әсер қалдырады. Көлікке мініп, сағаттап жүрсеңіз де ағаштың басқа түрін таппайсыз бұл аумақтан.

1970 жылдары үкімет Сабадағы ондаған жылға созылған ағаш кесу кәсіпшілігіне деген шамадан тыс тәуелділіктен құтылу үшін ауыл шаруашылығына бет бұрды. Үкімет жазықтықтағы орманды алқаптардың үлкен құнарлы жер телімдерін, соның ішінде Кинабатанган аймағын дақыл өсіруге бере бастады. «Сол кезде ең құнарлы жер ауыл шаруа­шылығына берілуі керек деген түсінік шықты», – дейді Сабада 1979 жылдан бері тұрып келе жатқан табиғат қорғау биологі Джон Пейн.

1980 жылдарда Сабаның ауылшаруашылық алқаптарының басым бөлігі какао өсіруге берілді. Алайда әлемде оның бағасы құлдырап әрі какаоның «бұршақ-откөбелегі» деп аталатын зиянкес какао өсірудің табысын түсіріп жібергеннен кейін көптеген плантация май пальмасын өсіруге көшті. Жер телімдері арзан болғандықтан Малайзияда негізделген компаниялар оларды көптеп сатып алып, диірмендер мен басқа да инфрақұрылым сала бастады. Бұл өндірушілерге өз өнімдерін нарыққа шығаруды жеңілдетті, осылайша, ормандарды жаппай отау кең масштабта жайылып кетті. Бүгін мемлекет аумағының бестен бір бөлігін пальма плантациялары алып жатыр. Сабада әлемдегі пальма майының шамамен 7 пайызы өндіріледі.

Мұның экологиялық шығыны орасан зор болды. Көптеген орман бір-бірінен оқшау қалды. Адам қолы жетпегендей көрінетін джунгли аралдардың көбінде аң жоқ. «Бір кездері шұбырған орангутандардың үйі болған мекендер қазір пальма плантацияларын айналған», – дейді Пейн.

Малайзия. Борнео аралындағы Саравак штаты. Плантациялардың бірінде жұмысшы пальма жеміс­терін жинап жатыр. Жасы шамамен 25 жылдық мына ағаш жақын арада шабылып, орнына басқасы отырғызылады. Пальма ағаштары қартайған сайын аз жеміс береді және ұзын ағаштан жеміс теру де оңай емес.

«Әттеген-ай» арасынан үміт отын табу қиын. Бірақ ғалымдар, белсенділер, RSPO өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған топ Сабада жіберілген қате-кемшіліктердің орнын толтыруға талпынуда. Пейн қазір кәсіпшілік пен ҮЕҰ коалициясы болып табылатын PalmOil&NGO (PONGO) альянсын басқарады. Ұйым Борнеодағы ең ірі плантация­лардың 5 пайызын қайтадан орангутандарға қайтаруды көздейді (Понго – маймыл түрінің атауы). Мені Кинабатанганға апарған Hutan табиғат қорғау ұйымы оқшау орман арасын жалғайтын дәліз үшін соңғы он жыл ішінде 100 мыңнан астам 38 ағаш түрін отырғызған. Бұл – өзен жағалауындағы жабайы табиғат сақтаудағы алғашқы қадамдардың бірі.

Елдің орман министрлігі немесе бас орман қамқоршысы ретінде Сам Маннан еңбегі орасан. Көшбасшылығы арқасында Сабадағы қорғалатын жер көлемі соңғы он жылдықта 12-ден 26 пайызға дейін ұлғайып, 19 мың шаршы шақырымға дейін жеткен. Маннанның мақсаты – аң-құстың еркін көшіп жүруі үшін саябақ пен қорықтарды біріктіріп, мемлекет иелігіндегі басқа да орманды алқаптарды оған қосу арқылы бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 30 пайызға дейін өсіру болатын.

Ол арадағы ынтымақтастыққа кәміл сенді. «Пальма майынсыз табиғатты қорғау әсте мүмкін емес», – деді ол маған Сандакан қаласындағы кеңсесінде отырып. Теңіз жағалауында орналасқан қала бір кездері ағаш кәсіпшілігінің астанасы болған. Ел экономикасына пальма майы өндірісінен басқа көбірек ақша құятын – мұнай бизнесі ғана. «Айналып келіп ақша табиғатты қорғауға жұмсалуда, – деді Маннан. – Әрине, «пальмасыз тұмса табиғат мұндай халге түспес еді» деп келіспеуіңіз мүмкін, бірақ бұл өндіріс көзінсіз халық аш қалатынын ескердіңіз бе?!»

Пальма майы өндірісінің дүмпуі Сабаға нақты экономикалық пайда әкелуге көмектесті: асфальт жол, жақсы мектеп, спутниктік телевидение. Ел астанасы Кота-Кинабалудағы жарқыраған сауда орталықтарында Батыс пен Азияның аса қымбат брендтерін көруге болады.

«Айналып келгенде, – дейді RSPO басшысы Сабада туып-өскен Даррел Веббер, – пальма майы индустриясының мәдениеті өзгеруі керек». Маннанның қолдауымен Веббер мен малайзиялық белсенді Синтия Онг осыны Сабада жүзеге асырудың амбициялы жобасын қолға алған. Олардың мақсаты – бірнеше ғана гектар жері бар шағын қожалықтардан бастап, ықпалы зор кәсіпорын басшыларына пальма майы өндірісін қалай және неліктен оңтайландыру керектігін үйретіп, сол арқылы түгел индустрияны бақылауға алу.

«Сұраныс артқан сайын Саба оны қанағаттандыруға талпынатыны анық. Сұранысты тудыратын өзіміз екенімізді еш ұмытпауымыз керек», – дейді Онг.

Малайзия. Экскаватор пальма жеміс сабақтарын конвейер жолағына салу үшін жинап жатыр. Олар әрмен қарай бу аппаратына барады. Пальма майы өндірісінде Африкаға қарағанда Азия­­да механикалық әдіс әлдеқайда басымырақ. Пирак штатындағы мына Малайзиядағы диірмен сағатына 40 метрикалық тонна жемісті өңдей алады. Осы өнімнен 2 метрикалық тонна шикі пальма майы алынады. Диірмен тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.

Қалай екені әлі белгісіз болса да, үкімет 2025 жылға қарай индустрияны түгелдей сертификаттаудан үмітті. «Біз ұшып бара жатып, ұшақ құрастырумен келеміз», – дейді Онг. Малайзиялық коммерциялық емес мекеме Wild Asia Кинибатанган мен өзге аймақтардағы жүздеген шағын кәсіпорынды бірге сертификаттау үшін біріктірмек. Соның арқасында олар пальма майын сертификатталған диірмендерге өткізуге мүмкіндік алады. Өзінің жеке плантациялары жоқ пальма майын ірі тұтынушы компания Nestlé осы жобаны қаржыландырды. Фермерлерге тиімдірек бағалар ұсынылады, Nestlé тәріздес RSPO өкілдері де өз өнімдері қалай тұтынылып жатқанын қадағалай алады. «Біз мұны жабдықтау саласымен байланыстырғымыз келеді», – дейді Nestlé өкілі Кертиджа Абдуль-Кадир.

2011 жылдан бері ол Кинабатанган өзені бойында 700 мыңдай ағаш отырғызылғанына куә болды. Бұл 2500 гектар алқапты қамтиды. RSPO мүшесі әрі әлемдегі пальма майымен қамтамасыз ететін ең ірі компаниялардың бірі – Wilmar Саба мен өзге өңірлердегі су бассейнін қорғап, жабайы табиғат дәліздерін ашу үшін ормандарды қайта жандандыруда. Ормандарды қалпына келтіру көп еңбекті қажет етеді және шығыны да аз емес. Күтуден басқа амал жоқ. Бірақ қанша күтсең де, көне қалың орманның қайта қалпына келмейтіні анық.

Африканың қалың орманды елдерінің бірі – Габон да пальма индустриясын қолға алмақ. Экватор мен құрлықтың батыс жағалауында орналасқан Габонның жер аумағы шамамен Колорадо штатындай. Ал халық саны оның үштен біріне ғана тең. Ел аумағының 76 па­­йыздан астамы орманмен көмкерілген. Ал құрлықтағы территорияның 11 пайызы ұлттық саябақтарға тиесілі.

«Бұл – үлкен, адам аяғы баспаған орман және оны кез келген өндірістен қорғағыңыз келеді, – дейді «Оламның» Габондағы пальма майы операцияларын сынға алған Уашингтонда орналасқан Mighty Earth экологиялық ұйымының басшысы Глен Хуровиц. – Тропик бойында құты қашқан жер жеткілікті, пальма майы плантацияларын орманды алқабы мол елдерге жіберудің қажеттілігі қанша?».

Жауаптың бірі сол – олар Габон елінің шақыруымен келген. Бұрын Франция отарында болған бұл ел кірісінің басым бөлігі мұнайдан түседі. Сахараның төменгі бөлігінде орналасқан елдердің ішінде Габон жан басына шаққандағы ЖІӨ жағынан төртінші тұр. Экономиканы әртараптандыру қажет. Хуровиц оның орнына экотуризмді дамытқан жөн деген уәж айтады. Көз тоймайтын саябақтары мен тұмса табиғаты салыстырмалы түрде қауіпсіз ел. Әуе қатынасы бар. Жолдары нашар және тұрғынжай мүмкіндіктері дамымаған. Мұнда экотуризмге зор мүмкіндік бар және Габонның саябақ агенттігі Agence Nationaledes Parcs Nationaux (ANPN) осыны өзіне мақсат етіп отыр.

Габон. Агробизнестегі сингапурлық алып – «Олам» компаниясы Африканың батыс-орталық аймағында екі жаңа пальма плантациясын ашты. Олардың әрқайсысының өз диірмені бар. Габонның төрттен үшін орманды алқап алып жатыр. Үкімет Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қателігін қайталамай, табиғатқа зиян келтірместен май пальмасы сияқты дақылды шаруа­шылықты дамытқысы келеді.

Туризм – елге қажеттінің бір жағы ғана. Габон азық-түліктің көбін сырттан әкеледі: астық пен сүт – Франциядан, іріқара еті Үндістан мен Бразилиядан импортталады. 2016 жылы дау тудырған сайлауда екінші мәрте сайланып, жеті жылдық билікке келген Президент Али Бонго Ондимбаның үкіметі экономикаға коммерциялық ауыл шаруашылығын, соның ішінде пальма майы индустриясын да қосқысы келеді. Ал бұл ағаштарды кесуді талап ететіні белгілі.

Құрлықтағы бір-біріне қарама-қайшы қажеттіліктерді түсіне отырып, үкімет көп ел тартынатын жобаны қолға алды: бұл – жерді пайдаланудың ұлттық жоспары.

ANPN директоры әрі Президенттің ең жақын кеңесшілерінің бірі – Уайт Ли елдегі жабайы табиғат картасын жасау мен қай аймақтарды ауыл шаруашылығын дамытуға беру керектігін анықтаумен айналысады. Қос азаматтығы бар Ли Британияда туғанымен, 1989 жылдан бері Габонда тұрып келе жатыр. Үкімет «Олам» компаниясына екі пальма плантациясына рұқсат беріп, артынша қолданыстағы біреуін сатып жіберді. Қазір «Олам» 1300 шаршы шақырым жерді игеруде, бұл Габонның құрлықтағы жерінің 0,5 пайызын құрайды. Ал, жалпы алғанда, шамамен 557 шаршы шақырым жерге пальма отырғызылған.

Қаңтар айының жарқыраған таңында «Олам» компаниясының тұрақтылық жөніндегі аға менеджері Кристофер Стьюарт ел астанасы Либревильдің оңтүстік-шығысындағы ойқы-шойқы асфальтты жолмен құстай ұшып келеді. Алып окоуме ағаштары тиелген жүк көліктері оның қасынан өтіп жатыр. Окоуме – Габонның ең көп экспортталатын тауары. Оның көп бөлігі Қытай мен Еуропаға жол тартады. Либревильдің шет жақтарында кішкентай ауылдар бар. Шамамен, жол бойындағы әрбір үй маңында тот басқан темір қаңқа мен ағаш сөреден жасалған дүңгіршек бар. Оларға банан, ашық түсті джунгли жемістері, ваннада жасалған пальма шарабы толтырылған судың пластик бөтелкелері қойылған. Осы сөрелерден жайра, кекілбас киік, кейте маймыл, циветта, қолтырауын, қарақұйрық секілді жануарлардың түкті және тікенекті тұтас еттерін табуға болады.

Бұл жабайы аң-құс етінің көбі заңсыз саудаланады. Бір жағынан, өзінде ет өнімі жоқ ел үшін бұл түсінікті де. Заңсыз аң етін Либревильдегі көптеген мейрамхана да ұсынады. Браконьерді ауыздықтау – «Олам» үшін үлкен проблема. Жергілікті тұрғындар мен жұмысшылар плантацияларды орманға барар жол ретінде пайдаланады. Сол жақта олардың жойылу қауіпіндегі аңдарды аулайтыны белгілі. Сондықтан Оламның сақшылары қорғалатын ормандарды күзетіп жүреді. Плантация шығаберісінде күзетшілер барлық көлікті тексереді.

Габон. «Оламның» Моуила плантациясының жартысынан астамы саванна аумағында орналасқан. Қазір мұнда жұмысшылар пальма көшеттерін отырғызуда. Бұл аймақ орман оталуының алдын алу үшін таңдалған. «Габон жасап шығарған мемлекеттік жер пайдалану жоспары май пальмасы, ауыл шаруа­шылығы мен орманды сақтау арасында баланс ұстау үшін керек», – дейді Саябақтар агенттігінің директоры Ли Уайт.

Либревильден екі жарым сағаттық жерде біз Авала плантациясына баратын қызыл топырақ жолға түстік. Қайта өскен бұл орман Габонда алғаш ағаш кесіле бастаған кезге куә. Үкімет осы жақтан «Олам» компаниясына 20 мың гектардай алқап берген. Компания оның шамамен үштен біріне пальма отырғызып, үштен бірінде орман қалдырған. Қалған үшінші бөлік шағын жер телімдері ретінде қорда тұр.

Плантация ішінде қатар-қатар егілген пальмалардың ішінде адасып кету оңай. Арасында жүру қиынға соғатын топырақ жолдар бар. Әр қатардың соңында пальма бұталары мен жемістер жиналған. Түс ауа жемістер жүк көлігіне тиеліп, сағатына 45 метрикалық тонна май өңдейтін плантация жанындағы диірменге жеткізіледі.

«Оламның» Моуила деп аталатын плантация­сында бұдан екі есе көп өнім шығаратын диірмен бар. Пальма жайылған бұл алқап аумағында бұрын саванна болды. Зерттеу нәтижесінде мұнда сирек кездесетін бөкен түрі – африкалық антилопа бары анықталған. 2017 жылы «тұзақ» камера объективіне ілінген осы жануар Уайт Лиге саваннада жаңа ұлттық саябақ ашуға дәлел ретінде көмектесіп отыр.

Габон. Габондағы пальма көшеттері жылыжайы. Бағбандар жұмысқа кіріскен сәт. Мұнайға тәуелді Габон елі азық-түліктің көбін импорттайды. Үкімет индустриалдық ауыл шаруашылығы мемлекеттің болашағы деп біледі.

Экология ғылымының докторы Стьюарт «Оламға» жұмысқа кірмес бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияда RSPO бағдарламасын енгізуге көмектескен. «Моуиладағы» ескі орманнан кері келе жатып, Индонезиядағы ормандардың жойылуын сөз еттік. Ол бірнеше жыл бұрын ғана бұл аймақта болғанын, биологтармен бірге адам аяғы баспаған «жауынды орманда» жұмыс істегенін айтты. «Сол орманнан түк қалмады», – деп қайран қалды ол. Осыны еске алған сәтте оның тілі күрмеліп қалды. Ол «Оламның» Габондағы табиғат қорғау шараларын ерекше мақтан тұтатыны байқалды.

Плантация аумағында шағын төбе үстінде біз Стьюарт көлігінің шатырына өрмелеп мініп алдық. 180 градус айналада пальма қатарлары көкжиекке дейін созылып жатыр. Көз аштырмайтын күн астында бір түстен тұратын көрініс естен тандырады. Стьюарттың қолындағы карта тіптен бас шайқатады. Плантацияның осы сегменті шамамен 16 мың гектарды құрайды, ал бізге оның небәрі 7 па­­йы­зы ғана көрінеді.

«Іс жүзінде, Габонның ұзақмерзімді мүддесі үшін бұл жоба өте маңызды. Жақсы жоспарланған әрі тиімді басқарылған ауылшаруа­шылығының шынайы әлеуетін бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – дейді эколог ретінде ағаштың шабылғанын суқаны сүйметін Стьюарт. «Олам» қорғалатын аймақтарға қауіп емес, – деп басын изеді Уайт. – «Олам» маған ұлттық саябақ санын көбейтуге сеп болып отыр».

Авторы: Хиллари Роснер фото: Дэвид Гуттенфелдер мен Паскаль Маитре


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Үй дәріханасы

$
0
0

Италия. Рива-дель-Гарда қалашығында кітапханашы болып жұмыс істейтін Ремо Баллардини бізге үйіндегі дәрі қорабын ашып көрсетті. Оның қорында профилактикалық дәрілермен қоса, кәдуілгі антисептик те бар екен.

Медициналық қорабыңызда не бар? Ескі препараттарды сақтау әдет пе, қажеттілік пе?

Кез келген үйде дәрі-дәрмек, сироп пен жақпамайдың түр-түрі бар. Оның көбі –дәрі қорабында, қалғаны ваннада тұр. Фотограф Габриэле Галимберти көп саяхаттайды. Адамдармен кездесе қалса болғаны, бәріне бір сауалды қояды: «Сіздің дәрі қорабыңызда не бар екенін көрсем бола ма?» Кейбіреулері – қымсынса, кейбіреулері – мақтана көрсетеді. «Осы препараттарға қарап-ақ адам тануға болады, – дейді Галимберти, – олардың құмарлығын, қалауы мен ауруын көресің, яки адамның ішкі әлеміне үңілесің».

Швейцария. Өнер туындыларын жинаушы Канделита мен Арно Брюнельдің дәрі қоры көлемді көрінеді.

Үндістан. Мына дәрілердің көбі инсульт алған мумбайлық Аббас Али Сагриге арналған.

Біздің дәрі-дәрмектеріміз біз жайлы не айтады? Біріншіден, олар біздің бай не кедей екенімізді көрсетеді. Дамыған елдерде тұрғындардың медициналық бокстары дәрі-дәрмекке лық толы болады. Ал жағдайы төмендеу елдердің халқы дәріні азырақ алады. «Ауыра қалсам, қажетті дәріні ала саламын деген ойда жүреді», – дейді ол.

Дәрі қорабы туралы «Үй дәріханасы» топтамасы – «Бақытты дәрілер» жобасының бір бөлігі. Жобада Галимберти мен оның үш әріптесі адамдардың бақытқа жету жолындағы қанағатсыздығын көрсетеді. Адамдар көбінде препараттарды аз не көп ұйықтау, баяу қартаю, бала көтеру я көтермеу үшін пайдаланады. Қобдишада дәрілердің тау болып үйіліп қалуының көптеген себебі бар: медициналық қызмет көрсету саласының қымбат болуы, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалғанда қажетті дәріні тез тауып іше салу. Сондай-ақ көп дәрі кезінде қолданылып, кейін қалып кеткендіктен жиналады.

Гаити. Енесі және жиенімен тұрған Хол Лин Балзахар дәстүрлі гаитилік медицинаға жүгінеді. Ол емдік шөпті көбіне жергілікті базардан не шөппен емдейтін дәрігер medsen fey-ден алады.

Франция. Алексис пен Аурелия Иварт антибиотиктермен бірге дәрілердің түр-түрін қолданады.

Түрлі медқораптың ішіне үңілсеңіз, адамдардың мәдени ерекшеліктерін де байқайсыз. Париж бен Нью Йоркте Галимберти антидепрессанттар мен сабаға түсіретін дәрілердің көптігін байқады. Сапасы мен тиімділігіне қарамастан, үнді халқы өз елінде шығарылған дәрілерге басымдық беретіндігі анықталды. Африкада жапсырмасы жоқ Қытай дәрілері көп.

Жапония. Я.Н. Кауаи жүрек ауруы мен остеопорозынан айығу үшін осынша дәрі қабылдайды.

Колумбия. Хильда Таразона, қызы мен немересі. Бір үйде тұрған соң дәрі қорабы да ортақ.

Авторы: Данель Стоун, фото: Габриэле Галимберти


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Бірінші байлық – денсаулық

$
0
0

1980 жылдан бері медицинадағы инновация жоғары технологиялы оталардан иммунодефицит вирусын (АИВ) жаңаша емдеуге дейін дамып, халық денсаулығын айтарлықтай күшейтті. Дәулетті елдерде денсаулық сақтау саласына құйылған инвестиция көлемі артып, халықтың орташа өмір сүру жасы өсті. Бірақ АҚШ-тың жағдайы өзгеше. Мұнда халықтың орташа өмір сүру жасы баяу жоғарылап келеді. Аналитиктердің айтуынша, мұның бір себебі – АҚШ тұрғындарының емге қолжетімділігінің әркелкілігі мен аурудың алдын алу шараларының әлсіздігі.

Авторы: Альберто Лукас Лопес пен Райан Т. Уильямс


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Шетелдік туристер ерекше назар аударатын мәліметтер

$
0
0

Авторы: Мақсат Ясылбайұлы, фото: Ерболат Шадрахов

0

Ғылымға да ми керек

$
0
0

Мына 101 жастағы донор қарияның миы өз қатарластарынан үлкенірек. Ол соңғы демі шыққанша зейінін жоғалтпаған деседі.

Ми – тапшы орган. Нейроғалымдар әлем халқының 15 пайызынан астамын алаңдататын ауруларды зерттеу үшін ми ұлпасының кез келген түрін қажет етеді. Тиш Эвелді мысалға алайық. 2015 жылы оның әкесі Леви деменция ауруынан көз жұмғаннан кейін Эвелдің отбасы марқұмның миын зерттеуге рұқсатын береді. Олар мұның ұзақ уақыт алатынын білсе де, келіседі. Бұл тәжірибе Эвелдің донорлардың тіркелуін жеңілдету үшін «Ми доноры» жобасын қолға алуына түрткі болды. Бұл жобаға екі жылдың ішінде 2000-нан астам адам тіркелген.

МЕДИЦИНА

Миды беру туралы алыпқашпа әңгімені жоққа шығару. Желіде braindonorproject.org парақшасымен ашылған Тиш Эвелдің ұйымы қайтыс болған адамның миын зерттеуге беру процесін жеңілдетуді көздейді. Ұйым, сондай-ақ бұл тақырып­­қа қатысты түсініспеушілікті сейілтеді. Сіздің білуіңіз керек жайттар мынадай:

АҒЗА ДОНОРЫ

Егер сіздің жүргізуші куәлігіңізде «ағза доноры» деп жазылған болса, құттықтай­мыз, себебі сіз қа­йырымды­лықпен айналысып жатырсыз. Оған, әрине, барлық ағзаңыз кірмейді. Сіздің жүрегіңіз, кеуде қуысыңыз бен ұйқы безіңіз жолы болған жандарға барады, бірақ миыңыз, сіз арнайы келісім бермеген болсаңыз, өзіңізде қалады.

САУ МИ

Донорлық етіп, миыңызды берген сәттегі оның қандай күйде болары белгісіз. Алай­да, шындығы сол, ол тек кей жағдайларда және инфекциялық аурулар бар болса ғана зерттеуге жарайды. Ғылымға әртүрлі ми керек, өйткені зерттеу үрдісінің басты тұсы – аурулар мен сау ағзаларды салыстыру.

АШЫҚ ТАБЫТ

Сіз миды алып тастау түріңізді жағымсыз етеді деп қорқатын шығарсыз. Ешқашан олай болмайды. «Ми бас сүйектің артқы бөлігін тілік жасау арқылы алынатындықтан бастың пішінін өзгертпейді», – дейді Эвел.

ШЫҒЫНДАР

Егер сіз миыңызды АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық сақтау институттарының алты ми банкінің біріне беретін болсаңыз, отбасыңыз миды алып-бергенге және сақтағанға ештеңе төлемейді.

УАҚЫТ

Миыңызды ғылымның дамуына арнайыман деп шешсеңіз, патологтар 24 сағаттың ішінде миыңызды шығарып алуы керек. Олар мидың ұлпасын да тез арада алғанды жөн көреді. Сондықтан отбасыңызға таңдауыңыз жайлы және оның қалай жүзеге асырылғанын қалайтыныңызды айтып кетіңіз.

ТІРКЕЛУ

Донор болу қиын емес. Толық мәлімет braindonorproject.org сайтында бар. Сіз бірнеше құжатты толтырып, жауабын электронды поштамен хат арқылы аласыз.

Авторы: Лори Кусберт, фото: Ребекка Хейл


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Эфтаназияға аясындағы пікірталас

$
0
0

Мен тым көп науқастың азапқа түскеніне куә болдым. Қазір бұл ауруға бұғат салатын кез келді.

Менің өмірім тек өзіме ғана тиесілі. Оны қалағанымша сүре аламын, тек өзгеге залалым тимесе болғаны. Неге әлдебіреу немесе мемлекет менің өмірімнің қалай және қашан аяқталатынын шешуі керек?! Ешқандай жеңілдік болмаған кезде мен өмір сүруді тоқтатамын деп шешсем, қалай болмақ?

Мен өз өмірімді науқастардың аурудан айығуына, азап пен жайсыздықтан құтылуға арнадым. Дегенмен, кей кездері ешқандай шешімі табылмай, жағдайдың ушыққанына да куә болып жүрдім. Сол мезетте, емделушіге көмектесудің жалғыз жолы – азапты кәсіби және заңды ескертпелерді есепке ала отырып, пациенттің өз қалауы бойынша жеңілдету. Бұл – кейбіреулерге бұйырған тыныштықтың жалғыз жолы.

Мен Бельгия, Канада, оңтүстік Африка және Израильде дәстүрлі медицинамен және ота жасаумен айналысып жүрген кезде, емделушілер емі жоқ қатерлі ісік ауруымен келетін. Олар үшін ауру проблема емес-тін. Олар әрбір пенденің түбі табан тірер жері – ажал» деуші еді. Бар айырмашылық – олардың сын сағатын алдын ала білулерінде. Бұған бәрі келісетін шығар. Мәселе тудыратын дүние – ауру, емге бой бермейтін ауру, физикалық және моральді азап, өмірдің соңғы сәттерін рахаттана өткізуге мүмкіндік бермейтін ауру. «Мұның мәнісі неде?» Жапа шегуді несіне соза береміз?

Біз квази-анестезиялық қалыпқа жету үшін дәрі-дәрмектің, иненің барлық түрін қолданып көрдік. Алайда, анестезиядан шыққандардың көбі аурудың басылмағанын айтты. Біз, тіпті, кордотомияны (жұлынға ота жасау арқылы миға ауру сигналының жеткізілуін тежеу) да көрдік. Бірақ, бұл басқаша әсер беретін болып шықты. Біз әріптестерімізбен бірге «не істейміз, ауруды қалай жеңілдетеміз» деп жүріп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық.

Әлдебіреудің өмірін қалай тамамдағысы келетініне кімнің қарсылық білдіруге құқығы бар?

Бәрі түсінікті емес пе? Бұл жеке адамның өзімен талқылануы керек пе? Менің өмір сүруімді тоқтатуыма қақым бар не жоқ деп сіз қалай айта аласыз?

Біз ауруға жеңілдік сыйлағысы келгендерді қолдауымыз керек. Бұл қылмыс емес. Бұл процедура мұқият бақылауда болуы керек, бірақ, мәселе менің өмірім мен өліміме қатысты болғанда, менің құқықтарым жайлы сөз қозғау орынды ма?

Дәрігер Джо Розенчваг Жаңа Зеландияда гемеопатия, гербализм, натуропатия және акупунктурамен емдейтін Натуропатиялық медициналық дәрігер. Ол Жаңа Зеландияда дәртүрлі медицинамен айналысу үшін тіркеуден өтпеген.

Авторы: Джо Розенчваг

0

Рут Метзель

$
0
0

Мақсаты: жоғалып кету қаупіндегі эко­жүйені қорғау. Жалғыз жол: қоғамға насихат жүргізу.

Рут Метзель жоғалып кету қауіпіндегі экожүйені сақтап қалудың жолын тапқан сияқты. Ол үшін Рут сол аймақта тұратын адамдармен тығыз қарым-қатынас құрмақ. Эколог он жыл бойы тропикалық құрғақ ормандардың арасында жоғалып кету қаупі ең жоғары Панаманың Лос-Сантос провинциясының тропикалық ормандарын зерттеді. Ол елдің жаппай мал жаю әрекетінің орманға залалын тигізіп жатқанына куә болды.

Асуэро жер жобасының негізін қалаушылардың бірі – Метзель орман экожүйесіне тәуелді адамдарды онымен қалай гармонияда өмір сүруге болатынын көрсетуді алдына мақсат етіп қойған. «Басты нәрсе, – дейді ол, – сол маңды мекендейтін адамдарға ойымызды дұрыс жеткізе білу». Іріқара бақташыларымен бірге жұмыс істеп, қай жерге жергілікті не жеміс ағашын отырғызу керектігін сұрастырсақ, ағаштар орманды жаңартып, жо­­йылып кету алдында тұрған маймыл мен аймақтың тұмса ортасын сақтап қалады. Ол жерге 2017 жылдан бері 5000 ағаш отырғызылды.

Асуэро ісін қолдап, Панаманың артизандарына шөп пен өсімдік тұқымы, сондай-ақ қолөнерге пайдаланылатын өзге де материалдарды мұқият өндіруді үйрету үшін Метзельге NG қоғамының гранты берілді. Экожүйені қорғаудың жолы – осы!

Авторы: Лори Кусберт, фото: Ребекка Хейл


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Фотограф-дәрігер

$
0
0

Телефоныма қоңырау келмеуі дәрігерге оқып жүргенімде басталды. Өмірім маған тиесілі емес-тұғын. Интерн дәрігер ретінде мен кейде аптасына жүз сағатқа жуық жұмыс істеп, бірден 18 науқас қарайтынмын. Тіпті анам да маған қоңырау шалуын доғарды. Есесіне, мен телефоныма қай вирусқа қандай антибиотик жазуым керектігін көрсететін, емді анықтауға көмектесетін калькулятор мен есімде қалмайтын зертханалық сандарды сақтайтын медициналық әпликейшн орнатып, соларды көп пайдаландым.

Бір күні телефоным шырылдады. Мен кезекпен науқастарды қарап жатқан болатынмын. Дереу дәлізге шықтым. Нөмірді тани алмадым, бірақ код Уашингтоннан еді. Бұл маңызды қоңырау болса керек деп ойладым ішімнен. Дәлізде тұрып: «Иә», – деп сыбырлап үн қаттым.

«Сәлем, Макс, бұл – Тод, – деген жарқын дауыс естілді. – Саған бір жұмысым бар». Оның сөзінен оклахомалық диалектті бірден байқадым. Тод Джеймс – National Geographic мекемесінің фоторедакторы.

Әңгіме бағаналық жасушаларға жасалатын зерттеу туралы екен. Ол мені әлемнің түкпір-түкпіріне соны суретке түсіру үшін жібергісі келетінін айтты. Тод сөйлеп жатқанда, ескіні еске түсіре бастадым. Камера құшақтап, жаһан кезу өте қызық. Сен ең маңызды тұлға болмасаң да, сондай адам не дүниенің қасынан табыласың. Мен 20 жыл бойы фотограф болып қызмет еттім. Бұдан әрі «вуайер» болғым келмейтінін түсінгенде, қызметімді доғардым. Тәжірибе өз басымнан өткенін қаладым.

Нейрохирургтың омыртқаға ота жасау процесін фотоға түсіру тапсырмасы барысында өзіме жаңа мансап жолын таптым. Айқара ашылған, қол тимеген, аппақ жұлынмен жұмыс істедім. Мен түнектен еш шықпаған, жарықты көруге арналмаған нәрсенің жарыққа шомып жатқанын түсіндім. Таңқалғаным сонша, өзімді Айға бет алған «Аполлон» ғарыш кемесінің бір мүшесі сезіндім. Сол сәтте қалған ғұмырымды қайда өткізгім келетінін ұқтым. Өзім қызмет ететін барлық журналға хабарласып, медицина мен дәрігерге қатысты тапсырманың барлығын маған берулерін сұрадым. Шамамен он операцияны суретке түсіргеннен кейін, өзім де дәрігер бола аламын-ау деп ойладым.

«Білмеймін, дәл қазір қарауым керек науқастарым бар, – дедім Тодқа, – саған кейін хабарласамын». Бұл менің науқастарды аралап, емдерін бекітіп, карталарына толтырып, дәрігер болып жүрген кезім еді. Қазір қайта екі ұдай ойға баттым. Әлемді көру, түстер мен жарықты, оқиғаны баяндау стилін, камераның жиегінде нені қалдырып, нені алып тастау керектігін таңдау бақыты ойымнан еш кеткен емес. Сол күні мен резиденттік бағдарлама директоры орынбасарының есігін қақтым. Ол зерттеу редакциялашы болатын – іріктеу айымның жақындап қалғанын еске салды. «Бұл зерттеу ғой. Солай емес пе?» – деп қуанып кеттім.

Мен бірден Тодқа хабарластым. Ол тапсырманы 23 күнде аяқтауға болатынын айтты. 13 елден сурет түсіріп әкелу керек екен. Сапарды мен жұмыс істейтін UMass Memorial медициналық орталығынан бастадық. Мұнда бағаналық жасушаларды қолданып, қызыл жегі ауруын емдеу бойынша клиникалық сынақ жасалып жатқан болатын. Әрмен қарай Еуропаға аттандым.

Берлинде ХІХ ғасыр дәрігері Рудольф Вирховтың баяғы зертханасына бардым. Ол – бүкіл жасушаның бұрыннан бар жасушалардың бөлінуінен пайда болатынын ашқан адам. Мен полипотенттік бағана жасушаларының күшін паш ететін туынды жасағым келді. Түгелі дара бағандық жасушадан түзіле алатын: өлі туған шаранының басынан алынған шаш, ми, үлкейтілген жүрек, бауыр, сүйек пен тіс секілді патологиялық үлгілерді қаттау арқылы абстрактілі адамды жасап шығардым.

Экспонометрді қалай қолдануды ұмытып қалыппын, қалғаны есімде екен. Көп ұзамай реанимация және интенсивті терапия бөліміндегі алғашқы бақылауымды бастадым.

Бір жылдан соң, өз интерндерім бар, бағыт беруші резидент дәрігер ретінде қай салада маманданған жөн деп ойлап жүрдім. Сосын түсіндім. Менің сурет пен фильм түсіріп, оқиғаларды ешкім бет ала алмай оқитындай етіп баяндағым келетінін түсіндім. Мен дәрігер қызметімен қош айтыстым. Термен келген қаншама ғылыми білімге ие болдым. Ауруларды қарауды тәжірибеме қосып, адам табиғаты туралы академиялық білім деңгейін меңгердім. Бұл қоңырауға жауап беруім керек болатын. Бұл шығармашылыққа жетелейтін қоңырау еді.

Нені, нешеде жейтініңізге мән беріңіз!

Майкл Розен – дәрігер, Кливленд клиникасының денсаулықты жақсарту жөніндегі аға қызметкері әрі New York Times газетіне шығатын көптеген бестселлер авторы.

Майкл Крупейн – The Dr.Oz Show телебағдарламасының бас дәрігері. Екеуі де біраз уақыт дұрыс диетаны мықты денсаулықпен байланыстырып келген-тұғын. Алайда олардың «Нені, нешеде жеу керек» кітабында қазіргі ғылымның салмақты бірқалыпты ұстау, кей аурудың алдын алу я емдеу, ұзақ, сапалы әрі бақытты өмір сүру үшін тағамды қашан жегеніңіз қандай ас жегеніңізбен бірдей маңызды екені айтылған.

Кітап баспадан желтоқсан айында шықпақшы. Оған дейін дәрігер-авторлар National Geographic сауалдарына жауап берді.

Бізге тамақтану ғылымы туралы айтып бересіз бе?

Бәріміз белгілі уақытта ояну, ұйықтау не басқа әрекеттерді жасауымыз үшін химиялық сигналдар беретін биологиялық сағатымыз – циркадалық ритм туралы білеміз. Ал тамақ тұтынуымызды денеміздегі химиялық реакциялармен үйлестіретін ас сағаты барын бәрі біле бермейді. Бұл сағаттың көрсетуінше, ең тиімді жол – күннің бірінші жартысында энергияны көбірек, ал күннің соңына таман азырақ жұмсау. Бірақ біздің тәніміз бәрін керісінше жасағысы келіп тұрады. Күннің соңында көп, ал таңертең аз калорияны талап етеді. Бұл – энергияны бойыңда сақтау артықшылық болып табылған ескіліктің сарқыншағы. Мұндай тамақтану режимі қазір зиян десек артық емес. Адамдарға жасалған зерттеу бұл жүйенің салмақ қосуға, созылмалы аурулар мен мезгілінен бұрын қартаюға әкеп соғатынын көрсетті.

Осы себепті біз тәбетімізді жеңіп, ішкі сағатымызбен сай келетін таңертең көп, кешқұрым аз тамақтануымыз керек. Біз мұны «chrononutrition» деп атаймыз.

Бұл тамақтану жүйесінің басты принциптері қандай?

Тамақтану әдетімізге аздаған өзгеріс енгізу ішкі жүйелерімізді синхронизациялауға көмектеседі. Әсіресе, екі нәрсе маңызды:

  1. Күн батқанда, яғни шамамен он екі сағат бойы тамақтануды азайтыңыз. Түнгі уақытта тоңазытқыш рейдтерін доғарыңыз!
  2. Таңертең мен түс мезгілінде көбірек, кешке аз жеңіз. Калория­ларды күннің соңына сақтамай, алдын ала жаратып тастасаңыз, тәніңіз барынша жақсы жұмыс істеп, сау болады.

Кітапта біз жалпыға ортақ жағдайлар тізімін, өздігінен дайындауға болатын ең үздік тағамдарды ұсынып, кеңестеріміздің қандай ғылымға негізделгенін түсіндіреміз.

Қарапайым қорытынды:

Ішкі сағатқа көну арқылы өміріңізді ұзартып, сапалы ұйқы, көбірек энергия мен жақсырақ денсаулыққа қол жеткізесіз. Бұл аурудың алдын алуға, кей жағдайда оны тізгіндеуге не оның бетін қайтаруға көмектеседі.

Сұхбат көлемі ықшамдап алынды.

 

«Нені, нешеде жеу керек» кітабы кей өмірлік ситуацияларда сіздің тәніңізге арқау болуы мүмкін астарды ұсынады:

АШУ ҚЫСҚАНДА

Қуырылған ноқат жеңіз. Оның құрамында пайдалы ақуыз бен талшық бар. Сонымен қатар ол аш әрі ашулы адам сүйсінетіндей қытырлайды.

АЛҒАШҚЫ ЖҮЗДЕСУ

Кездеспес бұрын энергия­­ны біртіндеп арттыратын тағам жеп, жүйкеңізді тыныштандырыңыз. Оған авокадо, грек жаңғағы (пайдалы майлар) мен тұтас дәнді тостының (күрделі көмірсу) үстіне туралған күркетауық еті (пайдалы ақуыз) жатады.

АУЫРҒАНДА

Тауық сорпасын ішіңіз. Ол шырыштың тұтқырлығына әсер етеді әрі оның құрамында қабынуға қарсы қасиеті бар ингредиенттер көп.

СҰХБАТТАСАРДА

Сұлы жармасы ботқасына үгітілген зығыр себіңіз. Бұл – зейініңізді арттырып, бастың ми қабығының қызметін жақсартуға көмектесетін пайдалы майлар мен дәрумендердің қайнар көзі. Кофе назарыңыз бен проблеманы шешу қабілетіңізді күшейтеді. Кездесуден 45 минут бұрын 1-2 кесе ғана кофе ішіңіз.

МИЫҢЫЗДЫ ҚАЛПЫНДА САҚТАҒЫҢЫЗ КЕЛГЕНДЕ

Ақсеркенің құрамында есте сақтауды жақсартатын пайдалы майлар өте көп.

БАСЫҢЫЗ ЖИІ АУЫРҒАНДА

Асжапырағының құрамында бас сақинасының ұстап қалуының алдын алатын B дәрумені мен басқа да қоректік заттар бар.

ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ БЕЙІМ БОЛСАҢЫЗ

Көкөніс, әсіресе, кіресгүлділер (гүлді қырыққабат, орамжапырақ) жеңіз. Олардың құрамында бұл кеселмен күресетін қоректік заттар бар.

 

Мақала мен фото авторы: Макс Агилера-Хелвег


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Принтер «сиқыры»

$
0
0

 

Жыл сайын мыңдаған адам аяқ-қолынан айырылады.

Шешім: арзан, бірақ сапалы протез

Көптеген жасанды аяқ гипс құюдан бастау алады. Сол сылақты аяқтың қалған бөлігіне дәл келетіндей етіп жалғағышқа құю қымбат әрі іркілісі көп процесс. Әрине, егер сіз оқыған протезисттің көршісі болу бақытына ие болмасаңыз. Дүниежүзіндегі аяқ-қолы ампутацияланғандардың көбінің протезге қолы жете бермейді. 2016 жылы мүгедек болып қалған National Geographic зерттеушісі Альберт Ю-Мин Линнің айтуынша, мобильді телефондар мен 3D принтерлер мұның шешімі бола алатын көрінеді. Телефон камерасы кесілген аяқты сканерлеп, өлшемдерді 3D принтері бар мамандарға жеткізеді. Ал мамандар өз кезегінде мүгедек адамның аяғына дәл келетін пішін жасап, әлемнің түкпір-түкпіріне жібереді.

Авторы: Кристина Нюнез


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Дженнифер Боугл

$
0
0

Боуглдің қызы Сюзанна бес жасында асқазан вирусына шалдығып, ауруханадан бір-ақ шығады. Бетінің өңі қашып, бозарып кеткен қызы үшін үш баланың анасы Боуглдің мазаса кетеді. Медбике берген дәрі ауруды сап тыйды. Камерасын бір тастамайтын Боугл бұл сәтті қалт жібермеді. Мына фото заманауи медицинаның біз үшін қандай артықшылық екенін көрсетеді. Бірнеше аптадан кейін Боугл ұлының тілінген ернін тігу үшін жедел көмек көрсету бөліміне қайта келеді.

КІМ: Зертхана технигі Дженнифер Боугл арагідік портреттік фото түсірумен айналысады

ҚАЙДА: Уашингтон штаты, Беллингем қаласы, Әулие Джезеф медициналық орталығының ЖККБ

НЕ: Canon 5D Mark III камерасы

Your Shot қауымдастығына қосылып, өз суреттеріңізбен бөлісіңіз. YourShot.ngm.com

Қауымдастық суреті


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Әр ағза – бір- бір әлем

$
0
0

Денсаулық сақтау жүйесінде жаңа дәуір орнап келеді. Нақты медицина денсаулығымызды сәт сайын бақылай отырып, қатерлі ісік, жүрек ауруы секілді көптеген кеселдерге шалдығу қатерін болжайды және әрқайсысымызға бөлек-бөлек ем-дом ұсынады.

Tереза МакКион үшінші кезеңдегі омыраудың қатерлі ісігін химиотерапияның ауыр режимі мен екі мастэктомия арқылы емдеп жазған.  Алайда он екі жыл өткен соң кесел қайта бас көтереді. Бұл жолы химиотерапия көмектескен жоқ. Қозғалуға дерті мұрша бермей, Тереза күндерін төр бөлмесіндегі креслода отырған күйі өткізумен болатын.

Ас қорыту жүйесіндегі ісіктен ол 44,5 килоға дейін салмақ тастаған. Операция алдында Тереза қатты ауырсынып жүргеніне шағымданды. «Егер мен үшін мұның ақыры жақсылыққа апармайтын болса немесе операциядан кейін жағдай ушықса, тезірек жан тапсырғанымды тілеймін, – деп ол үлкен қызына айтқанын есіне алды, – мен тағы қаншалықты шыдай алатынымды білмеймін».

Қайсар әрі табанды Тереза оташысы Джейсон Сикликтен оның қандай да бір эксперименталды емдеу әдістерінен қапері бар-жоғын сұрады. Бір атап өтерлігі, Джейсон дәл немесе жеке тұлғаға бағытталатын медицина деп аталатын зерттеу жобасының қосалқы жетекшісі еді.


АНА ДАУЫСЫ

Италия, Модена университетінің ауруханасы. Кристина Йосса жаңа туған сәбилердің жан сақтау және интенсивті терапия бөлімінде мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбиі Алессандроны әлдилеп отыр. Мұндай көрініс қазір жиі кездесетін құбылысқа айналған. «Ананың сәбиін әлдилеген әуені ең бастапқы нақты медицина б.т., өйткені ол әуен сәбиден басқа ешкімге арналмаған», – дейді Валле д’Аоста мен Женева университетінің зерттеушісі Мануэль Филиппа. Ғалымдар ананың дауысы тіл мен дыбыс танудың алғышарты деп тұжырымдайды. Ана әуені жаңа туған сәби миының дамуына оңтайлы әсер етеді.

Ген зерттеуі мен деректер талдауындағы жетістіктерге негізделген әдіс қатерлі ісікті емдеудің революциялық мүмкіндіктеріне ие әрі ол медицинаның дәстүрлі қолданылу жолдарын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Дәл медицина науқастарды ауру түрлеріне қарай категорияға топтастырғаннан гөрі аурудың алдын алу, дұрыс диагностика жасау мен адамның ерекше биохимиялық жаратылысына қарай емдеу шараларын қолдануды көздейді.

МакКион Мурес Калифорния университетінің қатерлі ісік ауруларын прецизиондық әдіспен, яғни нақты емдеу орталығында қолға алынған I-PREDICT (болжаймын) деп аталатын бағдарламаға қосылды. Ол жердегі зерттеушілер белгілі бір терапия­­ға иек артып отырмайды. Оның орнына олар науқастың қатерлі ісікке шалдыққан жасушаларындағы ДНҚ-сын талдайды. Артынша арнайы алгоритм арқылы компьютер мыңдаған ген нұсқасын, қатерлі ісікке қарсы жүздеген дәрі мен дәрілік комбинация туралы мағлұматтарды талдайды. Мақсат – қатерлі ісіктің ауытқушылықтарын көздейтін емді табу. Бұған жаңа иммунотерапия, дәстүрлі химиотерапия, гармоналдық терапиялар не арнайы қатерлі ісік үшін бекітілмеген дәрі-дәрмектерді қолдану әдістері жатуы мүмкін.

«Қағида – өте қарапайым, – дейді «Мурес қатерлі ісіктерді жекелей емдеу орталығының» директоры әрі онколог Разель Курзрок, – ісіктің сипатына қарай әр науқасқа бөлек-бөлек дәрі таңдайсыз».

МакКионның ісіктері түрлі мутацияларға толы. «Мұндай науқастарға келгенде біз басымыз салбырап, аяушылықтан әріге бара алмайтын едік», – дейді Курзрок. Бірақ мұндай науқастар – «бақылау нүктелерінің ингибиторлары» деп аталатын иммунотерапиялық емдеу әдістерінің жаңа түрі үшін үздік үміткерлер қатарында. Осы дәрілер ісіктен пайда болған протеиндерді иммундық жасушаларға жабысудан және оларды өшіріп тастаудан сақтайды. Бұл науқастың қатерлі ісікке қарсы күресу қабілетін қалпына келтіреді.


ҚАТЕРЛІ ІСІК СОҢЫ

Джуди Перкинс ісікті сүзгіден өткізетін лимфоциттердің (ІСЛ) – ақ қан түйіршіктері қоршауында. Осы ІСЛ оның омырау қатерлі ісігін емдеп жазған (КТ нәтижесі төменде). Перкинске алғаш диаг­ноз қойылғанда оның омырауын кесуге тура келді. Бірақ қатерлі ісік қайтып оралды. Химио, гармоналды мен мақсатты терапия бой бермеген ісік кеуде тұсында өсіп шықты. Оның бірнеше ай ғана уақыты бар деген қарар шығарылды. Алайда Ұлттық қатерлі ісік аурулары орталығында істейтін Стивен Розенберг ойлап тапқан эксперименталді емдеу шарасында Перкинс ағзасына 82 млрд. лимфоцит егіліп, Джуди аман қалады.

I-PREDICT бағдарламасы Терезаға ниволумаб дәрісін тағайындады. Пайдасы әлдеқашан дәлелденген бұл бақылау нүктесінің ингибиторы асқынған меланома, бүйрек пен өкпедегі қатерлі ісікке қарсы қолданылғанымен, омырау қатерлі ісігі үшін тағайындалмайтын. Дәрі екі рет инфузияланғаннан кейін оның қанындағы ісік маркерлері 75 пайызға азайған. Қосымша қабылдаудан кейін төрт ай ішінде қатерлі ісіктің ізі де қалмады.

Сынақтық емдеуден бір жарым жыл өткенде 57 жасқа келген Тереза маған Калифорниядағы бағын аралатып көрсетті. «Мутацияның пайда болуына не себеп болатынын анықтап жатқандары мен ағзаны өлтіруге шақ қалатын химиотерапияның орнына емдеудің өзге әдістерін тоқтамай іздеудегі табандылығымыз, ақыр аяғында сондай ем түрін табатынымыз жаныма қатты жағады. Тек осы бағытта тезірек алға баса аламыз ба екен?» – дейді ол.

Нақты медицина «жалпақ» кеңес­тер мен сізге жақпауы мүмкін емдеу әдістерін ұсынатын дәстүрлі медицинаға қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Бұл әдіс әрқайсысымыздың нақты бір өзіндік молекулярлық сипаттамамыз бар екенін әрі ол денсаулығымызға орасан зор ықпал ететінін ескереді.

Дүниежүзінде зерттеушілер небәрі он жыл бұрын ғана ойға да келмейтін прецизиондық әдістер ойлап табуда: супержылдам ДНҚ реттілігін анықтау, тін инженериясы, жасушаны бағдарламалау, гендерді өңдеу мен т.б. Жуыр­­да ғылым мен технология ауырмай жатып сіздің қатерлі ісікке, жүрек ауруы мен өзге де есепсіз кеселдерге шалдығу ықтималдығын болжауды шындыққа айналдыратын болады. Бұл жұмыс эмбриондағы гендерді өзгерту мен тұқым қуалайтын ауруларды жою мүмкіндігі секілді басқа да перспективаларды ұсынады.

Хирургтер Португалия­ның Лиссабон қаласындағы Шампалимо ғылыми қор орталығында da Vinci Xi роботы микросаймандарының көмегімен науқастың қатерлі ісігін кесіп алады.

Осылайша, зерттеу жұмыстары көптеген бағынбайтын қатерлі ісік ауруына қарсы күресте науқас ағзасына негізделген терапия­ларға жол ашты. Ұлттық қатерлі ісік институтының зерттеушілер өткен көктемде Джуди Перкинс есімді метастатикалық омырау қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдің ісікке қарсы өзінің иммундық жасушаларын қолдану бойынша эксперименталды терапиясынан кейін науқас­тың үмітсіз жағдайдан жазылғанын жар салды. Иммунотерапияның жолбастаушысы Стивен Розенберг жетекшілік еткен топ мутацияларды талдау үшін науқас ісігінің ДНҚ реттілігін анықтау шараларын орындаған. Сондай-ақ зерттеу тобы ісікті сүзгіден өткізетін «лимфоциттер» деп аталатын иммундік жасушалардың үлгісін алып, олардың қайсысы науқастың ісігіндегі генетикалық дефектілерді бірден табатынын көру үшін сынақтан өткізді. Ғалымдар «жеңімпаз» лимфоциттерді миллиардтап өндіріп, оларды бақылау нүктелерінің ингибиторы, сондай-ақ пембролизумабпен бірге Перкинске енгізді. Екі жылдан астам уақыттан кейін Перкинстің бойындағы қатерлі ісік толық жойылды.

Табысты оқиғаның бір мысалы, әрине, медициналық төңкеріс жасамайды. Розенбергтің экспериментіне қатысқан басқа екі науқас көз жұмды. «Мен – үміт отын жандыр­ған мысалмын, – дейді Перкинс, – қолда бар деректердің иммундық жүйені ауыздықтап, тізгінді қолға алу үшін басқа да табысты мысалдар қажет». Осы ем шарасы түбегейлі өзгеріс алып келмеуі мүмкін, бірақ ол дәл медицинаның зор әлеуетін көрсетеді.

Отыз жыл бұрын ғалымдар адамның генетикалық кодын бұзып, ДНҚ-дағы 3,2 млрд жұп байланыстың бірізділігін анықтау мүмкін емес деп топшылайтын. «Жалпыға ортақ пікір мұның ешқашан орындалмайтындығында түйісті. Ешқашан! 2003 жылы осы – «ешқашанға» нүкте қойылды», – дейді Курзрок.

Қатерлі ісік жасушаларының кейбірі данио балығының дернәсіліне енгізіліп, тиімділігін тексеру үшін химиотерапиядан кейін науқастан алынған сынамамен емделеді. Данио балықтарын құтыларды өсіру оңай әрі арзан.

Бір геномның реттілігін анықтау үшін алты ел ғалымдарының басы қосылған «Адам геномы» жобасына 13 жыл уақыт, 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Бүгін реттілікті анықтау шығыны шамамен бір мың АҚШ долларын құрайды. Ал қазіргі озық үлгідегі аппараттар нәтиже қорытындысын бір күнде шығарып береді. Күрделі молекулярлық технология денедегі биохимиялық құбылуларды көрсетеді.

Осындай айырмашылықтарға көз жеткен сайын дәстүрлі медицинаның кемшіліктері де айшықталып келеді. Бар ауруға ем болатын жалғыз таблетканы айтсаңызшы. Статин не кортикостереоид тәріздес сұранысқа ие дәрілерді қабылдайтын адамдардың көбі олардың пайдасын сезіне алады. Американың азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы өзіндік ген нұсқалары бар адамдарға әсер етпеуі мүмкін жалпыға тағайындалатын жүз шақты дәріні анықтады.

Бұл проблема аса қатерлі болуы мүмкін. Мәселен, клопидогрель дәрісі, әдетте, науқастарға жүрек ұстамасынан кейін қаны ұйып қалмау үшін беріледі. Алайда халықтың шамамен төрттен бірінде осы дәріні белсендендіруге қажетті ферменттің ақаулы түрін өндіретін ген нұсқалары бар. Генетика артына түскен Мэрилэнд университетінің зерттеушісі әрі Медицина ғылымының профессоры Алан Шулдинер аталған дәрі тағайындалған осындай науқастарда жүрек ұстамасының қайталануы не болмаса, өмірден өту ықтималдығы екі есе жоғары екенін анықтаған.


ТІЗЕ БҮККЕН КЕСЕЛ

Қатерлі ісікпен күресте данио балығы таптыр­мас құралға айналуы мүмкін. Шампалимо ғылыми қорында істейтін биолог Рита Фиор мен Мигель Годиньо-Феррейраның тобы науқастардан алынған қатерлі ісік жасушаларын данио балығының дернәсіліне енгізіп, оларды науқастарға қолданылатын химио­терапиямен сынап көрген. Осы дернәсіл бес науқастың төртеуі үшін қай дәрі тиімді әсер ететінін дұрыс анықтаған. Зерттеу науқас саны мен қатерлі ісіктің өзге түрлерімен кеңейтіліп, сынақ тышқандарға да жүргізілді. Алайда бұл процедура қымбат әрі көп айға созылады. Ал сынақ небәрі төрт күн алады. Данио балығында адам ағзасынан алынған ісік жасушалары – қызылкүрең, ал жасуша ядролары – көк, қан тамырлары жасыл болып көрінеді.

Көптеген сарапшы он жылдан кейін ДНҚ профилі әр адамның медициналық кітапшасында болатындығын айтады. Пенсильвания мен Нью Джерсидің денсаулық сақтау жүйесінде ойып тұрып орын алатын Гейсингер системасы, маммография мен колоноскопия сияқты профилактикалық процедуралаға ген бірізділігін анықтауды да қосуын ұсынып келеді.

Бізді кеңсемізге байлап қойған жұмыс үстелінен босатып, бірақ смартфондарымызға телміртіп қойған компьютер чиптеріндегі жетістіктер сияқты геномика мен деректерге сүйенетін медицинаға көшу болжауға келмейтін жолдармен орын алады. Сол себепті жуықта ғұмырымызда шалдығуымыз мүмкін аурулар туралы кең көлемді деректерге қол жеткізетін боламыз.

Келешектің қандай болуы мүмкін екенін білгіңіз келсе, генетик Майкл Снайдермен жолыққаныңыз абзал. Ол Стэнфорд университетінің Геномика мен жеке тұлғаға бағытталған медицина орталығын басқарады. Соңғы тоғыз жыл бойы Майкл өз бойындағы молекулярлық және физиологиялық маркерлерді бақылаумен келеді. Ағза қызметін мінсіз сапада көрсететін депикция арқылы ол белгілі бір проблема жайлы сигнал беретін кез келген флуктуацияны, яғни ауытқулықты байқай алады.

Снайдер мен оның тобы зертханада үздіксіз деректер ағынын талдау барысында оның ДНҚ реттілігін, ауық-ауық тапсыратын қанын, кіші мен үлкен дәрет сынамаларын, қос білегі, шылдыр шүмегі мен оң қолында тағып жүретін био-датчиктер көрсеткен нәтижелерді де қаперге алады. Зерттеу тобы Снайдердің ген экспрессиясын, протеин­дерін, зат алмасу мен белсенділігі, жүрек қағысы, тері температурасы, сондай-ақ қанындағы оттегі деңгейі секілді физиологиялық көрсеткіштерін қадағалайды. Ағза, бұлшықет пен сүйектегі өзгерістерді анықтау үшін оған ара-тұра МРТ, эхокардиограмма мен басқа да сканерлік құрылғылар тексерісінен өтіп тұру қажет.


КИІЛЕТІН ДАТЧИКТЕР

Технологиялардың қарыштап дамуымен сымсыз миниатюралық құрылғылар науқастың өмірлік функцияларын қадағалайтын көлемді аппараттардың орнын басуда. Инновациялар экстенсивтілігі жоғары қадағалау жүргізуге және ерте кезеңде шара қабылдау, осылай өмірді құтқару әрі миллиардтаған қаражатты үнемдеу әлеуетін арттырмақ. Солтүстік-батыс университетіндегі инженерлер теріге жапсырылатын бірқатар құрылғылар ойлап тапты. Қолда тұрған мына датчикті теріге жабыс­тыруға болады. Ол ауруханадағы әдеттегі бақылаушы құрылғының қызметін, бәлкім, одан да артығын орындайды.

  1. Қандағы оттегі мөлшерін өлшейтін мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбиге арналған пульстік оксиметр;
  2. Тырнаққа тағылатын ультракүлгін сәуле сенсоры;
  3. Экран мен LED дисплей шығаратын ультракүлгін мен көк сәулеге арналған сенсор;
  4. Жаңа туған сәбидің жүрегіндегі электр белсенділігін өлшеуге арналған электрокардиграф (ЭКГ);
  5. Меланома науқастарына арналған батареясыз істейтін ультракүлгін сәулелер дозиметрі;
  6. Сандық стетоскоп ретінде істейтін ЭКГ мен сейсмокардиография аппараты;
  7. ЭКГ мен жүрек дыбыс сенсоры.

ДЕРЕККӨЗ: СОЛТҮСТІК-БАТЫС УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ СИМПСОН МЕН КУЕРРИ АТЫНДАҒЫ БИОИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН ЭЛЕКТРОНДЫ ҚҰРЫЛҒЫЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДЖОН A.РОДЖЕРС ЗЕРТТЕУ ТОБЫ.


Снайдер ипохондрик емес. Ол өмірін ауру түрлерін ерте кезден анықтап, ауру асқынбай тұрып, емдеуге арнаған жан. Ол өз-өзін сынақ нысанына саналы түрде айналдырды. Себебі ол үздіксіз сынақ пен бақылау шараларына ешкім шыдас бермейді деп білді. «Менің осындай «қызықты» болып шығатынымды кім білген!» – дейді ол.

Төрт жыл бұрын оның денесіндегі датчиктер әлдебір инфекция жөнінде «дабыл» қақты. Бұл оның сап-сау кезі еді. Ал тұмау тигеннен кейін ол Лайм ауруынан күдіктенді. Әдеттегі тексеру оның болжамын растағанға дейін ол антибиотиктер курсын аяқтап үлгерді.

Сондай-ақ ол денесінде 2-типтегі диабет қылаң бергенін анықтайды. ДНҚ-сы ағзасының осы ауруға бейімді екенін көрсеткенімен, ол арық екенін әрі отбасында мұндай кеселге шалдыққандардың болмағанын алға тартып, бұл жайтқа мән бермеді. Әлдебір инфекциядан кейін оның глюкозасы көтеріліп, түспей қойды. Ол диабетке шалдыққан болуы мүмкін екендігін ойлады. Дәрігері де бастапқыда мұны жоққа шығарғанымен тексеру нәтижелері аурудың ошағы барын растаған.

Ол тәттілерден бас тартып, велосипед тебуін екі есеге арттырды. Сондай-ақ, аптасына төрт мәрте алты шақырымнан жүгіре бастады. Ол қандағы қант деңгейін арттыратын тағамдарды қадағалауды қолға алып, ас мәзіріне бірқатар түзету енгізді. Соның арқасында тоғыз ай ішінде қант деңгейі қалыпты күйге түсті. Бұл уақыт аралығында ол жүзден астам еріктіні осы бастамаға шақырған.

Мен де осыған келісіп, бірқатар тексеруден өтіп, соның ішінде геномдық реттілігімді білу үшін Стэнфордқа бардым. Генетикалық кеңесші, Снайдердің зертханасында зерттеуші болып қызмет ететін Орит Даган-Розенфелд мені шағын кеңсеге апарды.

ДНҚ реттілігі өз басым қаламаған жаңалықтан сыр шертетінін түсіндім бе? Айталық, адамдар ішінде кең тарағаны – омырау мен ұрық безінің қатерлі ісік генінің мутациялары. Бұл тексеру емдеуге келмейтін проблемаларды анықтауы да мүмкін еді. Мен «әрекетті талап ететін» не етпейтін – барлық нәтижемен танысуды қаладым ба?


ДНҚ-дан КӨЛЕМДІ ДЕРЕКТЕРГЕ…

Ұлыбританиядағы Биобанкте 500 мыңнан астам адамның қан, кіші дәрет пен сілекей сынамасы бар. Олар – 80°С температурада сақталып тұр. Генетикалық нұсқа мен ауру арасындағы байланыс­ты анықтау үшін пайдаланылатын осы сынамаларды робот алып береді. Тәжірибенің кейбір қатысушыларына жасалған МР-интроскопия көмегімен тері астындағы майды – көк, ал органдарды қаптаған висцералды майды – қызыл түспен көрсететін үш өлшемді кескіндер жасалады.

amra medical AB (МР-интроскопия)


Мен барлық нәтижемен танысу үшін ұяшықтарды тексеріп шықтым. Асқазаным қарсы болғандай түйілгені жаман әсер қалдырды. Медбикелер мұрным мен ұртымның ішін сүртіп, 16 қан ампуласын алды.

Нәтижелерді күтіп жүргенімде әкемнің он жыл бойы ақылынан алжасқан кезі есіме түсті. Бұл генетикалық мұра болса ше? Бұл ойды тоқтату үшін ой арнасын анама бұрдым. 94 жасқа келген анам Нью Йорк қаласында бір өзі тұрады. Билеп, қытай доминосын ойнайтыны бар. Генома тексерісі адамдарға өз денсаулығын толық бақылауда ұстауға уәде етсе де алғаш рет өз денсаулығымды ойлап, қатты уайымдадым. Кез келген қасиет не дерт тұқым қуалайтыны ұйқымды қашырды.

ДНҚ тексерісінен сұмдық жағдай табылмады. Бұл жөнінде Даган-Розенфелд нәтижелерді бейнетаспадан көрсете отырып айтты. Өзім күткемдей жеңілдегем жоқ. Ол уақытқа дейін ДНҚ-дан түгел деректі суырып алу үшін ғылым қаншалықты алға басуы керектігінен хабардар едім.

Мен кейбір дәрілерді, соның ішінде клопидогрельді сіңіруім нашар екенін білдім. Снайдер еріктілер арасынан, шамамен, 17 пайызында маңызды генетикалық жайтты анықтаған. Олардың бірі – жылдар бойы 2-типтегі қант диабетіне қарсы дәрі қабылдап келген және бұл дұрыс болмаған, өйткені ол сирек кездесетін тұқым қуалайтын аурумен ауырады екен.

Соңғы бес жыл бойы Снайдер қанындағы қант деңгейін бірқалыпты ұстай алыпты. Артынша қанындағы қант деңгейі көтерілген. Ол түрлі диеталарды, ауыр көтеруді сынап көрсе де, қант деңгейінің артуы жалғаса берді. Содан кейін ол дәрі іше бастаған. Арада бірнеше ай өткенде оның да әсері шамалы екенін байқайды. Оның ойынша өмір салтындағы өзгерістер проблеманың ушықтырмай келген. Тіпті дәл медицинаның ең соңғы технологиясы мен денсаулық күтіміндегі керемет сақтық, бұл ДНҚ-да жазылған «кемшіліктерден» аттап өтуге мүмкіндік бермейді.


ҰРЫҚТАНДЫРУДЫ ДӘЛ ЖОСПАРЛАУ

Чикаго. Экстракорпоральдық ұрықтандырудан кейін Адам репродукциясы институтының директоры Илан Тур-Каспа (көк киген) ультрадыбыстық аппарат суретін К.Билсон қолына ұстатты. Вестли индивидуалды эмбрион трансфері арқасында дүниеге келді. Имплантацияға нақты қай уақытта дайын болатынын анықтау үшін Билсонның сұйық дәретінен 238 ген сынамасы алынды. Аралық зерттеу осы экстракорпоральдық ұрықтандыру әдісі арқылы сәби көтеру көрсеткіші 24%-ға артқанын көрсетті. УДС (сол жақта) оның жатыріші шырышты қабығының қалыңдығы 8,9 мм, яғни имплантацияға дайын екенін көрсетті. Ал генетикалық тест оңтайлы кезең екі күннен кейін келетінін және оған тағы да гармоналдық ем беру керектігін анықтады. Сәтті ұрықтандырудан кейінгі 13-апта.

Геномды тұрғыда біз 99 пайыздан да астам ұқсаспыз, бірақ, орташа есеппен, миллиондаған генетикалық вариациямен бөлінгенбіз. Соңғы есептеулерде ғалымдар 665 млн вариация каталогін шығарғанда олардың үлкен өзгерістерден ДНҚ-ны құрайтын нуклеоидтердің біріндегі айырмашылықтарға дейін құбылатыны байқалды.

Қай нұсқа зиянсыз және қайсысы қауіпті? Мәселенің күрделілігін Вандербилт университетінде жүргізілген тәжірибе көрсетті. 2022 адам зерттеліп, жүрек қағысының ауытқушылығымен белгілі екі генде 122 сирек вариация анықталды. Олар үш зертханадан қай нұсқалардың ауытқушылық тудыратынын сұрастырды. Барлығының пікірі тек төртеуі бойынша тоғысты. Осыдан кейін зерттеушілер зертхана талдауларын адамдардың денсаулық кітапшаларындағы жазбалармен салыстырып, потенциалды қауіпті нұсқалары бар адамдардың ешбірінде жүрек қағысының ауытқушылығы жоқ екенін анықтайды.

ДНҚ коды не айтатынын түсіну үшін жылдар бойы кешенді зерттеу жүргізу қажет, өйткені қатерлі мутациялар сирек және олармен байланысты аурулардың дамуы көп уақыт алуы мүмкін.

Осындай мегазерттеулер бойынша көшбасшылардың бірі – Ұлыбританияның Биобанкі. Мұнда 40-69 жас аралығындағы 500,000 еріктінің медициналық құпия деректері сақталған. Биіктігі екі қабатты үйдей болатын алып мұздатқышта олардың қаны, кіші дәреті мен түкірік сынамалары сақтаулы. Титімдей түтіктердегі 10 млн үлгі сөрелерге салынып, еріктілердің құпиясын сақтау үшін штрих-кодтармен белгіленген.

Дүниежүзінде төрт мыңнан астам ғалым қатерлі ісік, остеопороз бен шизофрения секілді дерттердің генетикасын зерттеу үшін осы Биобанк деректер қорын пайдалануда.

Десек те, бұл зерттеудің аясы шектеулі, өйткені ол көбіне ақ нәсілділер тобын қамтыған. Басқа ірі генетикалық дерекқорларда да дәл осындай кемшілік бар. 2009 жылы ген мен ауру арасындағы байланыс жөніндегі зерттеулер қатысушылардың 96 пайызының тегі еуропалық екенін көрсеткен. Жеті жылдан кейін зерттеу қолы Азияға жеткенде бұл сала орнынан қозғалып, жаңа леп әкелді.

Дейтұрғанмен, зерттеушілер жеке тұлғаға бағытталған медицинаның шекарасын кеңейту үшін осындай деректерді пайдалануда. Брод институтының ғалымдары жақында өзіндік бір жеке риск бағалау картасын жасап шығарды. Бұл бес ауыр әрі жалпыға ортақ кесел – жүрек ауруы, омырау қатерлі ісігі, 2-типтегі қант диабеті, ішек қабынуы мен жүрек фибрилляцияның (Atrial fibrillation) пайда болу ықтималдығын есептейтін алгоритм.

Аталған карта маза қашыратын жаңалықтардан сыр шертеді: көптеген адамның бойында бірнеше мутация болатындықтан түрлі проблема тудырады. Мәселен, омырау қатерлі ісігінде осы кішкентай мутациялар біріккенде BRCA1 мутациясындай қауіпті және ол айтарлықтай жиі кездеседі. Жақын болашақта дәрігерлер адамдардың туған кезінен-ақ ауруға шалдыққыштығын бағалау үшін осындай жүйені пайдаланатын болады.

Мен жасушалардың үлкейтілген түрін көру үшін Седарс-Синай басқарушылар кеңесінің регенеративті медицина институындағы мониторға отырдым. Бірнеше ай бұрын мына тамшылар әлдебір ересек адамнан алынған қан жасушалары болатын. Ғалымдар оларды қарапайым бағаналық жасушаларға айналдырған. Осыдан кейін институт директоры, нейрохимик Клив Свендсен бастаған топ жасушаларды рудиментарлық омыртқаға, яғни донордың генетикалық қолтаңбасын таситын жүйке тініне айналдырған. «Ғылыми фантастикаға ұқсайды, солай емес пе? – дейді ол, – мұның ғылыми фантастика шегінен асқанына көп болмады».

Мұның мақсаты – нақты бір науқастың нақты бір ауруын зерттеу үшін үлгілер жасау. Сондықтан Свендсен зертханасындағы аналық без қатерлі ісігімен айналысатын ғалымның бірі аналық безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастың қанынан алынған жатыр түтіктерінің мининұсқаларын синтездеп шығарғысы келеді. «Ішектер» тобы ішек тінін жасаса, Паркинсон мен басқа да нейродегенеративті жағдайларды зерттегендіктен Свендсен тобы ми мен омыртқа тінімен айналысады.

Ғалымдар кез келген ересек адамның тінімен жұмыс істей алады. Олар жетілген тіндерді ұрыққа ұқсайтындарына айналдыру үшін ген экспрессиясына қатысатын протеиндердің көмегімен тінді қайта бағдарламалайды. Қайта бағдарламаланған жасушалар артынша өсуді күшейтетін заттар мен басқа протеиндер қайнатпасына орналастырылады. Бұл рецепт зерттеуші қалауындағы қызмет ететін қандай да бір тінді синтездеу үшін арнайы жасалған.

Олар тінді жасап шығарғаннан кейін оны бөлшектеп, жасушаларды чипке орналастырады. Чип дегеніміз – флеш-карта көлеміндей ғана мөлдір пластинка. Чип жасушаларға қан, қорек таситын әрі жетілуге көмектесетін өте ұсақ каналдармен қапталған.

Свендсен бұл модель жаңа дәрілерді сынауда әрі науқастың ағзасы тағайындалған емге қалай реакция беретінін болжауда құнды болатынын айтты. «Қай дәрінің тиімді әсер ететін анықтау жиі қиындық тудырады, – деп ол эпилепсияны мысалға келтірді, – біз балаларды үш ай азапқа салып, бір дәріден кейін екіншісін тыққыштап жатамыз. Ал чиптің көмегімен кез келген дәрінің әсерін бірден байқауға болады».

Кейбір сыншылар чиптегі қайта бағдарламаланған жасушалар денеде не болып жатқанынан шектеулі хабар береді деп есептейді. Мен Свендсеннен, мәселен, эпилепсия дәрілері бауырға не жүрекке кесірін тигізбейтіндігін қалай білетінін сұрадым. «Бұл оңай», – дейді ол. Оның зертханасында осы органдардың мининұсқаларын жасау үшін «бағана» жасушалары пайдаланылады. Осыдан кейін оларға дәрілермен сынақ жүргізіледі.

Жасушалар мен ген технологиялары медицинаның шекарасын қаншалықты кеңейте алады? Портландтағы Орегон ғылым және денсаулық сақтау университетіндегі Шухрат Миталиповтің зертханасы алған бағытымыз туралы ой тастайды. Қара шашын жасөспірімдердікіндей алдырған, палуан денелі келген Миталипов Қазақстан тумасы. Ол адам эмбриондарының ДНҚ-сын өзгерту үшін Crispr-Cas 9 деп аталатын генді редакциялау құрылғысын пайдаланған.

Миталипов пен оның әр ұлттан құралған тобы потенциалды өлімшіл гипертрофикалық кардиомиопатиямен байланысты мутацияларды жою үшін аталық гендегі бір сегментті Crispr аппаратымен кесіп ашады. Олар дені сау донордың жұмыртқаларын ауру адамның шәуетімен ұрықтандырған. Егер осы эмбриондар сәбиге айналар болса, ауру болмайды не генетикалық мүкістікті кейінгі ұрпаққа тасымалдамайды. Миталиповтің тәжірибені осыншалық алысқа жеткізу ойы болған жоқ. Ғалымдар эмбриондарды үш күндей өсіріп, артынша әрмен қарай талдау мақсатында жасушаларды алып тастаған.

Эмбрион геномдарын «шұқылау» ұзақ уақыт табу саналып келді. Оның «жөндеу» техникасы әр жолы табысты бола бермейтін, бірақ Шухрат бір бағыттағы мутациялармен байланысты 10 мың аурудың кез келгенін жою үшін оны жетілдіре отырып, қолдануға болады деп есептейді.

Оның әдісі ақталсын-ақталмасын, ғылыми әлеумет эмбрион модификациясынан қашып құтыла алмайтындарын мойындап келеді. Мен одан: «Бұл жұмыс нәтижесі эмбриондарды ата-аналары қалаған қасиеттер дарытатындай етіп өңдеуге әкеп соғады деген үрей жоқ па?» – деп сұрадым.  «Манипуляциямен айналыспаймын, – дейді ол, – мен түзету енгіземін. Мұның несі жаман?».

1978 жылы «түтік» арқылы дүниеге келген алғашқы сәби жалпы «адам қолымен өсірілген» балалар туралы наразылықты өршіте түсті. Сол уақыттан бері экстракорпоральді және басқа да жасанды ұрықтандыру әдістерімен сегіз миллионнан астам сәби жарық дүние есігін ашқан. Алғашқы жүрек трансплантациясы жасалған 1967 жылдары қыл үстінде тұрғандар үшін дәрігерлер сау органға бола комадағы науқастардың өмірін уақытынан бұрын қия бастайды деген қорқыныш тарады.

Осындай бетбұрыс жасаған жаңалықтар үйреншікті дүниеге айналуымен бұл қорқыныш та сейілді.  ДНҚ реттілігін анықтау, генді редакциялау және басқа да технологиялардың адам өмірін құтқаруымен сол жағдай қайталануы мүмкін. Бірақ дәл медицина төңкерісі біз көрген ешбір технологияға ұқсамайды. Ол бізге денеміз туралы белгісіз болып келген нәрселерді біліп, медициналық болашаққа үңілуге мүмкіндік береді. Ол ғылымды биологиялық манипуляциялар мен «жөндеудің» жаңа шындығына көшіреді.

Бүгін иммунотерапия мен гендік технологиялардың арқасында аман қалған Джуди Перкинс ғылым ашқан осынау жаңалықтарға көз жұмуға болмайды деп есептейді. «Бұл ядролық энергияға ұқсайды, – дейді ол, – егер ол бақылаудан шығатын болса, жағдай, шынымен, жиіркенішті халге түсуі мүмкін. Алайда егер дұрыс жүгендесеңіз, әлеуетінде шек болмайды».

Автор: Фран Смит, фото: Крейг Катлер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Көзіміздің ағын оқиды

$
0
0

Уашингтон университетінде жасалып жатқан смартфон қосымшасы ұйқы безі қатерлі ісігін көз ағының сарғаюына қарап анықтайды. Селфи жасасаңыз болғаны, әпликейшн билирубин деңгейі жоғары не қалыпты екенін бірден байқайды. Бұл да, өз кезегінде, ұйқы безі қатерлі ісігі белгілерінің бірі болуы мүмкін.

Авторы: Лори Кусберт


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Медицина болашағы

$
0
0

Бионикалық көзді ғылыми фантастика дерсіз, бірақ 3D принтері мұндай прототипті бар болғаны бір сағатта жасап шығарды. Протез арқылы көрудің ауылы алыс емес сияқты.

Адамзат денсаулығының авангардында тұрған ғалымдар нақты медицинаға қол жеткізу үшін генді жіктеді. Жаңа буын көне қытай медицинасына мойын бұрса, АҚШ дамыған елдердің арасында жүктілікпен байланысты өлім бойынша көш бастап тұр. Мұның соңы неге апарады?


Медицина болашағы: «Интернетке қосылған» әрі хай-тек.

Үнемі жаныңыздан табылатын, аналитикаға сүйенетін, сізге индивидуалді тұрғыда көңіл бөлетін медицина қандай?

Егер ортақ Линда болмағанда, мен Харриеттпен мүлде таныспас едім. Мен – солтүстік калифорниялық дәрігермін, Нью Йоркте Харриеттің байланыс компаниясында қызмет етемін. Екеуміз де Линда негізін қалаған онлайн режимдегі жеке геномика компаниясына талдау жасату үшін генетикалық мәліметтерімізді жібердік.

Харриетт екеуіміздегі ортақ дүниені байқаған Линда бізді таныстырайын деп шешіпті. Ол ортақтық – ДНҚ митохондриясының сирек кездесетін түрі, яғни біз алыс туысқан болып шықтық. Мен тіпті қызық үшін ДНҚ нұсқалары менімен және Харриеттпен бірдей адамдарға арнап Facebook желісінде топ аштым.

Харриетт екеуімізді кездестірген нәрсе – биомедицинаның жетістіктері. Бір кездері түсімізге де кірмеген бұқаралық нарық пен арзан гендік талдау секілді дүниелер осы күні қалыпты жағдайға айналған. Сандық технология мен қоғамдық платформаның арқасында біз өз генотипімізбен танысып, оны желідегі әлеммен бөлісуімізге мүмкіндік алдық.

Бионикалық көз жасаудың қиындықтары көп. Бірақ ғалымдар 3D технологиясын қолдана отырып, көз рецепторларын жасап шығара алды. Көздің доғаша иілген пішініне қарамастан, «сия» ретінде қолданылатын күміс бөлшектер өздерінің қалыбына дөп түседі. Фотодиодтар жарықты 25%-дық тиімділікпен электр қуатына айналдырады. Келесі қадам – имплантты ыңғайлырақ ету үшін көбірек жарық рецепторларын қосып, жасанды көздің сыртқы қабатын жұмсарту. — Рейчел Хартиган Ши


Содан бері денсаулық сақтау саласы технологияға негізделген көптеген жетістік пен инновация легіне куә болуда. Мен мұнда баяндайтын инновациялардың басым көпшілігі әзірге бастапқы даму сатысында тұр. Әрқайсысы өзінше әсерлі. Дегенмен осы инновациялардың дәстүрлі денсаулық сақтау жүйесінен «біртұтас медицинаға» жолы ашылғанына қуанамын.

Ойланып көріңіз, мұндай медицина біздің денсаулығымыз бен аман-саулығымыз үшін көңіл бөлуге негізделген. Мақсат – ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу, анықтау.

Медицинаның ескірген үлгісінде қажетті деректер қағаз файлдардың арасында шашылып жатады, болмаса электронды медициналық жазба жүйелеріне жіктелетін. Бүгінде оның жетілдірілген үлгісі қатарға енгізілуде. Ол – өмірлік маңызды функцияларды үздіксіз бақылайтын және науқастың денсаулығы туралы мәліметті жан-жақты жазатын индивидуалді технология.

Fitbit корпорациясы «тағып жүретін аппараттар» революциясын бастағалы бері арада он жыл өткенде денсаулық көрсеткіштерін тіркеу құрылғылары әр елде кеңінен қолданыла бастаған. Ондай құрылғылардың көбі адам қимылдарын өлшеуге және жазуға арналған. Келешекте мұндай сезімтал технологиялар аурудың алдын алуда, оны анықтау мен терапия саласында басты рөл ойнайтын болады.

Биоинженерлер ДНҚ-ны бүктеу арқылы нанокөлемді тетраэдр мен одан да зор дүниелер жасап шығарды. Олар қажетті пішінін алгоритмге салады. Бұл ұзын ДНҚ тізбегін қалай бүктеу керектігін анықтайды. Бүгілген тізбек қысқарақ ДНҚ бөліктерінің көмегімен екі немесе үш өлшемді біріккен пішіндер түзеді. Осы арқылы тізбек үстіне жайғасқан молекуларлар дәріні немесе ген өңдейтін заттарды дененің керекті жеріне жеткізу секілді өз функциясын оған бере алады. МТИ-да істейтін Марк Баттың айтуынша, ДНҚ-оригамидің «көксегені» көптеген дәрінің миға жетуіне кедергі болатын қан – микедергісін аттап өту.Тереза Мачемер


Тағып жүруге аса ыңғайлы медициналық жабысқақ сенсорлар электрокардиограммаға түсіріп, тыныс алу жиілігін өлшейді, қандағы қант мөлшерін анықтап, нәтижесін Bluetooth арқылы жіберіп отыратын болады.

Ал естуге көмектесетін сенсорлы құлаққаптар дыбысты күшейтіп қана қоймайды, сондай-ақ жүрек соғысы мен қозғалысты да бақылап отырады.

Болашақта жанаспалы смарт-линзалар   мыңдаған биосенсормен жабдықталатындықтан, қатерлі ісік секілді түрлі аурулар ошағының белгілерін о бастан анықтап отыруға көмектеседі. Қазір жобасы әзірленіп жатқан линзалар алдағы уақытта көз жасындағы қант мөлшері арқылы қант диабетіне шалдыққандардың диета режимі мен дәрі-дәрмектерді қабылдау кестесін белгілеп беріп отыруы ғажап емес.

Имплантталатын құрылғылардың қатарын радио жиіліктегі идентификациялық чип толтыруы мүмкін. Ол тері астына орнатылып, науқастың медициналық жазбалар қорын сақтайды. Тағы бір осындай құрал – қан құрамын бақылайтын теріасты сенсоры. Капсуладағы ішке қабылданатын құрылғылар жұтылып, асқазан-ішек жүйесінде емдеуден бөгде заттарды оқшаулауға дейін түрлі тапсырмаларды орындайды.

Саусақтан қан алуды ұмытыңыз. Оңтүстік Корея зерттеушілері көруге кедергі келтірмейтін, түссіз, иілгіш, электроникасы орнатылған линзаға қол жеткізді. Сымсыз электр қуатын өткізу арқылы сенсорлар көз жасынан глюкоза деңгейін анықтай алады. — Ив Конант


Аяғы ауыр әйелдің ішіне жапсырылатын сенсор жатыр бұлшықет қозғалысын бақылау арқылы, толғақ келетін уақытты болжайды. Тіпті шала туған сәбилер үшін де жоғары технология көмекке келмек. Құлаққаптарда баланы тыныштандыруға арналған әуен ойнап жатқанда, сканер оның әсерін анықтау үшін ми толқындарын тексереді.

Құрылғыны кимей-ақ денсаулығымыз туралы мәлімет жинағымыз келсе ше? Массачусетс технологиялық институтының (МТИ) инженерлері Wi-Fi модемі секілді қорапты ойлап тапты, ол бір жерде тұратын адамдардың өмірлік маңызды функциялары мен ұйқы фазаларын тексереді.

Жаңа сенсорлық технологиялардың пайда болуымен биомедициналық мәліметтер мен танымдық ақпарат мөлшері артпақ. Мұны геномдық деректердің өсіп жатқан қорымен жұптас­тыруға да болады. Барлығы бірге сауықтыруды оңтайландырудың, ауруды түсінудің, әр адамға арналған ең тиімді индивидуалдық профилактика шаралары мен ем-дом әдістерін таңдаудың жаңа жолын ашады.

Сандық құралдар мен жасанды интеллект сараптамасының қосындысы диагностиканың ұқыптылығы мен жылдамдығын арттырады деп топшыланады. Бұл аурудың алдын әлдеқайда бұрын алуға мүмкіндік беріп, емнің пайда келтіру мүмкіндігін еселендіреді. Мұның көбі телефонмен жұмыс істеуі мүмкін.

Назарыңызда ішіне кішкентай магнит салып алған тіктөртбұрышты робот. Жұтуға ыңғайлы пішінге ену үшін ол баян сияқты жиырылып, асқазанда ашылады. Ол сіз жұтып қойған батарея не ішіңізге зақым келтіріп жатқан тінді денеден шығара алады. — Лори Кусберт

Смартфон отоскопы арқылы ата-аналар балаларының құлақтарына үңіліп, кескінін педиатрға жібере алады. Мобильдік қосымшалар мен сенсорлардың арқасында адамдар денедегі ауытқуларды байқау үшін электрокардиограмма түсіруге мүмкіндік туады. Микрофонның көмегімен жөтелді «тыңдауға» бағдарланған жасақтама арқылы өкпенің қабынуын да анықтауға болады.Уақытынан бұрын өлімге әкеп соқтыратын ең басты қауіп көзі болып табылатын жоғарғы қан қысымын емдеуді жақсарту үшін қазір жасалып жатқан сенсорлар қан қысымын үздіксіз өлшеуден өткізіп отыратын болады (ешқандай манжеттің керегі жоқ).

Адамзат микробиомасына, яғни әркімнің іші мен сыртындағы триллиондаған бактерияға жасалған сансыз зерттеулер диагностикалаудың жаңа үлгілерін ұсынып, ауруды түсінуге көмектеседі. Генетикалық сараптама семіздік, ішек қабынуы мен неврологиялық аурулардың дамуына апарып соқтырады деп есептелетін ішек микробиомассасының көптеген құпиясын ашуға жәрдемдесер еді.

Жасанды интеллект арқасында диагностикалық құралдарды жасуша үлгілері мен радиология­лық сканерлерді оқи алатындай етіп жасақтауға болады. Google зерттеушілері 250 миллионнан астам науқас көз торын сканерге түсіріп, кескін үлгілерін алгоритмге салды. Осыдан соң технология қай пациенттің қан қысымының, ал қайсылары үшін инфаркт пен инсульт алу қауіпі жоғары екенін анықтауды «үйренді». Кей салыстырулар мұндай сандық құралдар патолог, дерматолог пен радиолог мамандарына қарағанда сараптама нәтижесін нақтырақ бергенін көрсеткен.

Ақылды пластырь. Бұл почта маркасынан да кішкентай жапсыр­ғыш жүрек қағысын бірқалыпты жағдайда ұстап тұрады. Ол теріден өтіп, жасушалар мен қанды қозғалысқа келтіретін ультрадыбыс­тық толқындар шығару арқылы қан қысымын өлшеп, мәліметті ноутбукқа кері жібереді.


Уақыт өткен сайын медициналық көмектің аралас түрде, яғни шынайы-виртуалды араласу үлгісінде көрсетілуі арта бермек. Жеке Skype сияқты виртуалдық қабылдаулар веб-порталдар арқылы жүзеге асырылады. Дәрігер науқастың барлық өмірлік маңызды функциясы туралы мәліметті вебке қосылған сымсыз жүйе, қан қысымы манжеті мен бақылау құрылғылары арқылы қабылдайтын болады. Телемедициналық дерматолог теріңіздегі әр дақты алдын ала тексеру үшін сіз жіберген селфиге қарап шығып, уайымдамауға немесе келіп ем-дом қабылдауға кеңес беруі мүмкін.

Келешекте дәрігерлер тағайындаған емге «digiceuticals» де кіруі ғажап емес. Әзірге шектеулі қолданыстағы бұл жоба адамның хал-жағдайын дәрі-дәрмексіз емдеуге арналған. Ешқандай жеке қабылдаусыз-ақ дәрігердің ақпараты мен кеңес­теріне негізделген бағдарламалық жасақтаманы я сандық хат алмасуды қолданасыз.

Әлі де жетілдіруді қажет ететін «digiceuticals» өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Кемінде екі фирма қазірдің өзінде миды дауысты төмендетуге қайта жаттықтыру арқылы құлақтағы шудың тынымсыз дыбысынан арылтатын әпликейшн ойлап шығарды. Кей қолданушылардың мұның кәдеге жарайтынына сенімі мол. Жүрегі сыр беретін науқастар үшін Майо клиникасы қан қысымын, қозғалыс пен басқа да көрсеткіштерді бақылап отыратын әпликейшн қолдануға кеңес береді. Нәтижесінде, жүрек ақауымен ауруханаға қайта түсетін науқастардың саны 40%-ға кеміген.

Болашақта ақ халатты абзал жандар сіздің нақты генетикалық профиліңізге қарай ең тиімді дәрілерді анықтап алғаннан кейін, сіздің генетикалық тестілеуіңізді пайдаланатын болады. Ал науқасқа дәрінің керекті дозасын уақытында беру қызметі қашықтан басқарылатын роботтарға жүктеледі.

Миға арналған тоқ терапиясы. Электр қуатын медицинада қолдану алғашқы жүрек ширатқыштар заманынан әлдеқайда алға кетті. Мына рентген кескінінен көрінетін импланттық электродтар мидың терең стимуляциясы (МТС) деп аталатын электрлі пульс­терді жібереді. Ол обсессивтік-компульсивтік бұзылу мен Паркинсон ауруын емдеуде тиімділігін көрсетті. Бұл қатарға Альцгеймер синдромы да кіруі мүмкін. Кливленд клиникасында МТС-қа жасалған зерттеу инсультты емдеуде сәтті болғанын көрсетті. 2015 жылы болған инсульт науқастың сол жағын жансыздандырды. Алайда бір ай бойы физикалық терапия, эрготерапия мен МТС қабылдаудың арқасында ол бүгінде немерелерімен қуаласпақ ойнап жүр. — Патрисия Эдмондс


Бірнеше ай бұрын Гарвард пен МТИ ғалымдары өлімге жиі апарып соқтыратын бес ауруды дәлме-дәл есептеудің әдісін ойлап тапқан. Олар бұған адамзат геномының 6,6 миллион жерден өзгеріске ұшыраған ДНҚ-ны талдап, жетілдірілген алгоритмды енгізу арқылы көз жеткізді. Генетикалық тестілеу адамның деменция, Паркинсон мен қант диабеті секілді ауруға қаншалықты бейім екені туралы ақпарат та бере алады.

Егер дәрігер қабылдауына бара алмасаңыз, ол қызметті болашақта робот дәрігер алмас­тыратын болады. Виртуалды медбикелер (чатбот) болса, сіз тағатын құрылғыдан өздеріне қажетті деректерді алу арқылы сізді не мазалап жүргенін алдын ала анықтап, ем-дом қабылдаудың кестесін белгілейді. Ондаған жылдан кейін роботтар адамдарды бетпе-бет қабылдап, қажетті сұрақтарына жауап алған соң ем-дом шараларын өздері белгілейтін болады. Көктамырдан қан алу кезінде қай тамырдың дәл келетінін анықтап, өздері ине сұғатын ультрадыбыспен жабдықталған роботтарды елестетіп көріңізші. Ондай «күтуші» роботтар науқасты орнынан тұрғызып қана қоймай, әңгімелесе де алады. Физикалық терапия   жаттықтырушылары ретінде бағдармаланған роботтар науқастарға жаттығу режимін сақтауға да жәрдемдеседі.

Осынау технологиялық жетістіктердің игілігін көру керемет, бірақ оны тарату – одан да маңызды. Себебі 2016 жылдың өзінде ғана кедей елдердің медициналық көмекке қол жеткізе алмаған 3,6 миллион тұрғыны көз жұмған. Ал сапасы төмен көмектің кесірінен өмірмен қош айтысқандардың саны одан да көп (5 миллион шамасында). Біз бүгіннен бастап, жаңа медициналық технологиялармен, сондай-ақ басқа да денсаулық сақтау әрі сауықтыру ресурстарымен бөлісу арқылы мұны өзгерте аламыз.

Қуықалды безі қатерлі ісігіне ем. Асқынған қуықалды безі қатерлі ісігі науқасқа ажал құштыруы мүмкін. Ал бастапқы деңгейдегі кесел тек бақылауды қажет етеді. Кливленд клиникасының жаңа жетістігі екеуіне де пайдасын тигізе алады. Зерттеу тобы тестестеронмен байланысты генетикалық ауытқуы бар науқастардың кей дәрілерге өзгеше реакция болатынын анықтады. Бұл жеке емге жол ашуы мүмкін. Басқа ғалымдар қуықалды безі қатерлі ісігі қаупін қазіргіге қарағанда дәлірек анықтайтын жаңа қан анализі әдісін ойлап тапты. Бұл биопсияға деген қажеттілік пен өлім санын бірнеше есеге азайтпақ. — Патрисия Едмундс


Дэниель Крафт – Стэнфорд пен Гарвард университеттерінде тәлім алған дәрігер-ғалым. Ол – Сингуларити университетінің медицина кафедрасының меңгерушісі, жедел технологиялар мен олардың болашақ денсаулық сақтауға пайдасын жақындатуды зерттейтін Exponential Medicine жобасының негізін салушы әрі жетекшісі.

Авторы: Дэниел Крафт

 


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Музыка емі

$
0
0

Шала туылған сәбилердің дамуы кешеуілдеуі мүмкін. «музыка» жобасы бөбектердің дамуына үлес қоса алады.

Соңғы 20 жылда сәбилер шала, яғни 37 аптаға толмай дүниеге көп келе бастады. Жатыр­дағы нәрлі ортамен ерте қоштасу түрлі асқынуларға әкеп соғуы мүмкін, сол себепті бөбектердің көбіне аурухананың Жедел терапия және жансақтау бөлімшесіне (ЖТЖБ) біраз уақыт аялдауына тура келеді.

Швейцарияның Женева қаласындағы университет ауруханасында әуен терапиясы уақытынан ерте туған кей сәбилердің күтім процедурасына кіреді. Дегенмен ЖТЖБ-нің өзге жобаларына қарағанда, бұл бастама барысында нәзік әрі титтей басқа арналған құлаққап арқылы оларға үш ән тыңдатылады. Музыка – жасалып жатқан жобаның бір бөлігі ғана. Жоба әуеннің шала туған сәби миына әсері мен оның ақпарды қабылдау мен өңдеуге қатысы болуы мүмкін қабілеттерін, яғни мелодия, темп пен ырғағын қаншалықты жақсы байқайтынын анықтауға бағытталған.

Неонатолог Перта Хуппи, зерттеуші Мануэла Филиппа мен композитор Андреа Волленуайдер жасаған жоба әуен терапиядан өткен және өтпеген сәби миының МРТ кескіндерін салыс­тырады. «Қысқа әрі қарапайым музыка шарананы ұйықтатып-оятуға әрі олармен қарым-қатынас жасауға ла­­йық­ты етіліп жазылған», – дейді Хуппи.

МРТ кескіндері ми жасушалары байланысының жақсарғанын көрсетті. Оған қоса, әуен сәбилердің ұйықтау мен ояну ритмін жүйелендіруге көмектескен болуы мүмкін. Бұл шулы ЖТЖБ мен кейінгі өмірінде дамуы үшін аса маңызды.

Авторы: — Кэтрин Цукерман


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Робот-жәрдемші

$
0
0

Жартылай сал ауруы секілді дертке шалдыққандар үшін ғалымдар науқасқа «жабысып», оның жүріп-тұруына көмектесетін экзоскелет сияқты роботтарды жасап жатыр. Инсульт алған науқасқа жүруге жәрдемдескендей, бұл роботтар да науқас күшін қайта қалпына келтіруі мүмкін.

Авторы: Наташа Дэйли


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Адамнан адам шығу оңай емес

$
0
0

Хьюстондағы Техас балалар ауруханасында былтыр маусым айында кесар тілігі арқылы дүние келген Кейси Отто Хобелт. Ол туған кездегі плацентаның денеге бітуі (бала жолдасы жатыр бұлшықетіне жабысып өсетін ауру түрі) мәселесін шешу үшін 30 жастағы Лорен Дениске Хобелттің шұғыл түрде гистерэктомия жасауына тура келді.

1990 жылдан бері дамыған елдердің екеуінде ғана жүкті әйелдер өлімі көбейсе, солардың бірі – АҚШ. Ондағы қара нәсілді аналарға төнген қауіп ерекше жоғары. Дамушы елдердегідей негізгі күтім жақсарар болса, жағдай оңалуы мүмкін.

Тәпішке мен трико киетін уақыт болады. Мәселен, сенбінің кешінде саябақ, жәрмеңке не үйде жүрген кезді алыңыз. Бастысы – ыңғайлылық. Бірақ 2016 жылғы сәуірдің 11-інде 39 жастағы Кира Джонсонның ойы күрт өзгерді.

Жатын бөлмедегі айнаның алдында шашын тарап отырған ол күйеуі Чарльз Джонсон IV-ке: «Жаным, мен Лэнгстон үшін әдемі болғым келеді», – деді. Ертесі түстен кейін олар екінші ұлын дүниеге әкелу үшін Лос-Анджелестегі Седар-Синай медицина орталығына аттанып кетті.

«Өмірлік мақсаты бар, артына із қалдыра алатын, тек айналасындағыларға ғана емес, жалпы қоғам алдында жауапкершілік жүгін көтере алатын азаматтарды тәрбиелеуге ниетті едік», – дейді Чарльз.

2014 жылы кесер тілігі арқылы дүниеге келген тұңғыш ұлдарына үлкен атасының құрметіне Чарльз Спарджон Джонсон V деп ат қойған. Екінші баласына Гарлемдегі ренессанс дәуірінің аңызға айналған ақыны Лэнгстон Хугстың атын қою жоспарланған. Кира баланы үйге әкелу үшін әшекейлері мен көйлегін салып алды. Чарльз де солай киіну керек деп шешті. «Аздап ақылың да, ақшаң да бар екенін көрсететін кез қашан болады екен», – деген Джонсон шорты мен футболканы түймелі көйлек, жеңіл шалбар мен бәтеңкеге алмастырғанын есіне алды.

28 бен 25 жастағы Бриттани Кейперс пен ДиАндре Прайс жүктіліктің 34-аптасында қолға алған «сәби тойы». Кейперс – жүктілік кезінде және бала алты айға толғанға дейін отбасыларға қолдау көрсететінін Mamatoto Village орталығының қоғам денсаулығы қызметкері. Ол өткен маусымда аман-есен ұлын дүниеге әкелді.

Сол сияқты АҚШ-тағы белгілі ауруханалардың рейтингісінен шықпайтын Седарс-Синайды да олар ақылмен таңдады. Ана мен баланың денсаулығы жақсы, жүктілік кезінде ерекше қамқорлық жасалып, барлығы ойдағыдай болып тұрғанда сәбиді әлемдік деңгейдегі перзентханада өмірге әкелуге не кедергі?!

Лэнгстон Эмиль Джонсон 2016 жылғы 12 сәуірде сағат 14.33-те дүниеге келді. Жоспарлы кесер тілігі қалыпты өтті, тіпті Кира босана сала баласын емізіп те үлгерген. Содан соң ол Лэнгсонды өзінен 18 ай үлкен ағасына таныстырып, ұйқыға кетті.

Чарльз әйелінің төсегінің қасында отырып катетердегі қанды байқайды. 2017 жылы Седарс-Синай ауруханасына қарсы сотқа түсірген арызға сенсек, ол сағат 16.00-ден асқанда бұл жөнінде медбикеге айтқан. Арызда Кираға көрсетілген көмектің жай-жапсары да жазылған. Сағат 17.30-да оның катетерін ауыстырып, одан соң ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, қаны тексерілгенде УЗИ ішке қан кету белгісі барын көрсеткен. Ауырсынуды басатын дәрі беріліп, тамырына сұйықтық құйылған. 18.44-те компьютер томографиясын жасауға нұсқау берілген. Қайтадан УЗИ жасалып, қан алынған. Қан құйылған.

Төрт сағат өтті, томография жасалған жоқ. «Ол кезде Кира «бозарып, әлсіреп қалған» әрі «қатты қалшылдай бастайды», – деп еске алады Чарльз. Оның іші қол тигізбейтіндей ауырған. Чарльз: «Аурухана қызметкерлерінен қанның қайдан шығып жатқанын қайта-қайта сұраумен болдым», – дейді.

Марқұм жұбайы Кира Джонсонның суреттері тұрған бөлмеде 37 жастағы Чарльз Джонсон IV ұлдары Чарльз V мен Лэнгстон үшеуі үйінде ойнап отыр. Онша қиын болмаған жүктіліктен соң Кира кесар тілігі арқылы Лэнгстонды дүниеге әкеліп, арада 12 сағат өткенде ішіне қан кетіп, қайтыс болды.

«Әке әрі күйеу ретінде жақындарыңды қорғау, әсіресе қара нәсілді адам ретінде қызыл сызықтан өтіп кетпеудің арасы тым жақын. Чарльз әйелінің күтіміне кері әсер ететін бірдеңе етіп алғысы келмеді.

Чарльздің айтуынша, оның мазасыздана қойған сұрақтарына медбике: «Сэр, сіздің әйеліңіз қазір біз үшін басты мәселе емес», – деп жауап берген.

Талап-арызға сенсек, компьютерлік томография мүлде жасалмаған. Кираны кесер тілігін жасағаннан кейін арада 10 сағат өткенде ғана операцияға алып кеткен. Ол кезде оның құрсақ қуысы қанға толған еді. Соңғы айтқан сөзі: «Жаным, мен қорқамын».

Әйелінің үрейі Чарльзді шошытты, себебі ол табиғатынан батыл адам болатын. Кира Қытайда тұрған, бес тілді меңгерген әрі жарыс көлігін айдауға әуестенетін.  Күйеуі оны: «Бәрі жақсы болады», – деп қайраған.

Өкінішке қарай Кира сәуірдің 13-і күні сағат 2.22-де көз жұмды.

Чарльз дәрігердің: «Әйеліңізді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істедік, бірақ одан көз жазып қалдық», – деген сөзін есіне алды. «Жер-дүние күл-талқан болғандай күй кештім. Бомба жарылғандай, оның анасы жерде құлап жатыр, ағасы айғайлап, бауыры есеңгіреп қалған».

«Біз тыңғылықты дайындалған едік. Бәрі жақсы болады деп ойладық. Барлық жерде ең озығын таңдадық. Бәрін дұрыс жасадық. Ал олар келіп оны «аман алып қала алмадық» деп тұр», – дейді Чарльз.

Талап-арызға сенсек, мәйітті сою көрсеткеніндей, Кира кесер тілігінен кейін ішке қан кету кесірінен көз жұмған. Арызда нәсілдік алалау туралы айтылмайды. Сот қаңтар айына белгіленген. Қазан айында Калифорния Медицина басқармасы «Кираға қараған кезекші дәрігер Аржанг Наим жұмысына тым салғырт қараған» деген ұйғарым жасады. Наим Кираның өлімі кездейсоқ қайғылы жағдай болғанын және оның операция кезінде қайтыс болады деп еш ойламағанын айтты. «Науқасқа қолымнан келгеннің барлығын жасадым», – деп ақталған соң Наимге төрт жыл сынақ мерзім тағайындалды.

Ұлы Лэнгстонға аяғы ауыр Кира Джонсон

Аурухананың ресми өкілі істің мән-жайы бойынша пікір айтпады, бірақ мәлімдемесінде: «Кира Джонсонның қазасы трагедия болды. Біз науқасқа медициналық қызмет көрсетуге қатысты істердің барлығын мұқият тексереміз. Шыққан нәтиже бойынша науқастарға ең жоғары сапада қызмет көрсетуді жалғастыра беру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Бұған ауруханадағы процедуралар мен медициналық қызмет көрсетушілердің біліктілігі де кіреді», – деп жазды.

Кираның өлімі жан түршіктіреді, дегенмен бұл жағдай ащы шындықтың да бетін ашып берді. Аурудың ықтималдығын анықтайтын генетикалық сынақтан бастап, қатерлі ісік пен басқа да дерттерді емдеуде медицина үлкен жетістікке жетіп, көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып жатса да, АҚШ-тағы ана өлімі әлі де тым жоғары. Мұнда әр 100 мың адамға 14 өлімнен келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, 1990-2015 жылдар аралығында дамыған 46 елдің ішінде тек Сербия мен АҚШ-та ана өлімі көрсеткіші нашарлап кеткен. Бұл статистикаға босанудан кейінгі алты апта ішінде болған асқыну кесірінен көз жұмғандар да кіреді.

Америка Құрама Штаттарында бұл проблема екі бірдей дабыл қағарлық статистикадан байқалады: афроамерикалық әйелдердің жүктілікпен байланысты себептерден көз жұму көрсеткіші ақ нәсілділерге қарағанда үш есе жоғары әрі Ауруды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) келтірген мәліметтерге қарағанда, ана өлімі фактілерінің 60 пайызының алдын алуға болар еді.

«Дамыған елдердің көпшілігімен салыстырғанда бізде ана өлімі анағұрлым жоғары, біз әлемде ең үздік болуға лайықтымыз», – деді CDC-дің ана мен бала денсаулығы бөлімінің басшысы Уильям Каллахан. Көп жағдайда CDC жүктілік кезінде не одан бір жыл өткеннен кейінгі ана өлімін осы бала көтерумен байланыстырады.

Қызыл киім кигендер – Сомалилендтің Харгейса қаласындағы Эдна Адан университетіндегі акушер мамандығын бітіргендер. Осыған дейін мұндай мамандықты 938 адам алып шыққан. Олардың ара-сында 18-дегі Худо Мұхаммед Мохамод, 20-дағы Худо Мұхамед Жама мен 28 жастағы Ходон Абди Шире бар. Олар өздері тұратын жерде акушер болып жұмыс істемек.

АҚШ-тағы ана өлімі көрсеткіші Африканың дамушы елдеріндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл құрлықтың 20 елінде әр 100 мың босануға шаққанда ана өлімі кемі 500-ді құрайды. Бірақ медициналық құралдары тапшы, негізгі қызмет көрсетудің қолжетімділігі төмен саналатын бұл елдерде 1990 жылдан бері ана өлімі орта есеппен шамамен 40 пайызға кеміген. Бұған, бір жағынан, акушерлерді көбейту, босануға дейінгі және одан кейінгі қамқорлықты арттыру сияқты технология көп талап етілмейтін шешімдер сеп болған.

Әйелдердің көбі босанудан кейін тым көп қан жоғалту, преэклампсия, яки қан қысымының қауіпті деңгейге көтерілуі не инфекциядан болған сепсис сияқты жүктілікпен байланысты өлімге әкелуі мүмкін дерттерге ұшырауы ықтимал. Онда неге афроамерикалық аналардың өлімі соншама жоғары?

Зерттеушілердің айтуынша, экономикалық не әлеуметтік жағдайына қарамастан, афро мен испантекті америкалықтар не үндістер сияқты нәсілдік және этностық азшылықтарда көп кезігетін стресс олардың физикалық денсаулығына кері әсер етеді.

Мичиган университетінің адам денсаулығы бойынша профессоры Арлин Джеронимус бұған «бүлдіру» (weathering) деп ат қойған. Оның айтуынша, нәсілшілдік пен алалаудың кесірінен афроамерикалық әйел денсаулығы ақ нәсілділердікінен әлдеқайда тез нашарлайды. Тіпті орта білімді ақ әйелге қарағанда, жоғары білімді қара әйел арасында өлімнің жиі тіркелуін де осымен түсіндіруге болады.

Атлантадағы (Джорджия штаты) Morehouse медицина мектебінің президенті әрі деканы Валери Монтгомери Райстың айтуынша, қара нәсілді әйелдердің денсаулығына алалау мен нәсілшілдік уақыт өте келе ғана тыйылуы мүмкін.

Бала туғанынан алты ай өткен соң жағдайы нашарлап, Хабасуейн ауылындағы Эдна Адан универси-тетінің ауруханасына түскен 35 жастағы Замзам Юсуф. Оның қан қысымы тым жоғары болып шығады. Юсуфты аурухананың негізін қалаған, 81 жастағы Эдна Адан Исмаилдың жіті бақылауымен 22 жастағы акушер студент Фардуус Мубарак емдеді.

Дамушы елдерде, ана өлімі өте жиі кездесетіндіктен өмірдің шынайылығына айналған. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы өте сирек не мүлде жоқ. Босануға дейінгі және жүктілік кезіндегі сапалы көмек туралы ақпарат шектеулі болуы мүмкін.

Лос-Анджелестен 14 мың шақырым қашықта орналасқан Сомалиленд астанасы – Харгейсадан көлемі жөнінен үшінші ірі қала саналатын – Бораманың арасын жалғайтын шаңдауыт тас жол жебе іспетті көкжиекке қадалып жатыр. Арагідік тікенекті акация ағаштары ұшырасады, ал шақырайған күн жердің апшысын қуырып барады.

Қатқақ жолдан шетке шыға қалсаң, қауіпті әрі ұңқыр-шұңқыр жолдар ең мықты деген қызмет көлігінен басқасының жүріс бөлігін талқандап тастайыны анық. Толғақ қысып, шалғай ауылдан көлікпен я жаяу медицина мекемесіне келе жатқан әйелді көзге елестетудің өзі қиын. Сомалиленд – Африка мүйісіндегі өзін «тәуелсіз аймақ» деп жариялағанымен халықаралық құжаттарда Сомалидің автономиялық бөлігі ретінде қарастырылады.

Сомалилендтегі ана өлімінің басты себептері – эклампсия (қан қысымының жоғарылығынан болған құрысу я қалшылдау), қан кету, инфекция немесе жатырдың жыртылып кетуі. Бұдан басқа себептерге ерте не тым жиі жүктілік, өздігінен босану не әйелдің жыныс мүшесін кесуден («пәк» әрі тұрмысқа дайын болуы үшін қыздың я әйелдің сыртқы гениталиясын кесіп тастау дәстүрі) болатын асқыну. Жарақаттанған тін туу каналын тарылтып, босануды қиындатады.

Сомалилендте кесер тілігін жасау, болмаса қан құю не операция жасау сияқты жан сақтау процедураларын жүзеге асырар кезде әйел үшін қаржылық жауапкершілікті мойнына алар күйеуінің не оның ер туысының рұқсаты керек.

Осы әдемі өңірде ауқатты отбасының тұңғышы (үш ағайынды) – Эдна Адан Исмаил дүниеге келген.

Оның әкесі – Адан Исмаил Британияның 1960 жылы тәуелсіздігін жариялаған бұрынғы протекторатындағы ең жоғары дәрежелі медицина қызметкері болған. Оның анасы бес құрсақ көтерген, бір қыз бала қысқышпен туғызу кезінде шетінеп кеткен, Адан да осы процедурадан өлуге шақ қалған. Ал тағы біреуі акушер қолынан түсіріп алғаннан кейін шетінеген.

33 жастағы жеті баланың анасы Айеша Чииса егіздің біреуін үй жағдайында босанғаннан кейін Сома-лилендтегі Борама аудандық ауруханасына өлім халінде жеткізілген. Ауылда екінші баласын босана алмаған соң оны моторикшамен ауруханаға алып келген. Чииса көп қан жоғалтса да, дәрігерлер қан құю арқылы оны аман алып қалды. Екінші бала өлі туды.

Дәстүр бойынша, қыздарға білімнің қажеті жоқ болып саналған. Десе де, Исмаил барлық баласын оқуға ынталандырған. Бір күні іссапардан оралғанда сегіз жасар Аданның анасы мен әжесі оның жыныс мүшесін кесуге да­йындалып жатқанын естіп, қатты долданған.

1954 жылы 17 жасында Адан медбике мен акушердің оқуы үшін Харгейсадан Лондонға аттанады. Адан қыздар мен әйелдерді өз басынан өткерген, өзі «пішу» деп атайтын жыныс мүшесін кесу операциясынан кейінгі жарақаттан құтқарғысы келді.

Қазір Адан 81-ге келді. Ол Сомалиленд «кабинетінің» есігін аттаған ең алғашқы әйел болғанын өміріндегі ең үлкен жетістігі деп санамайды. Оның ең көп тер төккен тұсы – Харгейсадағы Эдна Адан университетінің ауруханасында тұрып, әкімші ретінде жұмыс істеген кезі. Күн сайын таңсәріде тұрған ол кешкі 9-ға дейін перзентханаға келген кісілерді де қабылдай берген.

«Аурухана салу үшін қарыз ақша алдым, өз жиған-тергенім мен зейнетақымды да құйдым», – дейді Адан.

«Кедейлік пен надандық комбинациясы эклампсия мен босанудан кейінгі қан кетуден де көп жүкті әйелдің түбіне жетті, – деді Адан. – Егер Сомалилендте өзі сауатсыз, өзі кедей әйел көрсеңіз, ол – көшпелі әрі ешқашан әлеу­меттік әділдік болмаған ортада өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұған бала көтеруге тәні дайын емес кездегі жүктілікті қосыңыз. Біз мұнда 21-баласын босанатын әйелді де алып келгенбіз. Егер Африка құрлығында миллион адамның акушер болуына жәрдемесе алсам, бала туу жайы өзгерер еді. Қаншама әйел мен отбасы тауқыметтен құтылар еді».

Құрсақтағы шарананы бақылайтын монитордан шығатын «суиш-суиш» деген дыбыстан Джонтелл Голлманның дауысы бәсең естілді. Мамыр айында болған нөсер жауыннан кейін екі қабатты үйін су басып қалған Уашингтон қаласының тумасы арада үш күн өткенде Джордж Уашингтон университетінің ауруханасына түседі. 39 жастағы Голлман жоспарланған жасанды толғақ алдындағы демалысын жаңа тұрғынжай іздеумен өткізді.

Үш баланың анасы мектеп бітіре салып, жиырма жыл бойы сату менеджері болып жұмыс істеген, аптасына 50 сағатқа дейін еңбек етіп, 2015 жылға дейін отбасын еш нәрседен тарықтырмай асырап келді. Көп ұзамай оған бүйрек пен бауырдың поликистозы деген диагноз қойылады. Бұл – осы органдарда сарысулы ісік өсетін созылмалы генетикалық ауру.

Mamatoto Village-дағы перинаталдық көмек қызметкері, 33 жастағы Дион Макдональд мамырда Джордж Уашингтон университеті ауруханасында 26 жастағы Мэган Страунға толғақ кезінде құйым-шаққа салмақ түсірмеудің жолын көрсетіп жатыр. Страун шұғыл кесар тілігіне жол бермегені үшін Макдональдқа алғыс айтады.

Жұмыс істеуге денсаулығы жарамай, АҚШ-тағы табысы төмен отбасыларға көмектесуге арналған Medicaid бағдарламасына сүйенген ол төртінші баласына аяғы ауыр болып, босануға шақ қалғанда бұрын да басынан өткен жоғары қан қысымы проблемасына қайта тап болды. Не көлігі жоқ, ақшасы тым аз оның күні қоғамдық көлік пен жақындарына қарап қалды.

«Бәрін бақылауда ұстау үшін жұмыс істеп жүргендегідей тер төгуге тура келді, өмір мені жарға жыққысы келді, – дейді ол. – Бірақ мен бұған жол бермедім».

Голманның толғағы мен босануы 12 сағатқа созылды. Палатадан шықпай, мұның бәрін көрген кезде еріксіз өз анам Элоиз Блокер Джонсты еске алдым.

Мен – оның 10 баласының тоғызыншысымын әрі ауруханада туған үш баласының бірімін. Біз Иллинойс штатының Кайро қаласында – елдің «нәсілшілдік тарихында» орны ерекше Огайо мен Миссисипи өзендері тоғысқан жерде жоқшылықта өмір сүрдік.

2005 жылы анам қайтыс болғанға дейін одан жүктілігі мен босануы туралы сұраймын деген ой келмепті. Не болса да, ол бес қызын өз-өздерін асырайтындай етіп өсірді. Тұрмысқа дейін бала көтеру жайлы ойлау мүмкін емес еді, бірақ анамның айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін де өмір сүру оңай болмаған сияқты. Анамнан: «1947 жылы Филадельфиядағы отбасы мен достарынан жырақта жүріп, бар-жоғы 19 жасында үлкен ағамды дүниеге әкелген қалай екен?» – деп сұрағым келді. Ал қазір: «Бала бағу бойынша еш білімі жоқ, «Отбасын құру кеңесі» орталығынсыз әрі медициналық сақтандырусыз байғұс әйел қалай өмір сүрген?» – деп сұрағым келеді.

Medicaid менеджері Голлманға Уашингтондағы Mamatoto Village аналарды қолдау ұйымына хабарласуды сұрағанда ол диетасын жақсартып, энергиясын арттыратын тамақтар туралы кеңес аламын деп ойлады.

Ал Голлман перинаталдық қауымдастықтың денсаулық сақтау бойынша кеңесшісі Бриана Грин есімді «құтқарушыға» кез болды.

Шашы беліне дейін түскен 39 жастағы бұрынғы заңгер «№8 толғақ және босану» бөлмесіне кіріп келді. Балет бишісінің жүрісімен қозғалатын ол Голманға таяп келіп, оны баппен сипап, қолынан ұстады.

«Жағдайыңыз қалай?» – деген ол тұнжыраңқы қабағымен клиентіне мұқият қарады. Грин үнемі 50 шақты жүкті не жаңа босанған әйелдерге ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Ол дәрігерге клиенттерімен бірге барып, босану кезінде де қастарынан шықпайды.

Грин жылына бірнеше жүз мың доллар табысы бар заңгер қызметі мен риэлторлық жұмысын тастап, перинаталдық жәрдем мамандығын оқуға бел буады. Мұндай шешімге ол өз басынан өткен ауыр жағдайдан кейін келді. Өзінің айтуынша, барлық нұсқаулық бойынша әзірленіп, физикалық тұрғыда дайын болса да, кесер тілігінен соң оған табиғи жолмен босануға рұқсат берілмепті.

«Егер білімі мен қаржылық мүмкіндігі бар афроамерикалық әйелді, яғни мені естіп, көріп, қажетті деңгейді құрметтей алмаса, жағдайы жоқтарға не болмақ деп ойладым? Олардың кемсітуге ұшырайтыны екібастан», – дейді Грин.

Джессика Флауерс бар-жоғы жеті жаста, бірақ әжесі Николь Блэктың айтуынша, ол – өте қайратты қыз. Блэк 2018 жылдың 4 шілдесін еш ұмытпасы анық. Кенже қызы оны түнгі сағат 1.46-да аяқ асты шақыртып, төтенше жағдайда ерекше сабырлығымен көзге түседі.

«Ол «мамам ваннада құлап қалды, аузынан көбік ағып жатыр» деп айтты», – деп еске алады Флорида штатындағы Тампа қаласында тұратын 53 жастағы Блэк. Оқиғадан бір апта бұрын Блэктың қызы Кристл Гэллоуей үшінші баласын – салмағы 2,8 килограм болатын ұлы Джейкоб Флауерсті Әулие Джозеф ауруханасында кесер тілігі арқылы дүниеге әкелген.

Блэк төсегінен атып тұрып, Гэллоуейдің жақын жердегі пәтеріне құстай ұшып жетсе, 30 жастағы қызы ваннада құлап жатыр екен.

Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана Гэллоуей диванда кино көріп, 4 шілде күні пісіретін тамақты ойлап отырған. Кесар тілігінің орны сәл ауырса да, ол екі қыздан кейін ұлды дүниеге әкелгеніне мақтанып, бақыттан басы айналып жүрген.

28 жастағы Синди Лопес үшінші қызын мерзімінен бұрын босануына байланысты ауырсынып жатыр. Кесар тілігінен соң плацентаның жатыр мен басқа органдарға жабысып өсуін тоқтату үшін оған өмірін сақтайтын операция жасауға тура келді.

Флоридадағы Хилсбороу округінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, «инсульт болуы мүмкін» деген адамға жіберілген дәрігерлер Гэллоуейдің үйіне келіп, оны үш квартал қашықтықтағы жан сақтау бөлмесіне жеткізген уақыт арасындағы, яғни сол минуттар ішінде нақты не болғанын Хилсбороу округінің ресми орындары тергеген.

Блэктің айтуынша, Гэллоуейдің өмірлік маңызды органдарын тексеріп, ауруханаға жеткізудің орнына дәрігерлер: «Оның отбасы жедел жәрдем үшін 600 доллар төлей ала ма?» – деп сұраған. Блэк қызын жедел жәрдем көлігімен алып кетуді сұрап, дәрігерлерге жалыныпты.

Баспасөз мәслихатында Хиллсбороу округінің басшысы Майк Мерилл тасымалдау бойынша түсініспеушілік болғанын, дәрігерлер мен шериф көмекшілерінің сөзінше, жедел жәрдем бағасы туралы әңгіме, оқиға орнына алдымен жеткен шериф көмекшілері мен Блэктің арасында болған. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер: «Ауруханаға апарайық па?» – деп сұрағанда Гэллоуей басын изеген. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер науқасты ауруханаға апармауы үшін арнайы бас тарту қолхатын алуы керек еді, бірақ олар мұндай қағаз да алмаған. Блэк қызын шұғыл түрде жедел жәрдем бөлмесіне өз көлігімен алып барады. Одан соң Гэллоуейді Тампадағы бас ауруханаға тікұшақпен жеткізеді, сол жерде ол комаға түседі. Бес күннен соң Кристл Гэллоуей көз жұмады.

Қыркүйек айында Хиллсбороу округі Гэллоуейдің тіршілік белгілерін тексермей, қалыпты процедураны бұзғаны, құжаттарды қолдан жасағаны мен Блэктен ауруханаға жіберуден бас тарту туралы қолхат алмағаны үшін төрт медицина қызметкерін тәртіптік жауапқа тартқанын хабарлады.

Бір медицина қызметкері жұмыстан шығарылып, екеуінің қызметтік дәрежесі төмендетілген. Әлі де штатта жұмыс істеп жатқан үш дәрігер 30 күнге ақысыз демалысқа жіберілді.

Жүктілік кезінде және жаңа босанған аналарға сапалы әрі тұрақты медициналық көмек көрсету жүйесі АҚШ-тағы ана өлімін азайтудың ең тиімді жолы болып көрінгенімен, бұл – оңай шаруа емес. Доулалар мен акушерлер өз қызметіне кемінде 1500 АҚШ долларын сұрайды, ал табысы төмен аналардың көбі бұл қаражатты төлей алмайды.

Жүктілік кезіндегі қан кету не преэклампсия сияқты асқынулармен бірге күресу үшін Калифорния штаты аурухана жауапкершіліктерін арттырып, стандартты процедураларды енгізу арқылы, жалпы штаттағы ана өлімін азайту бойынша біраз ілгері жылжыды. Медицина мекемелері кеткен қан мөлшерін есептеу, қан қысымы жоғары болған жағдайда тиісті дәрі-дәрмек беру сияқты преэклампсияның алдын алуға бағытталған процедураларға бей-жай қарап не кешеуілдетіп жатады.

Оның үстіне, Чарльз Джонсон айтпақшы, аналар мен олардың жақындарына құлақ асу да маңызды.

Николь Блэк немересі Джейкоб Флауерсті ұстап отыр. Джейкоб кесар тілігі арқылы дүниеге кел-геннен бір апта өткен соң оның анасы Кристл Гэллоуейдің жағдайы нашарлап кетті. Блэк 911-ге қоңырау шалған, бірақ жедел жәрдем оны алып кетпеген. Ауруханаға оны Блэктің өзі алып барды. Гэллоуей бес күннен соң көз жұмды. Блэк қызының сүйек күлі салынған қорапты сипап отыр. Немқұрайлықпен қараған медицина қызметкерлері стандартты процедураларды сақтамағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылды, біреуі ғана жұмыстан шығарылған.

Күн сайын Чарльз жарық бөлмеде ұлдарымен кітап оқып, би билеп, ойын ойнап біраз уақыт өткізеді. Бөлмеде Кираның отбасымен және достарымен түскен үлкен портреттері ілулі тұр. Оның күлкісі күн сәулесінен де артық нұр шашып тұрады. «Ұлдарым «анамыз бұл әнді жақсы көрер ме еді, анамыз мына машинамен ойнағанды қалар ма еді» деп жиі сұрайды», – дейді ол.

Бүгінде ұлдарын жалғыз өсіріп жатқан Чарльз марқұм жұбайы Кираның оқиғасын денсаулық саласының басшылары мен құқық қорғау ұйымдарына, тіпті АҚШ Конгресіне жеткізу үшін барын салуда.

«Біреулердің кесірінен көз жұмып жатқан әйелдеріміз жай ғана статистика емес!» – дейді Чарльз.

«Олар – біздің аналарымыз, қыздарымыз, әпке-қарындастарымыз, достарымыз, – дейді Чарльз. – Олар арттарына мынадай сүйкімді балаларды тастап кетіп жатыр, ешқандай статистикаңыз 18 айлық балаға анасының енді келмейтінін, я болмаса екі жастағы балаға анасының қандай керемет болғанын айтып бере алмайды».

Авторы: Рэйчел Джоунс, Фотограф: Линси Аддарио


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Таптырмас жабдық

$
0
0

Кей ғалымның пікірінше мүйізді қоңыздың (genus Odontolabis) жұптасу кезіндегі қимыл-әрекетіне «саймандары» әсер етпей қоймайды. Кейбірінің жақтары ірі келетіні сондай олар қарсыласын оп-оңай лақтырып жібере алады. Ал мүйіздері кішірек келгендері ұрғашыларға кенет шабуыл жасау әдісін қолданулары мүмкін.

Авторы: Патрисия Эдмондс, фото: Эмануель Бигги


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

 

0

Қола дәуірінің сүйек конькиі

$
0
0

Қазақстандық белгілі ғалым Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев 1965 жылы Көкшетау облысы, бұрынғы Красноармейск ауданына қарасты Шағалалы І қола дәуірінің қонысын зерттеу кезінде сүйектен жасалған көптеген заттар тауып алады. Сол сүйектердің арасынан 6 жұп коньки де табылған. Ғалым 1967 жылы Мәскеу қаласында «Совет лайф» газетіне сол сүйектер туралы ғылыми-зерттеу мақаласын жариялаған бойда құрылған арнайы сараптама тобына британиялық ғалым Джозеф Бучко жетекшілік етеді де, ол заттың коньки екенін растайды.

2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің археологтары сол сүйек конькидің түпнұсқасы негізінде қалпына келтіріп көшірмесін жасап шығарады.

Бұндай конькилер негізінен жылқының сирақ сүйегінен ортасы жарылып жасалғаны белгілі болады. Ондай сүйектің қабырғасы өте қалың болатындықтан ұзақ уақытқа шыдас беретіндігімен ерекшеленеді. Мөлшермен бір сүйек конькидің салмағы 400 грамм тартады.

2018 жылдың желтоқсан айында сүйек конькилерге арнайы патент алынды.

Жалпы қазақ жерінен ең алғаш рет сүйек коньки 1948 жылы Қостанай облысы Тобыл өзені бойынан Крифцова-Гракова деген ғалым тапқанымен ол заттардың коньки екенін білмеген екен.

Авторы: Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы, фото: 

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі

0

Императордың дәрі-дәрмек қобдишасында не бар?

$
0
0

Алғаш рет 2100 жыл бұрын шамасында жинақталып жазылған «Сары императордың ішкі аурулар медицинасының классикасы» кітабының 1620 жылғы нұсқасында ци (өмір энергиясы) линия­лары мен акупунк­тура нүктелерінің картасы да берілген. Акупунктура, яғни инемен жазу кейбір симптомдарды емдеу­­де тиімді болса да, ол Батыс дәрігерлері арасында даулы әрі көп талқыланатын тақырыптың бірі болып отыр.

 

СУРЕТ АҚШ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА КІТАПХАНАСЫНДА ТҮСІРІЛГЕН


Ежелгі Қытайдың емдік дәрі-дәрмектері заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалай өзгертпек?

Мен соғып тұрған жып-жылы жүректі ұстап тұрмын. Көлемі теннис добындай ғана жұп-жұмыр бұлшық еттің кейбір жері ғана аппақ болмаса, басым бөлігі – алқызыл.

Камералардың жиырылғанын сеземін. Ол айдаған сұйықтықтың зуылдаған дыбысы естіліп тұр. Оның ащылау иісі де бар.

Жертөледегі зертханадамыз. Пол Айзион ұйықтатылған доңыздың жүрегін суырып алып, артерия мен көктамыр қызметін атқаратын түтікшелер жалғағаннан кейін электр разряды арқылы жүрекке қайта жан бітірді. Арада сегіз сағат уақыт өтсе де, ол әлі соғып тұр. Өз денесінен тысқары шығарылған жүрек көзге көрінбейтін, белгісіз тылсым күштің әсерімен дүрс-дүрс соғып жатты. Бұл құбылыс мен үшін таңғажайып түстей болып көрінді.


2200 жылдан астам уақыт бойы қытай емшілері ауруды тіршілік тамыры, теңіз атбалығы, раушан гүлшанағы, қызылмия мен адам плацебосы іспетті табиғи өнімдермен ем­­деп келді. Осындай мыңдаған зат қазір барлық жерде күнделікті қолданылады (көрсетілген ингредиенттер, олардың қалай және қандай мақсатпен қолданылатыны туралы толық ақпарды мына сілтемеден таба аласыз: ngm.com/Jan2019).

Бірінші бағанда 1, 8, 15 пен 22-құмыраларда «PHY906» деген атаумен белгілі Йель қаласында әзірленген қатерлі ісікке қарсы күрес­те үміт беретін дәрінің ингредиенттері берілген.

1. Ақ сәлдегүл (шұғынық) тамыры; 2. Теңіз атбалығы; 3. Гастродия түйнегі; 4. Лотос жапырағы; 5. Қамыстың тамырсабағы; 6. Қытай аралиясының тамыры; 7. Қытай тасбақасы (жұмсақ денелі); 8. Байкал томаға шөбінің тамыры; 9. Цитрус тектестер қабығы; 10. Қағаз сонасының ұясы; 11. Түлеген цикада қабығы; 12. Wolfiporia extensa саңырау­құлағы; 13. Сычуань сүйментамырының тамыры; 14. Адам ұрықжолдасы; 15. Қытай құрмасы; 16. Эпидемиум жапырағы; 17. Түнгүлді цереус (толқынды гилоцереус); 18. Ладан; 19. Трихозант жемісі; 20. Перилла жапырағы; 21. Піштен жапырағы; 22. Қызылмия тамыры; 23. Раушан; 24. Қытай оймақгүлінің тамыры; 25. Архат; 26. Жауынқұрт; 27. Лотос дәні 28. Ақгүлді гардения жемісі.

ШЫНАЙЫ КӨЛЕМІ ЕМЕС. СУРЕТТЕР КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫНЫҢ САНТА-МОНИКА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ИМПЕРАТОРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ мен КОЛОРАДО ШТАТЫНЫҢ КОММЕРС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЖАБАЙЫ ТАБИҒАТ МҮЛІКТЕРІНІҢ ҚОРЫНДА ТҮСІРІЛГЕН; ДЕРЕККӨЗ: ROРОБЕРТ НЬЮМАН, ДӘСТҮРЛІ ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ИМПЕРАТОРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ; ЭМИ МАТЕКИ, ИНТЕГРАТИВТІК МЕДИЦИНАНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ.


Жүректің әлі де соғып тұруының бір себебі – арнайы ванна. Миннесота университетінің хирургия профессоры Айзио жүректі аюдың өті қосылған сұйықтыққа матырып алды. Бұл қытай емшілерінің сонау VIII ғасырдан ұстанып келе жатқан әдісінің ғылымдағы қолданысы: аю өті тәнді емдейді.

Содан бері аю өті жоғары сұранысқа ие. Оған дәлел ретінде өтіне бола қолда өсірілетін аю шаруашылығының Азияда қаптағанын айтуға болады. Бұл жерде аю өтін сорып алу үшін катетер пайдаланылса да, жануарлар құқығын қорғау ұйымдары мұндай кәсіпті құптамайды. Өйткені олар мұнда аяушылықтың иісі де жоқ деп біледі. Айзион қысқы ұйқы кезінде аю ағзасын атрофиядан қорғайтын осы химиялық заттектің адам органдарына да көмектесетінін түсіндіріп жатқанда «аю өті әкемнің соқпай қалған жүрегін де емдер ме еді, күндердің күнінде маған не болмаса балаларыма да көмектесер ме екен» деген ой келе берді басыма.

Ақ халаттылар ортасында Қытай медицинасынан басқа қызу пікірталас тудыратын тақырып кемде-кем. Дәстүрлі медицинаға ең озық ғылыми линзасы арқылы зер салып, заманауи медицинаға үнемі терең әсер ететін қызықты «тосынсый» тауып отыратын Айзио сияқты зерттеушілердің арқасында бұл тақырып күрделене түсетіні анық. Бағзы заманнан құжатталып келе жатқан емдеу әдістерінің бай қорына ие Қытай ғалымдарға електен өткізетін баға жетпес қазына ұсынады.

Ұлттық футбол лигасындағы 16 жылдық карьерасы барысында Джеймс Харрисон ауырған-сыздаған жерлерін емдеу үшін акупунктура мен басқа да қытай ем-домына бірнеше мәрте жүгінген. «Егер бұл ем менің жақсы сезінуімді қамтамасыз ететін болса, оның ғылыми дәлелі маған қажет емес», – дейді жақында спорттық мансабын аяқтаған ойыншы.

Б.з.д. үшінші ғасырға тиесілі алғашқы көне Қытай жазбаларының өзінде емшілердің сол кезде адам денесін зерттей бастағанын аңғаруға болады. Жазбада ағза қызметтерінің түсіндірмелері, сондай-ақ түрлі ем-дом шараларына, соның ішінде шөптік дәрілер, массаж бен ине арқылы ем беретін реакциялардың сипаттамалары бар. 2200 жылдан астам уақыт бойы ғалымдар осы ілімді толықтырып кемелдендірумен келеді. Нәтижесінде, әдеттегі суық тию, жыныстық аурулар, сал мен эпилепсия сияқты аурудың сан түрлі дауасы жазылған нұсқаулық материалдар пайда болды.

Дәстүрлі медицина ХХ ғасырдың басына дейін Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі емнің негізгі түрі ретінде сақталып келді. Осы уақытта Киң династиясының соңғы императорын тақтан тайдырған Сун Ят-Сен билікке келді. Батыстан білім алған дәрігер таққа отырған бойда тек ғылымға негізделген медицинаны алға тарта бастады. Бүгін Қытайдың дәрігерлері ең озық медициналық тәсіл бойынша оқытылып, сертификат алады. Дегенмен дәстүрлі медицина да мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесінің белсенді бөлігі болып қалып отыр. Қытайдың көптеген ауруханасында ежелгі емдеу әдістеріне арналған бөлім бар. Әлдеқайда төмен баға мен инновациялық ем әлеуетін алға тарта отырып, Президент Си Цзиньпин дәстүрлі медицинаны елдің денсаулық сақтау саясатының негізгі бөлігіне айналдырды.

Зерттеу тұрғысынан алғанда, бұл кезеңді «алтын дәуір» деуге болады. АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінің, соның ішінде Лос-Анжелестегі Калифорния университеті, Дьюк пен Оксфорд университеті, сондай-ақ Азияның көптеген жоғарғы оқу орнының ғалымдары қатерлі ісік, диабет, Паркинсон ауруы тәріздес дерттерді дәстүрлі медицинамен емдеу жолдары мен оның ғылыми негіздеріне көз сала бастады.

Миннесота университетінде синтетикалық аю өті қышқылына матырылып алынғаннан кейін доңыз жүрегінің соғуы бірнеше сағатқа ұзарған. Мың жылдан астам уақыт бойына қытай емшілері аю өтін эпилепсия, жүрек пен басқа да ауруларды емдеуге жазып беріп отырған.

Заманауи мен дәстүрлі медицинаны біріктіру тәжірибесі кеңінен таралуда. Батыс медицинасы шипасын таппаған кезде дәстүрлі ем-домдарға, әсіресе инемен емдеу, бұлшықет терапиясы болып табылатын медициналық банкамен емдеу, яғни сору әдістеріне жүгінетін америкалықтар саны көбеюде. Интернеттің арқасында көбіне доктор жазып беретін фармацевтикалық препараттарға қарағанда, құны арзан шөптік дәрі-дәрмектерге сұраныс артқан.

Дәстүрлі медицина кеңінен насихаттайтын өмір күші «ци» (тікелей аударғанда «күріштен шығатын бу» дегенді білдіреді) деп аталатын тылсым концепцияларын псеудо-ғылым немесе дүмшелік деп кінәлайтын дәрігерлер де жоқ емес. Олардың бірі – жануарлардың дене мүшесін қолдануды жазғырса, ал екіншілері – шөптік формуланың ықтимал қауіпі жоғары екенін ескертеді.

«Бұған объективті қарайтындарды табу қиын», – дейді медицина тарихшысы Пол Уншульд. Қытай медицинасы тарихының ең танымал зерттеушісі әрі сыншысы Пол – бұл көне медицина жайлы жүздеген жазба жинап, оларды аударып шыққан дара адам. Қазір ол осы жұмыстарын пайдаланып, эпилепсия сияқты түрлі ауруларды емдеу үшін қытайлық-германиялық стартаппен бірге жұмыс істеп келеді. «Адамдар, әдетте, көргісі келген нәрсесін ғана көреді, – дейді ол, – ал оның құндылығы мен кемшіліктеріне бас қатырмайды».

Йель университетінің профессоры Юң-Чи Чең Аспан асты елінің Юньнань провинциясындағы зерттеу орталығында қытай тіршілік тамырын зерттеуде. Ол ежелгі қытай формулалары негізінде шөптік ем әдістерін, соның ішінде қатерлі ісікті емдеу тәсілдерін зерттеп жүр.

Мүйіздеріне бола заңсыз ауланатын мүйіз­тұмсықтар туралы жазғанымда осы күрделі пікірталаспен бетпе-бет келуіме тура келді. Ежелгі қытай формулалары бойынша оның тұмсығын қызу көтерілгенде не бас ауыр­ғанда қолдануға болады екен. Вьетнамда оны ішімдіктен кейін бас жазуға және химио­терапияның жанама әсерлеріне қарсы қолданып жүрген науқастарды көрдім. Көптеген ғылыми зерттеу кератиннен (адам тырнағын құрайтын зат та – сол) тұратын тұмсықтың қорытылған кезде фармакологиялық пайдасы мүлде жоқ екенін көрсеткен. Бірақ бұл алыптың тұмсығын қолданатын кейбір пациенттер плацебо әсері арқылы жеңілдеуі мүмкін екені де жоққа шығарылмайды. Осы мақала жарияланғаннан кейін оқырмандар тарапынан маған хаттар қарша борады. Барлығы да Қытай медицинасын надандыққа, қатыгездікке, тіпті «қара сиқырға» теңеп, жерден алып жерге салып жатты.

Бірақ заманауи медицинаның өзіндік кереғар практикалары да жоқ емес. Күйзеліске қарсы кең тараған антидепрессанттардың тиімділігі жөнінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Кей зерттеулер олардың тиімділігі тіпті плацебодан да артық емес екенін көрсетеді. Дейтұрғанмен, бұл медикаменттер үздіксіз сатылып жатқаны былай тұрсын, дәрігерлер де оларды науқастарға жазып беруден жалығар емес. Себебі одан түсетін табыс миллиардтаған доллармен есептеледі. Басқа да көзге ұратын мысалдар көп: опиоидтерді шамадан тыс жазып беру, дәрігерлердің алға тартатын диеталары мен күмәнді операциялар… Мұның бәрін есепке алар болсақ, Қытайдың дәстүрлі медицинасына қатысты Батыстың көзқарасы гиппократтық емес, гипокритикалық, яғни екіжүзді болып көрінуі мүмкін.

Осы тұста мәселе басын ашатын жылан майы көмекке келуі мүмкін. Ұзақ уақыт алая­қ­тықпен байланыстырылып келген жылан майы дегенде, негізінен, эрабу теңіз жыланынан (Laticauda semifasciata) алынатын дәстүрлі қытай жақпа майы ойға келеді. Тарихшылар бұл майды АҚШ-қа 1800 жылдары теміржол салуға келген қытай эммигранттары әкелді деп есептейді. Ол кезде бұл май буын мен бұлшықетті емдеуде кеңінен пайдаланылған. Ал оның жаман аты америкалық алаяқ саудагерлердің араласуымен шықты.

Көптеген басқа да пайдасымен қатар ұйқы мен спорттық қабілетті жақсартады деп айтылатын годжи жемістері Цинхай провинциясындағы фермада кептіріледі. Бұл жеміске деген сұраныс – плантациялардың көбеюіне себеп. Әсіресе елдің солтүстік-батысындағы осы провинция бұл жеміске баса назар аударуда. Мұнда жидектер ірі болып өседі. Жидектердің өнімділігі топырақ пен климатқа қарай өзгеруі мүмкін.

Бірақ мәселенің түйткілі мынада: зерттеулер кейбір дәстүрлі қытай дәрі-дәрмектерінің ингредиенті болып табылатын эрабу теңіз жыланының бойында ақсеркеден де көп «Омега-3» майлы қышқылы бар екенін көрсеткен. «Омега-3» қышқылдарының қыжыл мен зиянды холестеролды азайтатыны, танымдық қабілетті жақсартып, күйзелісті жеңілдетуге көмектесетіні белгілі. Қазір олар теріге күтім көрсету өнімдерінің бірқатарында қолданылады. 2000 жылдары жапон ғалымдары эрабу майын тышқандарға бергеннен кейін олардың жүзу мен лабиринт ішінде жолды тез табу қабілеттерінің артқанын байқаған.

«Адамдар ең ежелгі әрі ең тиімді, ғылыми жағынан дәлелденген дәрілердің бірі – аспириннің де дәстүрлі медицинадан келгенін ұмытып жатады», – дейді жымия қараған Йель университетінің медицина мектебінің фармакология профессоры Юнг Чи Ченг. Ежелгі мысырлықтар ауырған жерлеріне мирта жапырақтарын кептіріп пайдаланса, б.з.д. IV ғасырда өмір сүрген грек дәрігері, Батыс медицинасының атасы саналатын Гиппократ қызу көтерілгенде тал қабығының сығындысын жазып беретін болған. 1800 жылдары Еуропа ғалымдары оны синтездегенге дейін екеуінің де құрамындағы белсенді ингредиенттің сацицил қышқылы екені беймәлім болып келді. Бүгінде аспиринді әлемдегі шығыны ең төмен, бірақ пайдасы орасан зор бірден-бір дәрі деп айтуға болады.

«Бұл – ғылым медицинаның ізімен жүрді деген сөз, керісінше емес, – дейді Чең, – бәрі адамдардың тал қабығының пайдасын көруден және оны ауруды емдеуде пайдалануынан басталды».

Аспиринді дәстүрлі ем-дом арасында қалған жалғыз заманауи дәрі деуге келмейді. 1972 жылы Қытай Халық Республикасында Ту Йоуйоу есімді дәріхана қызметкері қытайдың IV ғасырдағы әлдебір формуласы негізінде безгек ауруына қарсы дәрі ойлап тапқанын жариялаған болатын. Бұл Чеңнің Браун университетінің фармакология бойынша медицина ғылымының кандидаты дипломын алған кезбен тұспа-тұс келді.

Гуанчжоу базарындағы мына дүкенде тек киіктің дене мүшесін ғана сатады. Тауар қатарында мүйіз, аталық жыныс мүшесі мен сіңірлері де бар, бұл дәстүрлі формулаларда көп пайдаланылады. Аң-құс органдарының күмәнді қолданылуы – Батыс­тың Қытай медицина­сын қабылдай бермеуінің бірден-бір себебі.

Вьетнам соғысы кезінде Ту безгек ауруымен күресу үшін Вьетконгтегі құпия әскери жобаға тартылды. Әскер шығынының шамамен жартысы осы ауру кесірінен болды. Батыстың денсаулық сақтау саласының зерттеушілері де 200 мыңнан астам компаундты скринингтен өткізу арқылы осы кеселді жеңудің жолдарын қарас­тырып жатты. Бірақ Ту Йоуйоуге «сұрақтың жауабы қытайдың дәстүрлі медициналық еңбектерінде бар ма екен» деген ой маза бермеді. Ол қызу емімен байланысты бірнеше өсімдікті сынап көріп, сары гүлді шөп – ащы жусаннан (Artemisia annua) жасалатын дәріні ойлап табады. Зерттеуінің нәтижесінде пайда болған дәрі «артемизинин» деп аталды. Миллиондаған адам өмірін құтқарып қалғандықтан 2015 жылы оған медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген.

Чеңнің артынан Йель университетіндегі лабиринт тәріздес зертханаға қарай қадам басып келемін. Мұрнымды түрлі иіс жарып барады. Оның тобы мұнда медициналық құндылығын зерттеу үшін түрлі шөптердің қасиеттерін талдаумен айналысады. Бүлкілдеген түрлі химиялық тәжірибелер арасында қара бұрыштың, гүлше, камфора, зімбір, чили, даршын мен басқа да мен білмейтін шөп иісін сездім. Тамағым қыжылдап кетті. Қазір түшкіріп жіберетіндеймін. Тай тамақтарына тәбетім ашылып кеткенін байқадым.

Алғашында Чең дәстүрлі Қытай медицинасының стереотипті жақтаушысы сияқты болып көрінуі мүмкін. Тайваньнан АҚШ-қа көшіп келгеніне елу жыл өтсе де, ол әлі күнгі дейін ағылшынша акцентпен сөйлейді. 74 жастағы ақсақал – көптеген көне дәстүрді көріп өскен буын өкілі. «Бірақ менің, шынымен де, Қытай медицинасынан көп хабарым жоқ еді», – дейді ол. Ол бала кезінде ата-анасы ғылымға негізделген медицинаны ұстанатын дәрігерлерге апарғандарын айтып өтті.

Қытайдың Чэнду қаласындағы адамға лық толы клиниканың бірі. Дәстүрлі медицина дәрігері қабылдаудағы науқастың тамырын тексеруден өткізуде. Осыдан соң ол симп­томдарды анықтау үшін науқастың тілі мен басқа да органдарын тексеріп, артынша дене балансын қалпына келтіру әрі ағзаның аурумен күресуіне көмектесу үшін ем тағайындайды.

«Гепатит Б» тәріздес созылмалы ауруларға қарсы антивирустық дәрілерді шығара отырып, Чең өз зерттеулеріне ғылыми негіз беруге бар күшін салды. Сондай-ақ ол «жусан сияқты емдік қасиеті бар шөптен жасалатын басқа да дәрі-дәрмектерді шығаруға бола ма» деп ойлап қояды. Чең банканың қақпағын ашып, бір шөкім «PHY906» ұнтағын қолыма ұстатты. Атауын өзі берген бұл микс төрт шөптің қоспасы екен.

«Дәмін көріңіз», – деді ол. Мен титімдей ғана тіліме бастым. Ащы екен, қызылмияға ұқсайды.

1990 жылдары Чең іш өту мен қатты жүрек айнуы секілді жанама әсерінен болуы керек қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың химио­терапияға жүгінуді тоқтатқанын байқайды. Әдетте, химиотерапияның толық курсын өткен науқастар әлдеқайда ұзақ жасайтынынан хабардар Чең жанама әсерлерді азайту арқылы өмірді ұзартуға болады деп ойлады. Сондай-ақ ол Қытай медицинасында диарея мен жүрек айнуына қарсы көптеген шөптік ем-домның бар екенін де білетін.

Классикалық қытай тілін жетік меңгерген оның Шву-Хуей Лью есімді әріптесі – Йель университетіндегі ежелгі Қытайдың медициналық еңбектерінің үлкен жинағын зерттеген фармацевтикалық химия эксперті. Ол аздап бүктетіле жиырылып қалған бамбуктен жасалған қағазға басылған «Суық зияны туралы трактат» атты ежелгі кітаптан диарея, іш пен айналшықты күйдіретін аурудың емі ретінде томағашөп, қызылмия, шұғынық пен қытай құрмасы қоспасының 1800 жылдық рецебін табады.

Чең тобы осы шөптік формуланың түрлі қоспаларын сынақтан өткізе бастайды. Соңғы жиырма жылда олар тышқандарға үздіксіз эксперимент жасай жүріп, қатерлі ісікті емдеудің түрлі жолдарын қарастырған. Чең үміттенгендей, осы шөптік формуланы қабылдаған науқастарда жүрек айнуы мен өзге де асқазан-ішек қызметінің бұзылуы басылған. Ешкім күтпеген тағы бір әсері де байқалды: осы шөптік формуланы қабылдаған науқастардың ісіктері қабылдамағандарға қарағанда кішірейе түскен.

«Мен мұндайды күтпеген едім, – дейді Чең, – ендігі сұрақ: неліктен?»

Екі айлық сәби денесін залалсыз­дандырып, жаздың ылғалды айларында сергіту үшін шөп сөліне шомылдырылды. Мұндай процедура жара болып сыртқа шыққан ауруды емдеу үшін ғана орындалмайды, бұл – жалпы дене саулығы жөніндегі қытай пәлсапасының бір бөлігі.

Johnson & Johnson мен Bristol-Myers Squibb – қатерлі ісікке қарсы дәрі шығаратын ірі өндіріс орындары да осы сұрақтың жауабын білгілері келеді. Мен Филадельфияда өткен фармацевтикалық конференцияда жетекші фармацептикалық ұйым өкілдерінің алдында «PHY906»-тің қалай әсер ететіндігі туралы Чеңнің ұлы Пейквеннің баяндамасын тыңдадым. Стэнфорд университетінің түлегі, бизнес магистрі, 43 жастағы Пейквин «PHY906» дәрісін нарыққа шығару үшін әрі басқа да шөптік дәрілер ойлап табу мақсатымен әкесіне қосылды. Үстіне жақсы тігілген қою сұр түсті костюм киген ол – Шығыс пен Батыс медицина әлемін жалғастыратын бірден-бір маман. Классикалық мандарин тілінде сайрайтын әрі медициналық терминдер мен Силикон жазығының жаргондарын түгел білетіндіктен оның сөзі адам сенетіндей әсер қалдырады.

Пейквиннің айтуынша, осы қоспа берілген тышқан ісіктерін әбден талдағаннан кейін зерттеушілер ісікті жейтін макрофагтардың – қатерлі ісіктің жасушаларын жұтып қоятын ақ қан түйіршіктерінің едәуір көбейгенін байқаған. Жұмбақтың кілті шөптердің өзара әрекетінде жатқанға ұқсайды. «Мәселе мынада, – дейді Пейквин, – «PHY906» химикаттардың коктейлі тұп-тура ЖИТС-ке шалдыққан науқастарды емдеуде, әйтеуір, тиімділігін дәлелдеген дәрілер қоспасы сияқты. Біз бастапқы формуланы түрлендіріп, оны заманауи, ғылымға негізделген терапиямен үйлестірудеміз».

«Бүгінге дейін біз «PHY906» формуласын тоқ ішек пен тік ішек, бауыр мен ұйқы безі қатерлі ісігі бар сегіз науқасты емдеуде түрлі химиотерапия дәрі мен сәуле қолдандық, – дейді Пейквин аудиторияға қарап, – «PHY906» АҚШ-та пайдаланылуына рұқсат берілген алғашқы мульти-шөпті дәрі болады деп сенеміз».

Пейквин екеуміз аса жылдам пойызбен Қытайдың «жүрегіне» қарай зулай еніп келеміз. Көлігіміз жол үстінде қалқып келе жатқандай, жүрісіміз кәдімгідей жеңіл. Терезеден ежелгі Қытай жері еміс-еміс көрінеді: қыстың сұрқай аспаны астындағы ұшы-қиырына көз жетпейтін құрақ-құрақ фермалар. Фермерлердің аты-жөндері мен орналасқан жерін жарияламау шартымен Пейквин мені емдік шөптерін алатын жерлеріне апаруға келісті.

Әскери қызметте алған жарақатын емдеу үшін Д.Хендрикс акупунк­тура мен шөпті өртеу арқылы денені қыздыратын проце­дура – моксотерапия қабылдау­­да. Сүйек шоры бар оның мойын омырт­қасындағы дисктері жылжып, миына зақым келген. Оның басы ауырып, қолдары да ұйып қала береді.

Бидай, күріш пен рапс дәндері арасында сан түрлі емдік шөп өсетін жер телімдеріне де орын бар. Бұл мыңдаған қытай үшін кәсіптің бір көзіне арналған. Шөптен жасалатын дәрілерге деген жаһандық «тәбеттің» артуына байланыс­ты қытайлық фермерлер жер телімдерінің көлемін, ыңғайы келсе, ұлғайтуға тырысып бағуда. 2017 жылы елдің медициналық шөптерді өсіру индустриясының айналымы шамамен 25 миллиард АҚШ долларын құраған.

Алайда медициналық шөптерді өсірудің машақаты өте көп. Қазіргі істеп жүрген жұмысыңызды тастап, бұл салаға көшпес бұрын әбден ойланғаныңыз абзал. Әрбір шөптің химиялық құрамы құбылып тұрады. Бұл көптеген факторға тәуелді: топырақтағы минералдар, алқаптың теңіз деңгейінен биіктігі, егістікті жинау мезгілі мен әдістері. Бұдан бөлек, кейбір қосалқы түрлер дәл бірдей көрінгенімен, химия­лық құрамы сәл өзгешелеу болып келеді.

АҚШ-тағы Ас өнімдері мен дәрі-дәрмектерін қадағалау басқармасында (қысқаша – АӨДҚБ) тек екі шөптік дәріге ғана рұқсат берілуінің бір себебі осындай қиындықтардың болуынан. Бұлардың бірі – жасыл шай сығындысынан жасалатын сүйір түймешік, екіншісі – Оңтүстік Америкада өсетін айдаһар ағашының сөлінен жасалатын іш өтуге қарсы дәрі. Екеуінің де құрамында бір ғана шөп бар, бірақ «PHY906» төрт шөптің қосындысы болып табылады. Бұл тұрақты өнім алу үшін көбірек тұрақсыз факторларды қадағалау керек екендігін білдіреді. «АӨДҚБ бекіткен құрамында түрлі шөп бар дәрілердің болмауының бір себебі де – осы машақат», – дейді Пейквин.

Ақыры біз діттеген жерімізге де жеттік. Мұнда «PHY906» өндіріледі. Аяғында әбден балшық болған етік, үстінде ауыр күртеше, басында бейсболкасы бар Чен есімді фермер классикалық қытай тілінде ғана сөйлейді. Ол iPhone ұялы телефонын шығарып, Siri-ден өзі өсіретін дақылды ағылшын тіліне аударуды сұрады. Телефоннан «Peony», яғни шұғынық деген жауап алдық.

Біз оның шұғынық пен томағашөп бұталары өскен егістік алқабын аралап жүргенімізде ол дақылдарды алмастыру, топырақ пен су анализі, шөптерді өсіру мен жинау әдістері туралы әңгімеледі. Тасымалдамастан бұрын «Сан Тэн» технологтары түр-түрімен реттелген өнімге көптеген сынақ жүргізеді. Микроағзалар, токсин мен ауыр металдарды, сондай-ақ басқа да сапалық көрсеткіштерді қайта-қайта тексеру қандай да бір қателікті болдырмау мақсатымен жасалады.

Чеңдудағы отпен емдеу процедурасында алкоголь сіңірілген мата науқастың үстіне жайылып жабылады. Ол теріні қыздырып, порларды ашу үшін керек. Мұнымен от қойылатын «сиқыр» таусылмайды. Кезек шөп араластырылған майға келеді. Буын аурулары мен басқа да кеселдерді емдеу үшін қолданылатын бұл терапия пайдасы әлі де зерттелуі керек екені сөзсіз.

«Тура фермадан келіп, үстелімізге түсті» дегенді естіген шығарсыз, – дейді Пейквин, – ал бізде «фермадан төсекке жеткіземіз» деген дұрысырақ шығар».

«Шөп-дәрілер шығаратын көптеген компания оларды мұндай фермалардан алмайды. Олар шөптерді Бочжоудан сатып алады», – дейді Чен.

Егер сіз Amazon сайтынан қытай шөптерін сатып алатын болсаңыз, олардың Қытайдың «медицина ордасы – Бочжоу» қаласынан өткен болуы ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Күн сайын бір алып ғимарат ішінде 10 000 саудагер Оңтүстік-шығыс Азияның әр бөлігіндегі 30 000 сатып алушыға түрлі өнім сатады.

Бочжоуға барғанымда таңғы уақыттың өзінде базардың ішінде адамдар араның ұясындай құжынап тұрғаны есімде. Мен шетсіз өткелдермен бір – көтеріліп, бір түсіп келемін: бір-біріне жалғасқан үңгірдей бөлмелер, әрқайсысы бөшке, қап, тұғырық пен тегершікті арбаларға толы. Мұнда құдды  кез келген тауарды табуға болатындай. Сан алуан өсімдік, түрлі-түсті минерал, жаның қалаған мақұлық дейсіз бе, не керектің бәрі бар. Солардың арасында маралдың аталық жыныс мүшесі, адам плацентасы, буйвол сүйегі мен кептірілген теңіз атбалығы секілді экзотикалық дүниелер де кезігеді. Көкөніс базарындай түгел бір блок барлық дертке дауа – адамшөпке арналыпты: қызыл, ақ, жабайы, қолда өсірілген, жаңадан жұлынған, кептірілген. Бағалары бірнеше доллардан бірнеше мың долларға дейін құбылады.

Мен мұнда дүниежүзі бойынша сатылатын Қытайдың көптеген шөп-дәрісін тегін көруге келдім. Байқағаным, мұнда әрбір ингредиентті табуға болады. Бірақ олардың қалай және қайда өсірілгені туралы білуіңіз неғайбіл. Әрине, «PHY906» үшін барлық төрт ингредиентті де оңай табамын. Бірақ оны сататындар – шөптің қайдан келгенін білмейтін делдалдар.

Чеңду Тоңрентаң дәстүрлі дәріханасындағы фармацевт қоспаларды қағаз конверттерге салынған дозаларға бөле отырып, шөптік дәрілерді салып беруде. Үйіне барған соң пациенттер оларды шаймен қайнатып ішеді.

Базардан шықпас бұрын жас марал мү­­йізі секциясы жанындағы шыны қораптағы сарғыш сұйықтық құйылған қаз-қатар шөлмектерге көзім түсті.  Сатушыдан мұның қандай ингредиент екенін сұрадым. Ол көршісіне сұрағымды аудартқаннан кейін: «Аюдан» алыңыз, өте жақсы», – деді.

Пол Айзио аюларды қатты жақсы көреді. Миннесота университетінің Visible Heart зертханасының басшысы ретінде ол аюлардың ерекше физиологиясын зерттеумен айналысады. Айзио – штаттың Табиғи ресурстар басқармасымен бірігіп, аюлардың қалай ұйықтайтынын зерттейтін топ құрған адам.

Ұзын бойлы, арықша келген, шашы жартылай ағарған Айзио аюларға қатысты жағдаяттар тізімін тез саралап шықты. Олар алты ай қозғалыссыз жатса да, денсаулығына еш зиян келмейді. Олардың тыныстауы минутына екі мәртеге дейін кемісе, дене температурасы 10 пайызға төмендейді. Мұндай жағдай адам ағзасында гипотермия тудырар еді. Олар жүйелі түрде денесіндегі майдың жартысына жуығынан айырылғанымен, бұлшық еттерін сақтай алады. Ал жүрегі 20 секундқа дейін үзіліс жасаса да, ешқашан қаны ұйымайды. Егер адам жүрегі бірнеше секунд қана кідіріс жасаса, қан ұйып қалуы әбден мүмкін. Десек те, егер әлдебір жыртқыш қауіп төндіріп, тым жақын келсе, аю апанын қорғау үшін ұйқысынан еркін ояна алады. «Оның жүрегіне ешбір зиян келмейді», – дейді Айзио.

Қытай әдебиетіндегі аюдың өті туралы ең алғашқы жазбалар XVI ғасырдан қалған «Қызметкердің медициналық құпиялары» деп аталатын 40 томдық трактатта кездеседі. Мұнда аюдың өтін бауыр ауруын, сондай-ақ геморрой мен басқа да кеселдерді емдеуге пайдалануға болатындығы жазылған. 1902 жылы шведтің бір ғалымы аю өтіндегі химиялық элементті изоляциялап, кейіннен оны «урсодезоксихолды қышқыл» деп атады. Қазір ол бауыр ауруы мен бүйрек тасына қарсы дәрілердің құрамында бар.

Бірақ Айзио мен басқа зерттеушілер бауыр өндіретін, өт қабында сақталатын әрі қан айналымындағы гормон болып жасырынған аю өтінде талай сыр бар деп сенеді. Олар бірқатар терапияларды, соның ішінде бұлшықет дистрофиясы мен төсекке таңылған науқастарды емдеудің әдістерін табуды көздеп отыр.

Йельдегі Чеңнің зерттеу тобы мына Ganoderma tsugae саңырауқұлағын зертханада өсіріп шығарды. Оның жануарлардағы колоректалді ісіктерді кішірейтетіні анықталды. «Қытайлықтар шөпті ғасырлар бойы пайдаланып келеді, – дейді Чең, – ғалымдардың жұмысы – қай формула тиімді әрі неліктен солай екенін анықтау».

Ол ұйқы шақыратын және жүрегі ауыратын науқастарға көмектесуі мүмкін өт компоненттерінің үш класын анықтады: майлы қышқылдар, өт қышқылдары мен дельта опиоидтер. Доңызға жасалған сынақ кезінде ол жүректі суырып алғанға дейін оның айналасындағы қорғаушы мембранаға осы синтетикалық қоспа бар инені салады. Бұл соғып тұрған жүректі осы қоспамен қаптау үшін керек еді.

«Егер жүректі 24 сағат бойы сақтай алатын болсақ, оны әлемнің кез келген жеріне апаруға болар еді, – дейді Айзио, – ал бұл органдардың қолжетімділігін айтарлықтай арттырар еді».

Мен одан: «Қытайлықтардың аю өтін ішу тәжірибесінің, шынымен, дертке дауасы бола ма?» – деп сұрадым. Ол: «Мүмкін», – деп, оның құрамында химикаттар қанға араласып, жүрек пен өзге органдардан өтетінін атап айтты. Ол өт құрамындағы химикаттарды синтездеуге болатынын айта келе аюларды өтіне бола фермада асырау ісін құптамайтынын аңғартты. Бірақ ғылымның аты – ғылым. Ежелгі қытайлар аю өті адамға қалай көмектескенін түсінбесе де, олар оның пайдасын байқаған.

Қолымдағы шошқа жүрегінің қағысы баяулап бара жатқанын сеземін. Ақыры ол тоқтады. Доңыз бірнеше сағат бұрын өлген. Енді оның жүрегі де тоқтады. Бейнебір балықшының қолына түскен махи-махи балығындай жүрек солып бара жатыр. Бұл мақұлықтың жылтыраған сары реңі өліп бара жатып, өшіп қалатыны бар. Қазір ғана кетіп қалған нәрсе қытайлардың «ци» деп айтқаны ма екен деп ойладым.

Ауруханада көз жұмған әкем есіме түсті. Асқар тауымның жүрегі қолынан ұстап тұрған кезімде тоқтап қалған болатын. Кенет кеуде қуысымда дүрсілдеп тұрған өз жүрегімді сездім. Онда басқа қандай құпия бар екен?

Автор: Питер Гвин, фото: Фриц Хоффманн


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0

Рахмет саған келімсек!

$
0
0

Іскер иммигранттар АҚШ-тың дамуына бұрыннан үлес қосып келеді: Fortune журналы шығарған қорытындыға сәйкес 2018 жылдың ең табысты 100 компанияның 44-інің іргетасын қалауда келімсектердің бірінші мен екінші буыны аса маңызды рөл атқарған. Олардың арасында Apple мен Amazon сияқты инноваторлардан бастап, AT&T мен Procter & Gamble секілді тұрақтылығымен ерекшеленетін алыптарға дейінгі компаниялар бар.

Иммигрант арманынан туған дүние

Шеңберлер 2017 жылғы кіріс мөлшері бойынша АҚШ-тағы 100 үздік компанияны көрсетеді. Түрлі түспен берілгендерінің құрылтайшылары не қосалқы құрылтайшылары – иммигрант, не болмаса олардың АҚШ-та туған балалары. Олардың ішінде ерекше көзге түскендері тізімге еніп отыр.

Автор: Шон Макнотон мен Келси Новаковски


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Viewing all 593 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>